Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірі мен шығармашылыққа толы атқарылған істері туралы мәліметтер беру
Тақырыбы: Біздің Елбасы
Мақсаты
- Білімділік: Оқушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен ел игілігі жолындағы еңбектері туралы мәлімет беру.
- Дамытушылық: Президенттің ел үшін атқарған істерін оқушыларға үлгі-өнеге ету, ой қорытуға бағыттау.
- Тәрбиелік: Оқушыларды Отанын, халқын сүйетін азамат болып өсуге баулу; елжандылық пен патриоттық сезімдерді қалыптастыру.
Көрнекілігі
Н.Ә. Назарбаевтың әртүрлі жанрларда түсірілген фотосуреттері, кітаптары және қосымша материалдар.
Тәрбие сағатының барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
II. Кіріспе
Мұғалім: Елбасы еңбектерінің қай тақырыбын оқысақ та, онда ел экономикасын, ел тарихын, ұлт рухын және халықтың салт-санасын серпілтіп оятатын терең ойлар бар екенін байқаймыз. Бұл еңбектерде мол өмірлік тәжірибе мен ғибратты тағылым жинақталған.
Сондықтан да еліміздің болашағынан үміт күтетін ұрпақ — сендер. Елбасының халыққа деген шынайы ықыласы мен жауапкершілігін білдіретін ой-толғамдары әрдайым жігер береді:
«…Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің жолыңда бойдағы қуатымды да, ойдағы нәрімді де аянбай сарп етуге пейілмін…»
«Менде қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ».
Осындай сертке бергісіз тегеурінді ойларды, ел деп еңіреген ердің жасампаздыққа толы жан сырын, қанатты қағидаларын және өмір жолын біліп жүру — әрқайсымыз үшін маңызды.
III. Негізгі бөлім
Мұғалім: Н.Ә. Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысындағы Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолын жұмысшы мамандығынан бастап, Қазақстан Республикасының Президенті дәрежесіне дейін көтерілді.
Мұндай биік белеске бірден жеткен жоқ: бала күнінен түрлі қиындықтарды бастан кешірді. Соның бір мысалы — бірнеше шақырым қашықтағы мектепке қыстың қарлы бораны мен күздің қара суығына қарамастан, таң атпай қатынап оқуы.
Айқын мақсат қойған адам қандай кедергі болса да еңсереді. Бұл ойды біз Елбасының өмір жолынан да, еңбекке деген табандылығынан да айқын аңғарамыз.