Ұлы мереке
Сабақтың тақырыптары мен мақсаты
Грамматикалық тақырып
Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем.
Лексикалық тақырып
«Тәуелсіздік — тұғырым».
Міндеттер
Білімділік
Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем туралы түсінік беру, жасалу жолдарын талдау.
Дамытушылық
Ойлау қабілетін және қиялды дамыту; ой қорытып, нақты шешім жасауға үйрету; өзіне сенімділікті арттыру.
Тәрбиелік
Сауатты жазуға, ұқыптылыққа баулу; топпен жұмыс істеу және бірін-бірі тыңдау дағдысын қалыптастыру; сөйлеу мәдениетін дамыту.
Ұйымдастыру және психологиялық дайындық
Сабақ басында оқушылар смайликтер арқылы көңіл күйін білдіреді. Содан кейін қысқа тыныс алу жаттығуы жасалады:
Іштеріңнен мына сөздерді қайталаңдар:
«Мен өзіме сенімді, батыл, ақылды адаммын. Менің қолымнан бәрі келеді және ешнәрседен қорықпаймын».
I. Үй тапсырмасын пысықтау
103-жаттығу: «Қыран»
1 және 3-сөйлем.
103-жаттығу: «Тұлпар»
2 және 4-сөйлем.
Пысықтау сұрақтары
- Салалас құрмалас сөйлем дегеніміз не?
- Мұқағалидың «үш бақыты» қандай?
- Себеп–салдар салалас жалғаулықсыз жасала ма?
- Сенің бақытың қандай?
- Ыңғайлас салаластың жалғаулық шылаулары қандай?
- «Еркіндік» сөзінің синонимі қандай?
- Себеп–салдар салаластың жай сөйлемдері қалай аталады?
- Сен үшін не қымбат?
- Ыңғайлас салаластың баяндауыштары қалай байланысады?
- Алда келе жатқан ұлы мереке қандай?
II. Жаңа сабақ
Нені білуіміз керек?
- Қарсылықты салаластың жасалу жолдары мен ережесі.
- Басты құндылығымыз — Тәуелсіздігіміз екенін түсіну.
Нені үйренуіміз керек?
- Өзара жағымды қарым-қатынас жасауды.
- Тәуелсіздік мерекесіне ашық хат жазуды.
Мысалдар
1) Қазақ бодандықтың бұғауында аз болған жоқ, алайда намысы өр қазақ арманына жетті.
2) Ата-бабаларымыздың арманына біз қол жеткіздік, — Тәуелсіздіктің тұғырын шайқалтпау біздің міндетіміз.
Құрылымдық белгісі
Баяндауыштары көбіне болымды және болымсыз етістіктерден, сондай-ақ қарама-қарсы мәндегі сөздерден жасалады.
Тыныс белгісі
- Жалғаулықты қарсылықты салаласта жалғаулықтың алдына үтір қойылады (,).
- Жалғаулықсыз қарсылықты салаласта үтір мен сызықша қойылады (, —).
III. Бекіту кезеңі
Тақтамен жұмыс (106-жаттығу)
Берілген жай сөйлемдерге оқушылар өз ойынан қарама-қарсы мәнді сөйлем құрап жазады:
- Жел саябырлаған сияқты, …
- Теңіз тынышталды, …
- Тау астындағы көлдің үңгірі жолдан алыс емес екен, …
- Бұрын бай еді, …
- Көп балалы үйдің шаң-шұңы көп болушы еді, …
- Жаз ортасы болып қалды, …
«Иә/Жоқ» тапсырмасы
- «Дегенмен» жалғаулығы себеп–салдар салаластың жалғаулығы. Жоқ
- Қарсылықты салалас тек қана жалғаулықтар арқылы байланысады. Жоқ
- Қарсылықты салаластың баяндауыштары болымды, болымсыз етістіктерден болады. Иә
- Жалғаулықсыз қарсылықты салаластың арасына үтір мен сызықша (, —) қойылады. Иә
- «Сөйтсе де», «әйтсе де», «сонда да» — қарсылықты салалас сөйлемнің жалғаулықтары. Иә
Тәуелсіздік жылнамасы (пәнаралық байланыс)
1991, 16 желтоқсан
Тәуелсіздік жарияланды.
1992, 4 маусым
Қазақстан Республикасының рәміздері қабылданды.
1993, 15 қараша
Ұлттық валюта айналымға енді.
1995, 30 тамыз
Конституция қабылданды.
1998 жыл
Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан — 2030» даму стратегиясын жариялады.
107-жаттығу: «Қыран» тобы
Мәтіннен жалғаулықты қарсылықты салалас сөйлемдерді теріп жазады.
107-жаттығу: «Тұлпар» тобы
Мәтіннен жалғаулықсыз қарсылықты салалас сөйлемдерді теріп жазады.
Топтастыру тапсырмасы
«Ыңғайлас», «себеп–салдар», «қарсылықты» салаластардың жалғаулық шылаулары араласып беріледі. Оқушылар оларды үш тақырыпқа сай топтастырады.
Қорытынды ұстаным
«Іздеген жетер мұратқа» — еңбектенген адам нәтижеге жетеді.
Жасырын конверт тапсырмасы
Топтағы әр оқушы өз білгенін жазады. Содан кейін бір оқушы ортаға шығып, топтың жұмысын қорғайды.
IV. Ашық хат жазу және құттықтау
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
Оқушылар Тәуелсіздік мерекесіне арнап қысқа, мазмұнды ашық хат әзірлейді.
V. Кері байланыс және бағалау
Кері байланыс
Оқушылар сабақтан алған әсерін параққа жазып тапсырады.
Бағалау
Оқушылардың білімі смайликтер арқылы бағаланады.
VI. Үй тапсырмасы
- Ережелерді қайталап, пысықтау.
- «Тәуелсіздік — тұғырым» тақырыбына ойтолғау жазу.