Металдық кристалдық тор үлгілері
Сабақтың мақсаты
Металдардың құрамы, құрылысы және физикалық қасиеттері арасындағы өзара байланысты түсіндіру. Кристалдық тордағы еркін электрондардың болуына байланысты металдарға тән ортақ қасиеттерді ажырата білуге дағдыландыру.
Құрал-жабдықтар мен реактивтер
- Кейбір металдардың балқу және қайнау температуралары туралы анықтамалық мәліметтер.
- Электрөткізгіштікті анықтайтын аспап.
- Металдық кристалдық тордың үлгілері.
Сабақтың барысы
I. Жаңа сабақты қабылдауға дайындық
Үй тапсырмасын тексерудің және өткен материалды еске түсірудің түрлі әдістері бар. Соның бірі — мұғалімнің қысқа сұрақтар арқылы өткен тақырыпты қайталауы.
- Металл ионы қалай түзіледі?
- Сілтілік металл иондарының ұқсастығы мен айырмашылығы неде?
- Металдық және иондық байланыстардың кристалдық торларының айырмашылықтары қандай?
Үй тапсырмасы қайталанғаннан кейін жаңа сабақ басталады. Металдардың тарихтағы және қоғамдағы орны басқа пәндермен (тарих, география) байланыстыра түсіндіріледі. Металдар ерте заманнан-ақ белгілі: тас дәуірінен кейінгі мыс, қола, темір дәуірлері туралы оқушылар өздері қызықты деректер келтіре алады. Бұл пәнаралық байланысты күшейтіп, оқушының шығармашылық қабілетін дамытады.
II. Жаңа сабақты оқып-үйрену
Металдардың физикалық қасиеттерін олардың кристалдық торының құрылысы және металдық байланыс туралы білімге сүйене отырып түсіндіру қажет. Негізгі назар кристалдық тордағы «электронды газға» аударылады: дәл осы еркін электрондар металдардың көптеген қасиеттерін айқындайды.
Электронды газ түсіндіретін қасиеттер
- Металдық жылтыр
- Жылуөткізгіштік және электрөткізгіштік
- Пластикалығы және созылғыштығы
Салыстыру және қорытынды
- Тығыздықтың әртүрлілігі
- Балқу және қайнау температураларының айырмашылығы
- Қаттылықтың металға және қорытпаға тәуелділігі
Металдардың қаттылығы әртүрлі. Олардың қорытпаларынан көптеген құралдар мен конструкциялық материалдар жасалады, сондықтан металл қорытпаларының кең қолданылатыны ерекше атап өтіледі.
Негізгі тұжырым: типтік металдардың физикалық қасиеттеріндегі айырмашылықтарды түсіну үшін металдың атомдық құрылысын негізге алу қажет.
- Барлық металдар сынаптан басқа жағдайда қатты күйде болады.
- Көпшілігінде металдық жылтыр байқалады.
- Қатты күйде жылуды да, электр тоғын да жақсы өткізеді.
Бұл құбылыстар кристалдық торда жартылай оң зарядталған иондар, жартылай бейтарап атомдар және олардан бөлініп шыққан еркін қозғалатын электрондар болатындығымен түсіндіріледі.
III. Оқушылардың алған білімін қорытындылау
Сабақты бекіту үшін мұғалім төмендегі сұрақтарды қояды:
- Ең оңай балқитын және осы қасиетіне байланысты қолданылатын қандай металды білесіңдер?
- Ауада қатты қыздырғанда да тотығып кетпейтін металдарды атаңдар.
- Ең қиын балқитын металдарды атаңдар.
- Металл қорытпаларын қандай мақсатта қолданады және оларды қалай алады?
- Қорытпа құрамында 80% никель және 20% хром бар. Хромның 1 моліне неше моль никель келетінін есептеңдер.
Үй тапсырмасы
- §30
- 1–10-жаттығулар