Тіл тағдыры - ұлт тағдыры

Тақырыбы: Ана тілі және Ата Заң

Ана тілі — ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Оның қадір-қасиетін терең түсіну, сүйіспеншілікті арттыру және тілге жауапкершілікпен қарау — әр азаматтың парызы.

Мақсаты

  • Ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі болған ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыру, оған деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Ақындардың, шешендердің және халық даналығының нақыл сөздері арқылы тіл қазынасын меңгерту.
  • Қазақстан Республикасы Конституциясы туралы білімдерін кеңейту.
  • Ел жетістіктерін қадірлей білуге, Конституция талаптарын өмірде жүзеге асыруға ұмтылдыру және өз құқығын қорғай білуге тәрбиелеу.

Барысы

1) Ұйымдастыру

1-жүргізуші

Тіл — ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі. Тіл — табиғаттың адамға берген сыйы. Тілсіз қоғам болмайды. Тіл тағдыры — ұлт тағдыры.

Ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі, болашағы ана тіліміздің даму деңгейіне байланысты. Ана тіліміз талай ауыр ғасырды бастан өткерді. Халқымыз тілді аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де жоғалтқан жоқ.

2-жүргізуші

Біздің тіліміз — кешегі өткен дана Абайдың, шындықты ту еткен Бауыржанның, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың тілі. Мұны мақтанышпен айта аламыз.

1-жүргізуші

Тіл — халықтың тұтас кескін-келбеті мен болмысы. Тіл әр адамға ана сүтімен бірге дариды, сонымен бірге қалыптасады.

Тіл байлығы — әр елдің ұлттық мақтанышы. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, орынсыз шұбарланудың кез келген түріне қарсы тұруға тиіс.

2-жүргізуші

Ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын орнымен қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам болу қиын.

Ана тілін жетік меңгеру үшін жас кезден бастап халық ауыз әдебиетін, ертегілерді, өлең-жырды, мақал-мәтелдерді тыңдап, көбірек оқып, зерделеу қажет.