Сұраулы сөйлемнен кейін
Сабақтың тақырыбы
Зат есім. Бұл сабақ — өткен тақырыпты бекітуге және зат есім туралы грамматикалық түсініктерді кеңейтуге бағытталған пысықтау сабағы.
Сабақтың типі
Білімдерін бекіту
Сабақтың түрі
Пысықтау сабағы
Сабақтың формасы
Ұжымдық, жұптық, жеке-дара
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, ойын, көрнекілік, практикалық жаттығулар
Қолданылатын технология
Деңгейлеп-саралап оқыту
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
- Өтілген материалды бекіту, зат есім туралы ұғымдарды кеңейту.
- Сөйлем ішінен зат есімді дұрыс танып, оған сұрақ қоя білуге үйрету.
- Жалқы және жалпы есім туралы білімді тереңдету.
- Негізгі және туынды зат есімнің айырмашылығын ажырату, туынды зат есім жасаудың жолдарын меңгерту.
- Ойды мысал арқылы дәлелдеуге үйрету.
Дамытушылық
- Оқушылардың ойлау дағдыларын дамыту, сөздік қорын молайту.
- Ұжымдағы шығармашылық қабілетін арттыру.
Тәрбиелік
- Сауатты әрі көркем жазуға тәрбиелеу.
- Ұжымдық жұмыс барысында өз бетінше ойлау мен ізденуге баулу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Кіріспе
Амандасу.
Психологиялық дайындық
Сәлеметсіздер ме, қонақтар?
Қайырлы таң, достым!
Қайырлы таң, құрбым!
Сейсенбінің сәті сәттілікке толсын.
Бүгінгі алған бағаң — кілең бестік болсын.
Мұғалімнің сұрағы — оқушылардың жауабы
- Әрбір адам?
- Досым, сыныптасым.
- Әрбір сабақ?
- Үйрену, оқу, іздену.
- Әрбір ісің?
- Тірлік, тірек, адамдық.
- Әрбір сөзің?
- Шындық, бірлік, адалдық.
Әңгімелесу
Сұрақ: Қазір қай ай?
Жауап: Желтоқсан.
Сұрақ: Бұл айда қандай мейрам бар?
Жауап: 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні.
Тапсырма: Тәуелсіздік күні не себепті желтоқсан айында аталып өтетінін түсіндіріп, қысқаша жауап жазу.
Сұрақ: Желтоқсан оқиғасына қатысқан кімдерді білесіңдер?
Жауап (мысал): Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова.
Бүгінгі сабағымызды Сәбира Мұхаметжанованың рухына арнаймыз (суретін тақтаға ілу).
II. Өткенді пысықтау
Сабақ оқулықтағы тапсырмалармен қатар 1–4 деңгейлік қосымша тапсырмалар арқылы өтеді. Әр деңгейдегі тапсырманы дұрыс орындау арқылы келесі деңгейге көтерілуге болады.
Оқушылардың жұмысын сабаққа қатысып отырған мұғалімдер бағалайды. Сондықтан белсенділік танытып, ұжымдық жұмысқа ұйымшыл қатысамыз.
I деңгей — үй тапсырмасын тексеру
«Мен бастаймын, сен жалғастыр» ойыны.
- 1 Сөйлем аяқталған ойды білдіреді.
- 2 Сөйлем сөзден құралады.
- 3 Сөйлемдегі сөздер бөлек жазылады.
- 4 Сөйлемнің бірінші сөзі бас әріппен басталып жазылады.
- 5 Сөйлемнің соңына нүкте қойылады.
- 6 Хабарлы сөйлемнен кейін нүкте қойылады.
- 7 Сұраулы сөйлемнен кейін сұрақ белгісі қойылады.
III. Жаңа сабақ (пысықтау)
Дайындық жұмысы
- Күн ретін жазу.
- Көркем жазу: дәптерге С, с әрпін әдемі жазу.
Негізгі түсіндіру
Жазылуы әртүрлі, бірақ естілуі бірдей сөздер кездеседі: атпа және ат па?
- атпа сөзінде -па — жұрнақ, бірге жазылады және қимылды білдіреді.
- ат па? тіркесінде па — көмекші сөз, сұраулы сөйлем жасайды және бөлек жазылады.
- Көмекші сөзді алып тастасақ, сұрақ мағынасы сақталмайды.
Мысал: Сабақ басталды ма? — жауап алу мақсатында айтылған сұрақ.
II деңгей — салыстыру тапсырмасы
Сөйлемдерді салыстырып, -ма/-ме/-па/-пе бірге жазыла ма, әлде бөлек жазыла ма — талдау.
IV. Оқулықпен жұмыс
Оқулықтың 99-бетін ашып, 1-жаттығуды ауызша орындаймыз. Екі бағандағы сөйлемдерді салыстырып оқимыз.
1-баған (жұрнақ, бірге жазылады)
- Бүгін киноға барма.
- Ініңнің қасынан кетпе.
- Сабаққа кешігіп келме.
Бұл сөйлемдердегі -ма/-ме/-па/-пе қимылды білдіріп, сөзге жұрнақ ретінде жалғанып, бірге жазылады.
2-баған (көмекші сөз, бөлек жазылады)
- Сенде қарындаш бар ма?
- Олар кетіп пе?
- Бүгін досың келе ме?
Бұл сөйлемдердегі ма/ме/па/пе — сұраулы сөйлем жасайтын көмекші сөз, сондықтан бөлек жазылады.
Ереже
Сұраулы сөйлем жасайтын ма, ме, па, пе, ба, бе бөлек жазылады.
III деңгей — «Не қажет?» ойыны
- Сурет бойынша «не қажет?» екенін анықтау.
- Әр суретке байланысты хабарлы және сұраулы сөйлем құрау.
Дәптермен жұмыс (2-жаттығу)
Жақшаны ашып, сөйлем соңындағы ма/ме/па/пе/ба/бе бірге ме, әлде бөлек пе — дұрысын жаз.
- Түскі тамаққа кешікпе.
- Орталыққа кеткендер келіп пе?
- Айтқаныңды түсіндің бе?
- Қараңғыға қалма.
- Күн суытты ма?
- Әрқашан қатарыңнан қалма.
- Қосымша сабаққа қалды ма?
Сергіту сәті
«Бақа, бақа, балпақ» (ұлдар мен қыздар екі топқа бөлініп айтады).
Қыздар
— Бақа, бақа, балпақ,
Басың неге жалпақ?
— Бақа, бақа, балпақ,
Көзің неден тостақ?
— Бақа, бақа, балпақ,
Бұтың неге талтақ?
Ұлдар
— Темір телпек көп киіп,
Басым содан жалпақ.
— Көрінгенге көп қарап,
Көзім содан тостақ.
— Су ішінде көп жүзіп,
Бұтым содан талтақ.
3-жаттығу (карточкамен жұмыс)
Хабарлы сөйлемдерді сұраулы сөйлемге айналдырып жаз.
1-карточка
Таң атты. Күн шықты.
2-карточка
Қанат ерте тұрды. Мектепке барды.
3-карточка
Қоңырау соғылды. Мұғалім сыныпқа кірді.
4-карточка
Сабақ басталды. Сабақ қызықты өтті.
5-карточка
Балалар үйлеріне көңілді қайтты.
6-карточка
Қыс келді. Күн суытты.
7-карточка
Қанат аққала жасады.
IV деңгей — шығармашылық жұмыс
Өлең жолындағы бос орындарды толықтырып жаз:
Қар жауады қалай?
Кімдер? жүр шапалақтап,
Балалар не? киеді,
Не? беттен сүйеді.
V. Сабақты бекіту
«Қандай сөйлем?» ойыны: мұғалім сөйлемдерді оқиды, оқушылар сәйкес тыныс белгісін анықтайды (. ? !).
- 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні ме?
- Алақай! Ауылдан әжем келді!
- Қыста аю не істейді?
- Анам дүкеннен келді.
- Мереке құтты болсын!
- Күн суытты ма?
VI. Сабақты қорытындылау
Бүгінгі сабақта нені үйрендік? Нені білдік?
Сұраулы сөйлем жасайтын ма, ме, ба, бе, па, пе көмекші сөздері бөлек жазылатынын меңгердік.
VII. Бағалау
Ашық журналдағы ұпайлар есептеліп, сабаққа қатысу белсенділігі мен тапсырмаларды орындау сапасына қарай оқушылардың білімі бағаланады.