Балаларға еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні туралы мағлұмат беру

Қазақстан тәуелсіздік күніне арналған ертеңгілік

«Күн дидарлы — Қазақстан»

Авторы

Кубденова Жанылсын Сабитқызы

Атырау қалалық №20 «Алтын балық» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша тәрбиешісі

Негізгі мақсат

  • Балаларға еліміздің басты мерекесі — Тәуелсіздік күні туралы мағлұмат беру.
  • Қоршаған ортамен таныстыру жұмысын жалғастыру.
  • Мемлекеттік рәміздерді таныстыру және құрметтеуге дағдыландыру.
  • Отанға сүйіспеншілікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Түзету мақсаттары

  • Танымдық қабілеттерін жетілдіру, зейінді тұрақтандыру.
  • Сөздік қорын және қимыл-қозғалысын дамыту.

Көрнекі құралдар

Орман көрінісі, мемлекеттік рәміздер, кеме макеті.

Әдіс-тәсілдер

Көркем сөз оқу, ән айту, жалпы дамыту ойындары.

Сахналық безендіру

Зал

Мерекеге сай безендірілген.

Төр

Кеме макеті және теңіз толқыны бейнеленген көрініс.

Сахна

Бір шетінде «Ғажайып орман» көрінісі. Балалар алдын ала кемеге жайғасып, сахна сыртында тұрады.

Ертеңгілік барысы

Кіріспе сөз

Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, қонақтар, ұстаздар және балалар! Бүгінгі «Күн дидарлы — Қазақстан» атты Тәуелсіздік күніне арналған ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!

Ө. Тұрманжанов — «Туған өлкем»

Көгінде күн нұрын төккен,

Жерінде гүл жұпар сепкен,

Неткен сұлу, неткен көркем —

Осы менің туған өлкем!

Біз — ынтымағы жарасқан, бейбітшілікті қалайтын, қонақжай халықпыз. Бұл тілек біздің Туымыз бен Елтаңбамызда айқын көрініс тапқан.

Мемлекеттік рәміздер

I бала (Туды ұстап тұрып)

Көк аспандай көгілдір —

Қазақстан жалауы.

Көк емес ол тектен-тек,

Елдің ашық қабағы.

II бала (Елтаңбаны ұстап тұрып)

Елтаңбасы елімнің

Неткен айбат әдемі!

Тұнығындай көңілдің

Ортада аспан әлемі.

Саяхаттың басталуы: «Ғажайып аралға» жол

Жүргізуші: Балалар, біз бұған дейін көптеген қалалармен таныстық. Бүгін мереке күні «Ғажайып аралға» саяхатқа шығамыз. Ал, кемеге жайғасайық!

Көрініс: Кемеге аттану

Капитан: Зәкірді судан алыңдар! Тура алға жүземіз! (Кеме үні естіледі.)

Тосыннан кеменің астынан Су патшасы шығып, кемені шайқап, суға батырмақшы болады.

Кездесу 1: Су патшасы

Су патшасы: Сендер қайда жүзіп бара жатырсыңдар? Жібермеймін!

Жүргізуші: Тоқтаңыз, сіз кім боласыз?

Су патшасы: Мен — Су патшасымын. Ал сендер кімсіңдер?

Жүргізуші: Біз — «Алтын балық» балабақшасының бөбектеріміз. Біз саяхатқа шықтық.

Су патшасы: «Алтын балық»? Менің балығым мұнда неғып жүр?

Жүргізуші: Сіз дұрыс түсінбедіңіз. Балабақшамыз «Алтын балық» деп аталады. Біз тату доспыз, батыл балалармыз.

Су патшасы: Ой, бәрекелді! Онда мен сендерге көмектесейін: қазір-ақ «Ғажайып аралға» жеткізейін.

Көрініс: Жерге жету

(Су патшасы шапанын айналдыра өтіп, кемені «жетелейді».)

Капитан: Жер! Жер!

(Балалар кемеден түседі.)

Негізгі ұғым

Су патшасының сұрағы мерекенің мәнін ашады: «Достық деген не?»

Жүргізуші: Достық туралы біздің балалар айтып берсін.

Ән: «Достық»

Су патшасы: Иә, мен де өз патшалығымда достықты дәріптейін. Сау болыңдар!

Ғажайып орманға қадам

Жүргізуші: Балалар, қандай қалың орман! Бұл жерде аң-құстар көп болуы мүмкін. Байқап жүрейік.

Кездесу 2: Түлкі

Түлкі: Ой, балалар, сендер қайдан келе жатырсыңдар?

Жүргізуші: Біз жер шарын аралап жүрміз. Бүгін — Отанымыздың туған күні. Отанымыздың кеңдігін өз көзімізбен көргіміз келеді.

Түлкі: «Отан», «кең байтақ» дейсіңдер... Отан деген не өзі? Жейтін зат па? Тәтті ме?

Жүргізуші: Жоқ, ол тағам емес. Сенің Отаның — мына ну орман, ағаш, су, тас, достарың. Біздің де Отанымыз бар. Балалар, айтыңдаршы, қалай аталады?

Хор

Балалар: ҚАЗАҚСТАН!

Түлкі: Жарайды, түсіндім. Кім Отан туралы тақпақ біледі?

Балалар: Отан туралы тақпақтар айтады.

Түлкі: Тақпақтарың керемет! Бірақ мен сияқты билей алмайсыңдар.

Жүргізуші: Қателесесің, түлкі! Біздің балалар өнерлі: мың бұралып билей де алады.

Қазақтың ұлттық биі: «Домбыра биі» (қыздар тобы)

Түлкі: Өнерлі екенсіңдер, мені жеңдіңдер. Сау болыңдар!

Кездесу 3: Маймыл

(Тосыннан маймыл шығып, балаларды қытықтайды.)

Маймыл: Неғып жүрген балаларсыңдар? Сендер мен сияқты епті емессіңдер, жылдам емессіңдер!

Жүргізуші: Маймыл, мақтанба. Біздің балалар — болашақ Отан қорғаушы сарбаздар. Олар күнде жаттығып, өздерін шынықтырады.

Маймыл: Онда менімен жарысып көресіңдер ме? Кім епті?

Ойын

«Кім жылдам?» (Себетке «бананды» тасып толтыру. Маймыл қалып қояды.)

Маймыл: Ой, балалар, епті екенсіңдер! Риза болдым. Орманымның сыйын қабыл алыңдар.

(Маймыл банандарын сыйлап, қоштасып кетеді.)

Кездесу 4: Аю

(Музыка әуенімен аю шыға келеді.)

Аю: Бұл не шу? Неге менің жерімді таптап жүрсіңдер? Сендерге кім рұқсат берді?

Жүргізуші: Тоқтаңыз, Аю ата. Сәлеметсіз бе! «Менің жерім» деп ренжімеңіз. Біздің де өз жеріміз бар. Балалар, айтыңдаршы, қалай аталады?

Хор

Балалар: ҚА-ЗАҚ-СТАН!

Жүргізуші: Біз саяхаттап жүрміз. Сіз де біздің еліміз туралы біліңіз. Балалар сізге тақпақ айтып береді.

Балалар: Тақпақтар айтады.

Аю: Рахмет! Мен сендерді қате түсініппін. «Жерімді тартып алғалы жүр» деп ойлаппын.

Жүргізуші: Аю ата, өз орманыңызды қорғауыңыз дұрыс. Біздің де өз сарбаздарымыз бар. Олар келешекте Отанын қорғайды. Міне, өздері де сақадай сай!

Би: «Сарбаздар»

(Аю риза болып қоштасып кетеді.)

Қорытынды: Туған жерге оралу

Жүргізуші: Балалар, біз біраз сергіп, Ғажайып орман тұрғындарымен таныстық. Кездескен қиындықтарды сендердің достықтарыңның арқасында жеңдік. Осы жақсы қасиеттер бойларыңда мәңгі сақталсын. Енді туған жерімізге оралайық.

Көрініс: Кері қайту

(Балалар кемеге жайғасады.)

Капитан: Зәкірді судан алыңдар! (Кеме қозғалады. Балалар орындарында «толқындай» қозғалып отырады.)

Капитан: Жер! Жер!

(Барлығы кемеден түсіп, жарты шеңберге тұрады.)

Жүргізуші: Бүгінгі мерекемізді Қазақстанымыз гүлдене берсін деген тілекпен әнімізбен жалғастырайық.

Ән: «Ағайынбыз бәріміз»

Тілек

Құрметті балалар, қонақтар! Бейбітшілік құсы көгілдір аспанымызда еркін қалықтай берсін. Қазақстанымыздың тәуелсіздігі мәңгілік болсын!