Ойынның ережесін түсініп, мұғалімнің нұсқауы бойынша қабілетін дамыту
Алматы қаласы • Әуезов ауданы • №72 жалпы білім беретін мектеп
Педагог-психолог: Жолдасова Жадыра Мұратқызы
2-сынып оқушыларының қарым-қатынастағы қиындықтарын ойын арқылы түзету
Бұл жұмыс оқушылардың өзара қарым-қатынас мәдениетін нығайтуға, сынып ішіндегі жылылық пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Ойындар арқылы балалардың ашық сөйлесуі, бірін-бірі тыңдауы, әділдік пен достық құндылықтарын ұстануы қалыптасады.
Негізгі мақсат
Оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсарту; адалдыққа, достыққа, шыншылдыққа және тәрбиелікке баулу; ұсақ қол моторикасын дамыту.
Түзету мақсаты
Танымдық үдерістерді дамыту: есте сақтау, логикалық ойлау, жалпы және ұсақ моториканы қалыптастыру; ойын ережесін түсініп, мұғалім нұсқауы бойынша әрекет ету дағдысын бекіту.
Қажетті құралдар
- АКТ
- A4 форматтағы қағаздар
- Қалам
- Түрлі түсті макарондар
Сабақ барысы
Топ ережелері
- Құпиялылық: әр қатысушының айтқаны топ ішінде қалады.
- Тыңдаймыз: бір-бірімізді тыңдаймыз, сөзді бөлмейміз.
- Белсенділік: тапсырмаларға ықыласпен қатысамыз.
- Құрмет: бір-бірімізге ренжімейміз, «қазір және осында» қағидасын ұстанамыз.
I. «Менің есімімді ата» жаттығуы
Танысу • Жылы байланысМақсаты: топқа қатысты жағымды сезімді дамыту.
Нұсқау: кішкентай доп шеңбер бойынша беріледі. Допты ұстаған оқушы өз есімін айтады. Доп барлығына тигеннен кейін, екінші айналым жасалады: әр қатысушы тренинг барысында қолданатын есімін айтып, таратылған парақшаға жазып қояды.
II. «Мен — күнмін» тренингі
Өзін-өзі бағалауМақсаты: оқушының өзіне сенімділігін арттыру; сыныптың ынтымағын бақылау; ұлдар мен қыздар арасындағы достық пен өзара сыйластықты байқау.
Нұсқау: оқушы күннің суретін салып, ортасына өз есімін жазады. Әр сәулеге өзі жақсы көретін қасиеттерін (мейірімді, көмектескіш, батыл, т.б.) жазады.
III. «Шатасқан жылан» жаттығуы
Командалық жұмысМақсаты: топтың бірігуіне ықпал ету.
Нұсқау: қатысушылар қатар тұрып, бір-бірінің қолынан ұстайды. Қатар «жылан» деп аталады: шеткі екі оқушы — «басы» мен «құйрығы».
Бір оқушы уақытша дәлізге шығады. Қалғандары қолды жібермей, бір-бірінің астынан және үстінен өтіп, «жыланды» шатастырады (оралымдар, ілмектер құрайды).
Соңында «бас» пен «құйрық» бос қолдарын жасырады, бірақ бір-бірімен қол ұстаспайды. Дәліздегі оқушы келіп, жыланды тарқатуға тырысады.
IV. «Жүретін орындықтар» жаттығуы
Кеңістікте бағдарлауМақсаты: кеңістікте бағдарлау икемділіктері мен дағдыларын дамыту.
Нұсқау: ойынға 3–4 оқушы қатысады. Үлкен бөлмеде қатар қойылған орындықтардың екі жағынан ұстап, музыка басталғанда алға қарай жылжиды. Бір-біріне кедергі жасамай, итермей, музыка ырғағына сай бірде баяу, бірде жылдам қозғалып, белгіленген межеге жетуі керек.
V. «Төрт өлең» сергіту сәті
Зейін • Қимыл үйлесіміМақсаты: есту талдағышымен байланысты қимыл-қозғалыс талдағыштарын дамыту.
Сөз
Жер
Қолды төмен түсіреді.
Сөз
Су
Қолды алға көтереді.
Сөз
Ауа
Қолды жоғары көтереді.
Сөз
От
Саусақ буындарын айналдырады.
Барысы: оқушылар шеңбер бойымен отырады. Жетекші сөздерді айтады, ал қатысушылар сәйкес қимылды тез әрі дәл орындайды.
VI. Коллаж: «Менің бойтұмарым»
Ұсақ моторика • НақтылықБарысы: түрлі түсті макарондарды жіпке тізіп отырып, ішімізден жақсы тілек тілейміз. Әр оқушы өз бойтұмарын құрастырады.
VII. «Айна» жаттығуы
Эмпатия • СенімМақсаты: өзара жақындасуға ықпал ету, сыныптастардың бірін-бірі бағалауына жағымды әсер ету.
Нұсқау: ортаға екі оқушы шығады. Бірі — «айна», екіншісі — «айнаға қараушы». «Айна» қарсысындағы оқушының қимылын, мимикасын мүмкіндігінше дәл қайталайды.
Қорытынды
Сабақ соңында психолог оқушылармен бірге құм терапиясын жүргізеді. «Құмнан — менің әлемім» тақырыбында жұмыс жасай отырып, әр бала өз ішкі сезімін қауіпсіз ортада бейнелеуге мүмкіндік алады.