Ойыншықтарды қайдан алдық

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы қысқаша мәлімет

Білім беру саласы
Қатынас
Бөлімі
Тіл дамыту
Тақырыбы
Біздің ойыншықтарымыз

Мақсаты

  • Білімділік: ойын арқылы ойыншықтардың қандай материалдардан жасалатыны туралы түсінік беру.
  • Дамытушылық: балалардың ойлауын, зейінін және тілін дамыту.
  • Тәрбиелік: ұқыптылыққа, кішіпейілділікке, достыққа тәрбиелеу.

Көрнекілік

  • Жұмсақ матадан жасалған ойыншықтар
  • Резинадан жасалған ойыншықтар
  • Пластмассадан жасалған ойыншықтар

Сөздік және қостілділік

Сөздік жұмыс

Ұқыптылық, мейірімділік

Қостілділік компоненті

Ойыншықтаригрушки

Негізгі идея

Балалар ойыншықтарды тек атаумен ғана емес, олардың пішінін, түсін, қасиетін сипаттап, ең бастысы қай материалдан жасалғанын ажырата білуі керек: резина, пластмасса, жұмсақ мата.

Сабақ барысы

1) Мотивациялық-қозғаушы кезең

Тәрбиешінің әрекеті

Балаларды топқа келген қонақтармен амандасуға шақырады.

Шаттық шеңбері

Арайлап таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Қайырлы күн, қайырлы таң,
Сәтті болсын бүгінгі күн!

Қыс мезгілі туралы сұрақтар қояды: қардың түсі, қардың неге ұқсайтыны, жылы жерге кіргізсе не болатыны.

Қыс туралы тақпақ айтатын балаларды тыңдайды.

Есіктен дыбыс естілгенін байқатып, «Кім келді екен?» деп қызығушылық тудырады.

Балалардың әрекеті

Қонақтармен амандасады, шеңбер бойында қимыл-қозғалыспен өлеңді айтады.

Қыс мезгілі екенін дәлелдейді: дала суық, қар жауып тұр.

Қардың аппақ екенін айтып, қантқа немесе мақтаға ұқсастырады; жылы жерде еріп, суға айналатынын түсіндіреді.

Қыс туралы тақпақтар

Полина:
Өзеніме, көліме
Әсем ою ойыпты.
Ағаштардың бәріне
Алқа тағып қойыпты.

Әсем:
Аулаға қар үйгізді,
Бетті қарға сүйгізді.
Тоңбасын деп теректер,
Қырау ішік кигізді.

Жібек:
Қонақтайды бақтарға,
Ақ көбелек, ақ мамық.
Аунап таза ақ қарға,
Балалар жүр мақтанып.

Жандос:
Тазартып бар кір-шаңнан,
Қыс өнерін бастады.
Терезеге қыраудан
Сурет салып тастады.

Есік жаққа назар аударады.

2) Іздену-барлау кезең

Топқа Еркежан есімді қыз келеді. Оның көңіл-күйі жоқ: бүгін туған күні, бірақ сыйлық алмаған. Балалар оған қуаныш сыйлау үшін ойыншық дүкеніне барып, сыйлық таңдауға келіседі.

Тәрбиешінің әрекеті

Еркежанмен әңгімелеседі: неге көңілсіз, қандай сыйлық қалайтынын сұрайды.

Ойыншықтардың қайда сатылатынын еске түсіреді, дүкенге автобуспен баруды ұсынады.

Автобуста өзін ұстау мәдениетін сұрайды: «Адамдар қалай отырады?»

Дүкенге келгенде сатушымен амандасуға үйретеді, ойыншықтарды таныстыруды ұйымдастырады.

Балалардың әрекеті

Еркежанды құттықтап, сыйлық жасауға келіседі.

Ойыншықтардың дүкенде сатылатынын айтады; автобуспен баруды қабылдайды.

«Бірінің артында бірі отырады» деп, автобустағы тәртіпті сипаттайды.

Көліктің жүрісін дыбыстап, шеңбер бойымен қозғалып «дүкенге» барады.

Ойыншық дүкеніндегі диалог және зерттеу

Сатушы және тәрбиеші

Сатушы балаларды қарсы алып, қандай ойыншық керек екенін сұрайды.

Ойыншықтардың жасалу материалдарын түсіндіреді:

  • Резина: доп сияқты жұмсақ ойыншықтар.
  • Пластмасса: көлік, ұшақ, кеме сияқты қатты ойыншықтар.
  • Жұмсақ мата: аю, қоян, күшік сияқты жұмсақ ойыншықтар.

Балаларға ойыншықты ұстап көріп, қатты-жұмсақ екенін ажыратуды ұсынады.

Балалардың жауаптары мен сипаттауы

Доп: пішіні дөңгелек, түсі қызыл, жұмсақ резинадан жасалған.

Доп туралы тақпақ

Добым, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап?
Үстел үстін бүлдірдің,
Тәрелкені сындырдың.

Көлік: түзу жолмен жүреді.

Ұшақ: әуеде ұшады.

Кеме: суда жүзеді.

Жануарлар туралы тақпақтар

Әсем:
Ақ қоян-ау, ақ қоян,
Үркек қоян, сақ қоян.
Қаша берсең қалыңға,
Қорқақсың деп ат қоям.

Әли:
Қорбаңдаған аюдың
Құлпынайы көп екен.
Теріп-теріп алады,
Қалтасына салады.

Күшік: адамның досы, үйді күзетеді; «аф-аф» деп үреді.

Сыйлық таңдау және әдеп

Маңызды сұрақтар

  • Досың кім: ұл ма, қыз ба?
  • Ойыншықтың айырмашылығы неде (үлкен-кіші, жұмсақ-қатты)?
  • Ойыншықты алғанда ақысын төлеу керек екенін түсіну.

Қорытынды әрекет

Балалар Еркежанға сыйлық ретінде әрқайсысы өз таңдаған ойыншығын алады. Сатушының кеңесіне алғыс айтып, қоштасады.

Есте сақтаймыз

Ойыншықтардың материалы әртүрлі болады: резина, пластмасса, жұмсақ мата.

Сергіту сәті (жолда)

Ұшақ

Ұшақ ұшады әуеде: гу-гу-гу.

Көлік

Көлік жолда жүреді: вын-вын-вын, бип-бип-бип.

Отарба

Отарба былай жүреді: буп-шик-шик.

Топқа оралу және сыйлық табыстау

Балалардың әрекеті

Әр бала Еркежанға өзі таңдаған ойыншығын сыйлайды.

Сыйлықты сипаттап береді: материалы, жұмсақ-қаттығы, түсі, пішіні.

Үлгі сөйлемдер

Еркежан, туған күніңмен! Мынау — доп. Ол резинадан жасалған, жұмсақ, пішіні дөңгелек, түсі қызыл.

Мынау — қоян. Ол жұмсақ матадан жасалған.

Мынау — күшік. Ол да жұмсақ матадан жасалған.

Еркежанның жауабы

«Рақмет сендерге, балалар! Сендер маған көп ойыншық сыйладыңдар. Енді мен оларды достарыма көрсетіп, қандай материалдан жасалғанын айтып беремін. Сау болыңдар!»

3) Рефлексивті-қорытындылау

Қорытынды сұрақтар

  • Бізге кім келді?
  • Еркежанға не сыйладық?
  • Ойыншықтар қандай материалдардан жасалады?
  • Ойыншықтарды қайдан алдық, дүкенге немен бардық?
  • Ойыншықтарды сындыруға бола ма? Неліктен?

Балалардың жауаптары (үлгі)

Еркежан келді.

Оған ойыншықтар сыйладық.

Ойыншықтар резинадан, пластмассадан, жұмсақ матадан жасалады.

Сыйлыққа аю, қоян, доп, күшік таңдадық.

Ойыншықтарды дүкеннен алдық, автобуспен бардық.

Ойыншықтарды сындыруға болмайды: оларды ұқыпты ұстау керек.

Балалар бүгінгі іс-әрекетке белсенді қатысты. Қонақтармен қоштасып, әдептілік көрсетті.

Күтілетін нәтиже

Білуі / хабардар болуы

Балалар ойыншықтардың қандай материалдардан жасалатыны туралы хабардар болады.

Қалыптасқан әдет

  • Оқу іс-әрекетіне қызығушылық танытады.
  • Тақпақтарды мәнерлеп айтуға дағдыланады.
  • Ойыншық атауларын және олардың материалын атай алады.

Істей біледі

  • Сұрақтарға нақты жауап береді, ойыншықты сипаттайды.
  • Топтық ойынға белсенді қатысады.
  • Ұқыптылық пен достық туралы қарапайым қорытынды жасайды.