Бағдаршам Топтың ұраны

Кіріспе және ашылу сөзі

Жүргізуші: Құрметті оқушылар, қонақтар және ұстаздар! Бүгінгі «Жол тәртібін жадыңда ұста» атты жиынымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Өлең жолдары

Шуақты өміріміз күндей күліп,
Жүректе бүршік атып, гүлдейді үміт.
Арманға сапар тарту мүмкін емес —
Жол жүру ережесін білмей тұрып.

Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да —
Жол жүру ережесі — заңды тәртіп,
Ол ортақ үлкен-кіші баршамызға!

Жалғайтын, достастырып бар елменен,
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға
Жиынымыз басталсын сәлемменен.

Жүргізуші: Бүгін қонаққа жол полициясының қызметкері келіп отыр. Сөз кезегін ұсынамыз.

Жүргізуші: Жолда жүру ережелері туралы құнды мәлімет бергеніңіз үшін үлкен рақмет!

Топтар таныстырылымы

I топ — «Бағдаршам»

Ұраны:

Тоқта! Сақтан! Жол ашық! Жүрме жолға таласып.

II топ — «Жол белгілері»

Ұраны:

Үйрен, таппай тыным бір — белгілердің тілін біл!

III топ — «Жүргізуші»

Ұраны:

Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік!

IV топ — «Қиылыстар»

Ұраны:

Басталар әр қиылысың аттауменен, жолда жүру ережесін сақтауменен.

Хор: «Бағдаршам».

I топ — «Бағдаршам»: шығу тарихы

1-оқушы: Балалар, бағдаршамды кім ойлап тапқанын білесіңдер ме? Ендеше тыңдап көрейік.

2-оқушы: Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болды. Оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған.

3-оқушы: Оны көше қиылысына ыңғайлап қайта жасаған ағылшын инженер-механигі Д. Найт еді. Ол 1868 жылы Лондондағы парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты.

4-оқушы: Әуелде түрлі түсті сигналдар қайыс берілістің көмегімен ауыстырылып отырды. Кейін аппараттың ортасына газ шамы орнатылды.

5-оқушы: Өкінішке қарай, бірде газ жарылып, кезекте тұрған полицей қаза табады. Осы оқиғадан кейін бағдаршам мәселесі жарты ғасырға жуық ұмыт қалады.

6-оқушы: Тек 1914 жылы Америкадағы Кливленд қаласында, кейін Нью-Йорк және басқа қалаларда қайта пайда бола бастады. Бұл жолы олар электрлі болды: алғашында екі-ақ түс — қызыл және жасыл.

7-оқушы: 1918 жылдан бастап қана үш түс қолданыла бастады.

8-оқушы: Кеңес Одағында алғашқы бағдаршам 1924 жылы Мәскеудегі Кузнецк көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысында орнатылды.

II топ — «Жол белгілері»: белгілер тілі

1-оқушы:
Үйрен, таппай тыным бір —
Белгілердің тілін біл.
Егер оны білмесең,
Тартар жолың бұлыңғыр.

Ескерту белгісі

2-оқушы: Өзі қызыл, үшбұрышты — ескертудің өзі мен болам. Алда қауіпті жағдай барын хабарлаймын. Маған қараған жүргізуші де, жаяу жүргінші де жолын дұрыс таңдап, сақ жүреді.

Тыйым салу белгісі

3-оқушы: Мен әрқашан тыйым салып тұрамын: алда тұрып, бір адым да жібермеймін. Түсім қызыл, өзім шеңбермін. Енді сұрағың бар ма?

Қауіп-қатерді ескерту

4-оқушы: Мен белгімен жылдамдық бағытын да, бұрылыс пен шұңқырды да, қатер мен қауіпті де көрсетемін. Сондықтан бәрі мені тез таниды.

Ақпараттық белгі

5-оқушы: Баратын сапардың бағытын, қашықтығын, аялдамасын үн-түнсіз көрсетіп тұрамын. Күндіз де, түнде де көрінемін: көгілдір түсті төртбұрышпын.

III топ — «Жүргізуші»: қауіпсіздік қағидалары

1-оқушы: Жол ережесін білу — өмірімізді қауіптен, жазымнан сақтайды.

2-оқушы: Оның мәнін түсініп, жол ережесін орындау — баршамызға қажет.

Көлікте өзін ұстау

3-оқушы:
Көлікке артқы есіктен мінгін,
Дәл осы бір сәттен құлағыңды тіккін.

4-оқушы:
Кезекте тұрып артқы есіктен кіргін,
Түсетін жеріңде алдыңғы есікті білгін.

IV топ — «Қиылыстар»: жолдағы тәртіп

1-оқушы:
Жолдар қиылысында
Қалтарысып қысылма.
Көлденеңнен жол болса,
Кібіртіктеп тоспа оны.

2-оқушы:
Бос болмаса алайда —
Сақтық жаса, абайла.
Қалмас үшін соқтығып,
Ол өткенше тос тұрып.

3-оқушы:
Ирек-ирек көшелер,
Көше деген мың ирек.
Қиындыққа қарамай,
Үйренесің біртіндеп.

Ойын: «Бағдаршам»

Жүргізуші: Ойын жүргізушісі алдын ала дайындаған үш түсті көрсетіп, оқушылардың қаншалықты жинақы екенін байқайды.

Жасыл

Жасыл түс көрсетілсе, балалар жүргендей болып, бір орында аяқтарын қозғалысқа келтіреді.

Сары

Сары түс көрсетілсе, бәрі бірдей қол шапалақтайды.

Қызыл

Қызыл түс көрсетілсе, оқушылар қимылсыз тұрып қалады.

Еске сақтайық

Қызыл көзін ашқанда —
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда —
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда —
Өте бергін, жасқанба!

Қорытынды сөз

Мұғалім: Қымбатты қонақтар, ұстаздар және оқушылар! Бүгін оқушылар жолда жүру ережелерімен таныстырылды.

Жеке тапсырма

Әр оқушы «Менің үйден мектепке дейінгі жолым» атты сызбаны жасап, күнделіктің бірінші бетіне жапсырды (немесе салып қойды).

Шығармашылық жұмыс

Жол қауіпсіздігіне арналған тәрбие сағаттары өткізілді. Оқушылар суреттер салып, макеттер жасап, жолда жүру айлығына белсенді қатысты.

Негізгі үндеу

Жолда жүру ережесін әрқашан есте сақтап, бұлжытпай орындап, сақ жүріңдер!