Сабақты қорытындылау, оқушыларды бағалау
Сабақтың мақсаты
Білімділік
«Сөзжасам» тарауын қайталау арқылы сөзжасам туралы жалпы мағлұмат беру, сөзжасамның жасалу жолдары бойынша алған білімді пысықтау, мысалдармен дәлелдеуге үйрету.
Дамытушылық
Тақырыпты жүйелі, ғылыми негізде меңгеру дағдыларын жетілдіру; шығармашылықты, ойлау мен қиялды дамыту; ой қорытып, нақты шешім қабылдауға үйрету; өзіне сенімділікті арттыру.
Тәрбиелік
Оқушыларды тілдік-эстетикалық сезімге тәрбиелеу; ұшқырлыққа, алғырлыққа, жауапкершілік пен ұқыптылыққа баулу.
Сабақ туралы мәлімет
- Сабақтың түрі
- Қайталау сабағы.
- Сабақтың типі
- Игерілген білімді пысықтау.
- Сабақтың әдістері
- Сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау.
Көрнекілігі және байланыс
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта, слайдтар, сызбалар
- Үлестірмелі қағаздар
- Киіз үй макеті, ұлттық нақыштағы оюлы себет
Пәнаралық байланыс
Халықтық педагогика, психология, әдебиет, математика.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу, сабаққа зейінін аудару.
Сабақ сайыс түрінде өтеді, сондықтан оқушылар үш топқа бөлінеді: Түбір, Жалғау, Жұрнақ.
Бағалау үшін геометриялық фигуралар қолданылады: шеңбер, тіктөртбұрыш, үшбұрыш.
II. Үй тапсырмасын тексеру
33-жаттығу: берілген омонимдерді қатыстыра отырып сөйлем құрау.
Бас
1) зат есім
2) етістік
Жаз
1) зат есім
2) етістік
Ара
1) зат есім
2) зат есім (басқа мағынада)
Жауап берген оқушыларға жауабының сапасына қарай геометриялық фигуралардың бірі үлестіріледі.
III. Өткен сабақты пысықтау (сөзжасам)
«Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз».
Сөзжасам — жаңа сөздердің жасалу үдерісі.
- ой + -ла → ойла (іс-әрекетті білдіретін жаңа сөз)
- мал + -шы → малшы (малды бағатын адам)
- бес + атар → бесатар (мылтық атауы)
- кәрі-жас (қосарлану арқылы: «бүкіл жұртшылық» мағынасы)
Сөздердің түрлері
Қазақ тіліндегі сөздер түбір сөз және туынды сөз болып бөлінеді. Жоғарыдағы мысалдар — туынды сөздер.
Түбір сөз — сөздің бастапқы мағынасы: ой, мал, бес, ат, кәрі, жас.
Жасалу тәсілдері
- Жұрнақ арқылы
- Екі сөзді біріктіру арқылы
- Екі сөзді қосарлау арқылы
- Екі сөзді тіркестіру арқылы
Қос сөздер
Екі сөз қосарланып, бір лексикалық мағына берсе, ондай бірліктер қос сөз деп аталады. Қос сөздің сыңарлары мағыналық жағынан байланысады; бір тектес зат атауларынан, синонимдерден, кейде антонимдерден де жасалады.
Біріккен сөздер
Екі не одан да көп сөз бірігіп, жаңа лексикалық мағына берсе, олар біріккен сөздер деп аталады.
Тіркескен сөздер
Тіркесу арқылы жасалған сөздер екі не одан да көп сөзден құралады, бір екпінмен айтылады және бір ғана лексикалық мағынаны білдіреді. Мұндай күрделі сөздердің әр сыңары бөлек жазылады.
Қысқарған сөздер
Күрделі атаулардың белгілі тәсілмен қысқартылып алынуын қысқарған сөздер дейді. Мемлекет, мекеме, ұйым атаулары бірнеше сөз тіркесінен құралғандықтан, қысқартылып та қолданыла береді.
Жіктелім: тұлғасына және құрамына қарай
Тұлғасына қарай
- Түбір (негізгі) сөз: дана, ой
- Туынды сөз (қосымшалы): дана+лық+қа, ой+лы
Құрамына қарай
- Дара сөз: әке, даналықты, ойлылыққа
- Күрделі сөздер: қос сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз, тіркесті сөз
Жұрнақ
- Сөз тудырушы: тарих+и, көшпе+нді
- Сөз түрлендіруші: жаз+ып, жаз+ған, үлкен+ірек, бес+інші
Жалғау
- Көптік: оқушы+лар
- Септік: оқушы+ның, оқушы+ға
- Жіктік: оқушы+мын, оқушы+сыз
- Тәуелдік: оқушы+м, оқушы+ң
IV. Оқулықпен жұмыс
36-жаттығу: жоғарыдағы сызбаны еске түсіріп, әр түрге мысал келтіріңдер.
| Түрі | Мысал |
|---|---|
| Түбір сөз | шешен |
| Туынды сөз | шешен+дік |
| Қос сөз | ағалы-інілі |
| Біріккен сөз | Айнұр, Нұрай |
| Қысқарған сөз | Ұжымшар, ҰБТ, ТКТ |
| Тіркескен сөз | дайындалып отыр, он бес, өте кең |
37-жаттығу: түбір мен қосымшаны бөліп көрсетіңдер.
Ел, елші, елу, елім, көр, көрші, көйлек, көйлекшең.
V. «Ұлағат» ойыны
Шарты: әр топтан кезекпен үш оқушы шығып, киіз үй қобдишасынан үлестірмелі қағаз алады да, сұрақтарға жауап береді.
- 1. Сөзжасам дегеніміз не?
- 2. Сөздер құрамына қарай нешеге бөлінеді?
- 3. Дара сөздер дегеніміз не? Мысал келтір.
- 4. Күрделі сөздер дегеніміз не? Мысал келтір.
- 5. Күрделі сөздер жасалу жолына қарай нешеге бөлінеді?
- 6. Біріккен сөздер дегеніміз не? Мысал келтір.
- 7. Қос сөз дегеніміз не? Мысал келтір.
- 8. Қысқарған сөздер дегеніміз не? Мысал келтір.
- 9. Тіркескен сөздер дегеніміз не? Мысал келтір.
VI. Шығармашылық жұмыс
Ұлттық нақыштағы оюлы себетте үш мәтін беріледі. Мәтіндерді оқып, ішінен күрделі сөздерді тауып, семантикалық картаны толтырыңдар.
№1 мәтін
Жәндіктердің ең улысы әрі қауіптісі — қарақұрт. Ол шөл және шөлейт жерлерде, сай-жыраларда, адырлы жоталарда, жусанды өңірлерде көп кездеседі. Қарақұрт үйге кіріп, төсек-орынға тығылады да, жанасқан жанды шағып алады. Шаққаны бірден сезілмейді: еш жерің ауырмайды. Біраз уақыт өткеннен кейін у денеге жайылып, адам есінен танады. Қарақұрт шаққанын білген бойда шаққан жерді сіріңкемен күйдіру керек. У шаққан жерден 0,5 миллиметрден әрі сіңбейді. Егер жиырма-отыз минуттай кешіксе, у бүкіл денеге тарап кетеді де, бұл әдіс әсер етпейді. Қарақұрттың уы — май тәрізді еритін сұйықтық. Оны алпыс градусқа дейін қыздырса, уыты жойылады.
(«Жыл он екі ай» кітабынан)
№2 мәтін
Сағындырған туған жер. Анау көрініп тұрған төскейдің сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі — барлығы да соншалық таныс, жақын. Тіпті былтыр боқырауда, күзеу үстінде қалаға оқуға кеткенде, дәл осы қоныстан — Есембайдан аттанған болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған, құрбы балалармен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы ыстық қоныс осы еді. Қыс бойы ауылды, елді сағынғанда, есінен кетпейтін соңғы күндері де дәл осы Есембайда өткен… Жазықсыз сары бел, көкшіл қоныс, ақ көделі әдемі өлке мұнарланады… Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды… Тіпті қойныңа тыққан ұры-мырыңмен де «жатсың, бөтенсің» демеймін деп қарағандай… Жер ошақтардан шыққан түтін де біріне-бірі қосылып, тұтас көкшіл мұнардай тарайды.
(М. Әуезов)
№3 мәтін
Үй ішіне еркек-әйел, ауыл адамдары сыймай кетті. Шашу шашқан әйел — Сақыш. Сақыш — Дінасылдың өзі әперген Әуездің екінші әйелі, Арынбек, Қасымбек, Ағзам, Ахметтің анасы. Сақыш — орта бойлы қарасұр әйел. Жасы қырықтың бел ортасынан асып қалғанымен, жүріс-тұрысы жинақы: келін-балаларына қысқа-қысқа әмір ете жүріп, үйдегі бар жұмысты басқаруға кірісті. Шашу шашылып, ду-дүрмек молайған кезде де Мұхтар момын, сылбырлау күйінен өзгере қойған жоқ. Тек шашу шашылып болған соң, өзін ұшықтаған әжесіне: «Әже, мен ауырған жоқпын ғой, неге ұшықтайсың?» — деді. «Ой, шіркін, сен не білесің?! Абай атаңды аузыңнан тастамасаң, ол жебеп, демеп жүреді», — деді әжесі. Қасымбектің осы сапарда қаладан алып келген сөмкесін қолына ұстап, әжесінің үйретуі бойынша оң аяғымен табалдырықтан аттады. Осы сәтті бағып тұрған әжесі: «Бісміллә!» — деп, баласының соңынан ілесе шықты.
(Қ. Оразалин)
Семантикалық карта
| Күрделі сөз | Қос сөз | Біріккен сөз | Қысқарған сөз | Тіркескен сөз |
|---|---|---|---|---|
Тапсырма: мәтіндерден табылған сөздерді тиісті бағандарға орналастырыңдар.
VII. Қорытындылау және бағалау
Сабақ қорытындыланып, оқушылар сайыс барысында жинаған геометриялық фигуралар саны мен сапасына қарай бағаланады.
VIII. Үй тапсырмасы
- 1) 41-жаттығу: мәтіннен сөзжасамға қатысты сөздерді екі топқа бөліп жазыңдар: 1-топ — жұрнағы бар сөздер, 2-топ — жалғауы бар сөздер.
- 2) Күрделі сөздерді қатыстырып, «Мемлекеттік рәміздер» тақырыбында шығарма жазу.