Орташа деңгей

Сабақтың тақырыбы: Шаш күтімі

Бұл сабақта шаштың құрылысы мен қызметін жүйелеп, шаш сәніне қойылатын негізгі талаптарды қарастырамыз. Сонымен қатар шашты дұрыс жуу, күтім құралдарын қауіпсіз әрі тиімді қолдану, стилист мамандығы туралы түсінік қалыптастыру көзделеді.

Пәнаралық байланыс

Сурет, биология, тарих, қазақ тілі

Қажетті материалдар

  • Шаштың құрылысы (сызба/көрнекілік)
  • Шаш сәні түрлері
  • Шаш сәні арқылы бет пропорциясын коррекциялау материалдары

Сабақтың мақсаты

  • Шаштың құрылысы мен қызметі туралы білімді талдап, қорытындылап, жүйелеу; таным деңгейін арттыру.
  • Шаш сәніне қойылатын талаптармен таныстыру; шашты дұрыс жууға үйрету және күтім құрал-жабдықтарын қолдануды меңгерту.
  • Стилист кәсібі және шаш күтімімен айналысатын мамандардың ұсыныс-кеңестерімен таныстыру.
  • Мұқияттылыққа, тазалық әдетіне, шыдамдылыққа тәрбиелеу; эстетика ережелері мен өзін-өзі ұстау этикасын, адамгершілік қағидаларын меңгертуге бағыт беру.

Жаңа сабақ: түсіндіру

1) Шаштың құрылысы мен қызметі

Шаш адам келбетіне көрік береді. Бет бейнесі мен шаш сәнінің үйлесімі жалпы стиль бірлігін қалыптастырады. Сондықтан бет пішінінің ерекшеліктерін ескеріп, кемшіліктерді жасыратын және артықшылықты айқындайтын шаш қою үлгісін таңдаған маңызды.

Жастық пен сұлулықты ұзақ сақтау үшін сырт келбетке тұрақты күтім қажет. Шаш — терінің мүйізденген өсіндісі. Әрбір талшықтың түбірі (пиязшығы) және өзегі болады; түбір аймағы қан тамырлары мен жүйке талшықтарымен байланысады.

Қалыпты шаш

Теңгерімді, серпімді, табиғи жылтырға жақын.

Құрғақ шаш

Жіңішке, күңгірт, оңай үзіледі және тарамдалады.

Майлы шаш

Тез кірленеді, майланғандай жылтырап тұрады.

2) Шаш күтіміне арналған құралдар

Жылтыр әрі әдемі шаш — тек сән емес, денсаулықтың да көрсеткіші. Шашты тарақпен немесе щеткамен күн сайын тарау бас терісіндегі қан айналымын жақсартып, шаштың жақсы өсуіне қолайлы жағдай жасайды.

Қажетті құралдар

  • Щетка және тарақ
  • Қысқыш
  • Шаш түйреуіш
  • Бигуди

Тарақ таңдауы

  • Тістері селдір болғаны дұрыс.
  • Тіс ұштары үшкір болмауы керек (бас терісін жарақаттамау үшін).

3) Шаш сәнінің негізгі элементтері

Шаш сәні қысқа және ұзын шаштарға бұрым, бұрау, толқын, айырым сияқты элементтер арқылы жасалады.

Бұрым

Белгілі бір ретпен өріліп, ұшы резеңкемен немесе шаш ұстатқышпен бекітіледі.

Бұрау

Желкеге шоғырланып жиналып, шаш түйреуішпен бекітіледі.

Тұлым

Бигуди немесе электр қысқыштың көмегімен түтікше етіп бұйраланған шаш.

Толқын

Шаш сәніндегі майда иірімдері бар бөлік.

Айырым

Бастың шашын екіге жарып бөлетін сызық.

4) Шашты жуу жиілігі (шаш түріне қарай)

Шашты жуу жиілігі бас терісінің май бөлінуіне және шаштың күйіне байланысты. Дұрыс таңдалған су, сусабын және күтім құралдары шаштың сынуын азайтып, жылтырын сақтауға көмектеседі.

Шаш түрі Негізгі қасиеттері Ұсынылатын күтім
Қалыпты Мықты, иілімді, табиғи күйі теңгерімді. Шамамен 10–14 күнде 1 рет (жағдайына қарай).
Құрғақ Жіңішке, күңгірт түсті, оңай үзіледі, тарамдалады. Аптасына 1 реттен жиі емес; жұмсақ сусабынмен жуу.
Майлы Майланғандай, тез кірленіп тұрады. Аптасына 2 ретке дейін; шаш түріне сай сусабын қолдану.

Ескерту: Жуу жиілігі жеке ерекшелікке байланысты өзгеруі мүмкін.

5) Шаш сәнін таңдаудың негізгі қағидалары

Шаш сәнін таңдағанда бет пішінін, бас формасын, мүсін ерекшеліктерін және жасты ескеру қажет. Дұрыс таңдау адамның келбетін үйлестіріп, пропорцияны теңестіруге көмектеседі.

Сопақша бет

Шаш сәнін таңдауда шектеу аз, көп үлгі жарасады.

Квадрат бет

Ұзын толқынды немесе орташа ұзындықтағы бұйра шаш ұсынылады.

Кең маңдай, үшбұрышты бет

Орташа ұзындықтағы шаш үйлесімді көрінеді.

Толық бет

Орташа ұзындықтағы, қысқалау, төгіліп тұратын үлгі жарасады.

Сабақ барысы

Кезеңдер

  1. 1 Ұйымдастыру.
  2. 2 «Бәйге»: үй тапсырмасын тексеру (жұптық жұмыс).
  3. 3 Жаңа тақырыпты түсіндіру.
  4. 4 «Қос бұрым»: топтық жұмыс (орташа деңгей).
  5. 5 «Шаш сәні»: топтық жұмыс (жеткілікті деңгей).
  6. 6 «Маржан қыз»: топтық жұмыс (жоғары деңгей): бет формасын коррекциялау және іскерлік тапсырма.
  7. 7 Бекіту: «Бұрымды қыз».
  8. 8 Үй тапсырмасы.
  9. 9 Бағалау.