Құмырсқалар илеуін құрғақ жерге салса, жауын
Халықтық ауа райын болжау: Ұлы Дала тәжірибесі
Әлбетте, халқымыз табиғат тылсымын бағзы заманнан-ақ танып, оны тұрмыс-тіршілігінің өзегіне айналдыра білген. Далалық өмірдің жазы-қысы бірдей сын болған кезеңдерінде жұрт өз өлкесінің табиғи ерекшелігі мен «тілін» терең меңгерді: айсыз түнде жұлдызға қарап жол тапты, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап бағыт бағдарлады, құс, жан-жануар және жәндіктер тіршілігін бақылап, ауа райын күні бұрын болжады.
Ескерту: белгіні дұрыс түсіну
Кейде адамдар жануардың әрекетін «жамандық шақыру» деп қабылдап, орынсыз ұрысып жатады. Шын мәнінде, жануар табиғаттағы өзгерісті алдын ала сезіп, хабар беріп тұр.
Мысыққа байланысты болжамдар
Мысық босағаны немесе ағаш тіреуді тырналап, мазасызданса — ауа райы қатты бұзылады: жел тұруы мүмкін, кейде боранға ұласады. Мұндайда мысықты жазғыру дұрыс емес: ол боран «шақырып» тұрған жоқ, өзгерісті сездіріп тұр.
Мысық керіліп, ұйқыға беріле түссе — ұзақ уақыт бойы күн райы жайлы болады.
Үй құстары мен түз құстарының ишаралары
Тауық, әтеш
Тауық биікте қонақтаса — жаңбыр болады. Қыста ерте қонақтаса — күн суытады.
Тауық жерге аунап, қанатын қағып тазаланса — жаңбыр жауады.
Жаңбыр сіркіреп тұрғанда тауықтар далада жем іздесе — «ақ жаңбыр» болады, яғни жауын ұзаққа созылады.
Әтеш қыстыгүні бір аяғын көтеріп тұрса — аяз болады. Жаңбырлы күні таң ата шақырса — күн ашылады.
Үйрек, қаз
Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса — аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе — аяз қайтады.
Қыста қаздар қаңқылдаса — жылымық болады; аяқтарын бауырына тығып, жата қалса — күн суытады немесе боран тұрады.
Қаз бен үйрек суға шомылып, қиқулап, қанаттарын қомдап мазасызданса — ауа райы бұзылады.
Түз құстары
Қызылқаз (қоқиқаз) былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа — жазда құрғақшылық болады; ұяны жөндеп, биіктетсе — жаз жаңбырлы келеді.
Құстар ертемен жем іздеуге асықса — алда жауын-шашын көбейеді.
Көкектің «ку-ку» даусы жиі естілсе — алдағы күндер ашық болады.
Шағалалар өзен не теңіз бетінде ұшып жүрсе — күн ашық; жағалауда, жиекте жүрсе — күн бұзылады.
Бозторғай ән салса — күн ашық; өзі көрінсе де үнсіз болса — жауын жауады.
Қарлығаштар биіктеп самғаса — күн ашық; төмендеп ұшса — жаңбыр жауып, жел тұрады.
Жәндіктер арқылы болжау
Құмырсқа
Қатты жел не дауыл алдында құмырсқалар әбігерленіп, мазасызданады.
Илеуін құрғақ жерге салса — жауын болады; дымқыл жерге салса — жазда құрғақшылық белгісі.
Илеудің аузын бекітсе — ұзақ жаңбыр болады.
Илеуін биіктеу жерге салса — су тасқыны болуы мүмкін немесе қатты жауыннан су деңгейі көтеріледі.
Қара қоңыз, бал арасы
Қара қоңыз тығылатын жер іздей бастаса — көп ұзамай жаңбыр жауады.
Бал аралары топтанып, шырын жинауға аттанса — күн ашық; ұясынан ұзамаса — ауа райы өзгереді.
Ара жұмысты ерте бастап, кеш аяқтаса — жауын-шашын ұзаққа созылады. Ал ұядан шықпай, ызыңдап отырса — жақын арада жаңбыр жауады.
(Жалғасы бар)
Әзірлеген: Бегімхан Керімханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі