Екі санның бөліндісін табуға программасын құру

Сабақ туралы мәлімет

Мектеп

Арыс қаласы, Аманкелді атындағы жалпы орта мектебі

Пән мұғалімі

Информатика пәні мұғалімі: Алмахан Балжан

Сабақтың тақырыбы

Pascal программалау тілі

Сабақ форматы

  • Типі: Жаңа білімді меңгерту
  • Түрі: Аралас сабақ
  • Әдісі: Түсіндіру, сұрақ-жауап

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Pascal программалау тілі және оның негізгі элементтері туралы түсіндіру. Pascal ортасында жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.

Дамытушылық

Жылдам ойлау, ұтымды жауап беру, жүйелі әрі еркін сөйлеу дағдыларын дамыту және пәнге қызығушылықты арттыру.

Тәрбиелік

Компьютермен жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау, ұқыптылық, еңбекқорлық және ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Компьютер және құрылғылары
  • Интерактивті тақта
  • Тірек-сызбалар

Пәнаралық байланыс

Физика Математика Ағылшын тілі

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
  2. 2Оқушылардың құрал-жабдықтарын тексеру.
  3. 3Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. Алгоритм мен программаның ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай?
  2. Сызықтық алгоритм дегеніміз не?
  3. Алгоритмдердің түрлері қандай?

III. Жаңа сабақты түсіндіру: Pascal тіліне кіріспе

Pascal тілін 1968–1971 жылдары швейцариялық ғалым Никлаус Вирт қолайлы оқу және құрылымдық программалау тілі ретінде ұсынды. Кейін тіл стандарты бекітіліп, ол сол кезеңдегі кең таралған ALGOL, FORTRAN, BASIC тілдеріне қарағанда жетілдірілген әрі қолдануға ыңғайлы болды.

Pascal тілінде жазылған программаның дұрыстығын тексеру және қателерін түзету салыстырмалы түрде жеңіл. Қазіргі таңда Pascal — күрделі есептерді шығаруға мүмкіндік беретін кең таралған оқу тілі.

Pascal программасының негізгі құрылымы

Pascal тіліндегі программа әдетте 3 бөліктен тұрады:

  • Тақырып (PROGRAM сөзінен басталады)
  • Сипаттау бөлімі (айнымалылар, тұрақтылар, типтер және т.б.)
  • Операторлар бөлімі (begin ... end)

Құрылым үлгісі

program Bastau;
  { Сипаттау бөлімі }
begin
  { Операторлар бөлімі }
end.

Сипаттау бөлімі

Сипаттау бөлімінде программада қолданылатын айнымалылар, тұрақтылар және олардың типтері (мысалы, бүтін, нақты, мәтіндік) жарияланады.

Операторлар бөлімі

Операторлар бөлімінде орындалатын негізгі әрекеттер мен командалар жазылады. Бұл бөлім begin сөзінен басталып, end сөзімен аяқталады.

Негізгі ұғымдар

Деректер
Сандық мәндер мен мәтін түріндегі мәндерді қабылдайтын тұрақтылар, айнымалылар және басқа да құрылымдар (немесе олардың адрестері).
Дерек енгізу
Бастапқы деректерді пернетақтадан, дискіден немесе енгізу-шығару порттары арқылы енгізу.
Операциялар (амалдар)
Мәндерді меншіктеу, өңдеу және салыстыру әрекеттері.
Нәтиже шығару
Аралық немесе қорытынды мәліметтерді экранға, дискіге немесе енгізу-шығару порттарына жазу.
Цикл
Белгілі бір шарт орындалғанда (немесе орындалмағанша) командалар тізбегінің бірнеше рет қайталанып орындалуы. Қайталау саны көбіне бүтін санмен беріледі.

IV. Тапсырмалар (сыныпта орындау)

1) Радиусы 5 см шеңбердің ауданын есептеу

Шешімі (үлгі программа):

program Shenber;
const
  pi = 3.14159;
var
  s, r: real;
begin
  r := 5;
  s := pi * sqr(r);
  writeln('r = ', r, ', S = ', s);
end.

2) Ені 3 см, ұзындығы 5 см тіктөртбұрыштың ауданын есептеу

Шешімі (үлгі программа):

program Esepteu;
var
  s, a, b: real;
begin
  a := 3;
  b := 5;
  s := a * b;
  writeln('a = ', a, ', b = ', b, ', S = ', s);
end.

V. Есептер шығару (топтық жұмыс)

1) Екі санның бөліндісін табу

Шешімі (үлгі программа):

program Bolindi;
var
  a, b, x: real;
begin
  readln(a, b);
  x := a / b;
  writeln('x = ', x);
end.

2) Трапеция ауданы

Берілгендері: a = 2, b = 3, h = 5. Формула: S = (a + b) · h / 2.

Шешімі (үлгі программа):

program Trapesia;
var
  a, b, h, s: real;
begin
  a := 2;
  b := 3;
  h := 5;
  s := (a + b) * h / 2;
  writeln('a = ', a, ', b = ', b, ', h = ', h, ', S = ', s);
end.

Әр топқа бір есептен беріледі. Оқушылар жұмыстарын өзара тексеріп, қателерін талқылайды.

VI. Өзін-өзі тексеру (тест)

Әр топқа 10 сұрақтан тұратын тест ұсынылады. Тесттерді топ басшылары жинап, тексеріп бағалайды (әр топ қарсы топтың тестін тексереді).

VII. Саралау және бағалау

Әр топ басшысы бағалау парағын толтырып, қарсы топ мүшелеріне нәтижелерін хабарлайды.

VIII. Бекіту сұрақтары

  1. Pascal тілінің негізін салушы кім?
  2. Pascal тілінде программа неше бөліктен тұрады?
  3. Программаның негізгі бөлігі қандай түйінді сөзден басталып, қандай сөзбен аяқталады?
  4. Оператор дегеніміз не? Олар қандай топтарға жіктеледі?

Үй тапсырмасы

Есептер шығару.