Дауыссыз дыбыстардың ерекшелігі

Сабақтың тақырыбы

Дауыссыз дыбыстар

Сабақтың типі

Жаңа сабақты түсіндіру

Сабақтың түрі

Дәстүрлі

Пәнаралық байланыс

Қазақ әдебиеті

Сабақтың әдіс-тәсілдері

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Жаттығу
  • Салыстыру

Көрнекіліктер

Тақырыпқа байланысты кесте, үлестірмелер.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың дыбыстар туралы лингвистикалық білімін кеңейту, жаттығу жұмыстары мен қосымша тапсырмалар арқылы бекіту.

Тәрбиелік

Оқушыларды адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық

Дауыссыз дыбыстардың ерекшеліктерін ажырата алу дағдыларын жетілдіру, деңгейлік тапсырмалар арқылы логикалық ойлау және талдау қабілеттерін дамыту.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушылармен сәлемдесу.
  2. Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
  3. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II. Жаңа сабаққа дайындық

  1. Оқушыларға сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау.

Жаңа тақырыпты түсіндіру

Өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырап шығуынан жасалатын дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз. Дауыссыз дыбыстарды айтқанда өкпеден шыққан ауа сөйлеу мүшелеріне соқтығысып, салдыр пайда болады. Сондықтан дауыссыз дыбыстарда үн болмайды немесе өте аз болады.

Дауыссыз дыбыстар

б, в, г, ғ, ң, қ, һ, й, ц, к, н, ш, з, х, ф, п, р, л, д, ж, ч, с, м, т, (у).

Ескерту: Щ — дыбыс емес, әріп. Ол созылыңқы (қос) ш дыбысының таңбасы.

Түсінікті тексеру

Оқулықпен жұмыс

  • 261-жаттығу (ауызша): мәтінді оқып, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратыңдар.
  • 262-жаттығу: берілген сөздерге көрсетілген жұп дауыссыздардың тиістісін жазыңдар.

Жаңа сабақты бекіту: перфокартамен жұмыс

Төмендегі сөйлемдер бойынша дауысты/дауыссыз дыбыстар санын және дауыстылардың түрлерін анықтаңдар.

Сөйлем Дауысты Дауыссыз Ашық Қысаң Жуан Жіңішке Еріндік Езулік
Шешесі жалғыз болғандықтан, Айсұлу жылдың басында сырттай оқуға ауысқан еді.
Ауыл ұйқыға кетісімен, уәделі жерге келдім. (Ж. Саин)
Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың айырмасы не екенін ұға алмады. (М. Әуезов)
Кісі неғұрлым көп болса, канал соғұрлым тез бітеді. (С. Мұқанов)
Қалжыңы мен күлкісі араласып, шай өте көңілді ішілді.

Деңгейлік тапсырмалар

I деңгей

Негізгі
  1. Дауыссыз дыбыстарды ретімен жазып шық.
  2. Мәтіннен дауыссыз дыбыстардың астын сыз:

Абай — өз заманының жаршысы. Оның шығармалары — сол заманның шежіресі. Оларда сол кездегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі барлық ерекшеліктерімен, тек өзіне ғана тән белгі-бедерімен, өзіндік бояу өрнектерімен мейлінше айқын да толық бейнеленген.

(Ж. Смағұлов)

II деңгей

Орта
  1. Дауыссыз дыбыстардың дауысты дыбыстардан айырмашылығы неде?
  2. Дауысты дыбыстардың салдыр мен үннің қатысына қарай бөлінуін жазып шық және мәтіндегі дауыссыз дыбыстарға фонетикалық талдау жаса:

Адамның бір атаның балалары екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз.

III деңгей

Күрделі
  1. Жұп дауыссыздарды жазып, мысал келтір.
  2. Қазақ тілінде қанша дыбыс, қанша әріп бар?
  3. Төмендегі сөздерге фонетикалық талдау жаса және дыбыс болмайтын әріптерді тап: қою, қоян, ноян, фельетон, стиль, аю, кею.

Сабақты қорытындылау

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындау сапасына қарай бағалау жүргізіледі.

Үй тапсырмасы

  1. Дауыссыз дыбыстар туралы түсінікті қайталау.
  2. 265–270-жаттығуларды орындау.