Адам басының бюстін сомдау

Сабақтың тақырыбы

Адам басының бюсті — 4 сағат

Материал
Мүсіндік сазбалшық, планшет 30×30 см
Өлшем
Плинт үстінен биіктігі 10 см-ге дейін

Мақсаты

Адам басының бюстін сомдау; пропорцияны сақтап, форманы модельдеу дағдыларын қалыптастыру.

Міндеттері

  • Бет мүшелерінің пропорциялары мен конструкциясын талдау.

  • Форманың көлемі мен ерекшеліктерін дәл жеткізу.

  • Бөлшектерді өз бетінше модельдеу.

  • Масштабта жұмыс істеу (өлшемдерді пропорционалды кішірейту) дағдыларын дамыту.

Сабақ жоспары

  1. 1

    Ұйымдастыру кезеңі

  2. 2

    Өткен сабақты қайталау

  3. 3

    Ойын жаттығулары, сергіту сәттері

  4. 4

    Жаңа сабақты түсіндіру

  5. 5

    Сарамандық жұмыс

  6. 6

    Сабақты қорытындылау

  7. 7

    Үй тапсырмасы

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

  • Оқушыларды түгендеу, сабаққа дайындығын тексеру.

2) Өткен сабақты қайталау

Алдыңғы сабақта папье-маше әдісімен маска жасаған едік. Енді қысқаша еске түсіреміз:

  • Папье-маше қалай жасалады?
  • Жұмыс қандай кезеңдерден тұрады?

3) Ойын жаттығулары және сергіту

Тактильді тапсырма

Оқушылар қапшықтың ішіндегі затты сипап анықтап, оның бейнесін сазбалшықпен сомдайды.

Сөзжұмбақ

Оқушылар кезекпен шығып, сөзжұмбақты шешеді.

4) Жаңа сабақты түсіндіру: мүсін туралы негізгі ұғымдар

Мүсінді кейде скульптура деп те атайды. Бұл атау латынның sculptura сөзінен шыққан және «қашап жасау» деген ұғымды білдіреді. Мүсіннің басты ерекшелігі — көлемді форма. Оны кеңістікте жан-жағынан толық көруге болады.

Мүсін түрлері

  • Жұмыр мүсін — толық көлемді, барлық қырынан көрінеді.
  • Рельеф — жазық бетте орындалып, бір жағынан жақсы көрінеді.

Адам бейнесін сомдау формалары

  • Бюст — кеуделік мүсін.
  • Статуя — адам денесінің толық тұлғалық сомдалуы.
  • Көп тұлғалы композиция — бірнеше адамнан тұратын мүсіндік шығарма.

Рельефтің түрлері

Барельеф

Бейне жазық бетінен аздап ғана көтеріліп тұрады.

Горельеф

Бейне жазықтың жартысынан көбірек шығыңқы, дөңестеу болып келеді.

Мүсін өнері — көне дәуірден бастау алатын өнер. Ежелгі Египет, Грекия, Рим, Қытай, Үнді және Жапон мәдениеттерінде мүсін көркемдік ықпалы жоғары өнер түрі ретінде кең дамыған. Мүсіндеудің сызба мен кескіндемеден айырмашылығы — пішіннің барлық көлемі анық беріледі. Негізгі объект — адам.

Мүсіндеуге дайындық және тапсырма

Бет әлпет бөлшектерін мүсіндеу өте қызықты, бірақ дәлдік пен бақылауды талап етеді. Жұмысты бастамас бұрын бөлшектерді мұқият қарап, зерттеп аламыз.

Бүгінгі сабақта гипс бедерінің көшірмесі бойынша (мысалы, мұрын, ерін немесе көз) алдын ала нобайсыз сомдаймыз. Оқушылар үшін ең қолайлы материал — сазбалшық.

Мүсіндеудің негізгі кезеңдері

  1. 1-кезең: қабылдауды ұйымдастыру

    Затты жоғары нүктеден төмен қарай қарап, негізгі сипат сызықтары бойынша көз бен саусақтың бірқалыпты, үздіксіз қозғалысын үйлестіру. Зат әдетте бір қалыпта тұрады: сол қолымен ұстап, оң қолымен зерттеуге болады немесе ол үстелде қозғалмай тұрады.

  2. 2-кезең: қолмен және көзбен зерттеу

    Негізгі бөліктерді саралау және олардың қасиеттерін айқындау. Саусақ қозғалысы тереңдік қатынасын өлшегендей болып, бөліктердің кеңістіктегі өзара байланысын нақтылайды.

  3. 3-кезең: ұсақ бөліктерді нақтылау

    Ең ұсақ бөлшектерді көрсету, олардың формасын, көлемін және негізгі бөліктерге қатысты кеңістіктегі орнын анықтау.

  4. 4-кезең: тұтас қабылдауға қайта оралу

    Қолдың жалпы қорытынды қимылы және жоғарыдан төмен қарай көзбен шолу арқылы алынған деректер біртұтас бейнеге біріктіріледі.

Маңызды ескерту

Егер зерттеу заттың беткі құрылымын анықтауға бағытталса, қолдың барлық саусақтары жұмыс істеуі керек. Материалдық құрылымды сезіну үшін кейде бетті тереңірек «байқап көру» қажет болады. Мүсіндеуде форма көлем күйінде берілетіндіктен, бақылау да ерекше дәлдікті талап етеді.

Сомдау барысындағы жұмыс тәсілдері

  • Жұмысты жалпы формадан бастап, біртіндеп жеке бөлшектерге көшіру.

  • Негізгі тірек нүктелерін сазбалшықта белгілеу үшін қажет болса сіріңке талшықтарын қолдану.

  • Үлкен форманы жасап отырып, мүсінді барлық қырынан үнемі қарап отыру.

  • Сазбалшықты алдын ала илеп, жұмысқа дайындау: жақсы иленген сазбалшық қолға жабыспайды және модельдеуді жеңілдетеді.

  • Оқушылар бет мүшелерін (мұрын, ерін, көз) бөлек дайындап, кейін біріктіреді; қателер болса, түзетіп қайта сомдайды.

  • Суретті кенепте көбіне бір қырынан ғана көретін болсақ, мүсінді жан-жағынан түрлі қалыпта көреміз. Сондықтан пропорцияны тек бір ракурстан емес, бірнеше бұрыштан тексеру маңызды.

  • Мүсінші де суретші сияқты бейнеленетін адамның мінезін, ішкі күйін ашуға ұмтылады.

  • Сазбалшықты жаға отырып, форманың кеңістіктен жеткілікті шығуын қамтамасыз ету; бөліктерді біріктіргенде пропорцияны сақтауға ерекше назар аудару.

  • Соңғы кезеңде адам басының жалпы көлемін және қалыңдығын дұрыс шығару, модельге қарап жұмысты пропорцияға сай аяқтау.

5) Сарамандық жұмыс

Сарамандық бөлімде оқушыларға адамның бюстін сомдаудың негізгі тәсілдерін кезең-кезеңімен көрсетіп, әр оқушының жұмысын бақылап, түзету бағыттарын ұсынамын.

6) Қорытынды

Адам бейнесін мүсіндеу — қызықты әрі күрделі жұмыс. Дәл нәтиже алу үшін затты немесе модельді алдын ала зерттеп, байқау арқылы сомдау әдісін жүйелі қолдану қажет. Бұл тәсіл уақыт өте келе айқын нәтиже береді.

7) Үй тапсырмасы

Үй жануарын жұмыр тәсілмен сомдап келу.