Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті

Мәңгілік ел

Бұл тәрбие сағаты оқушыларға халық, ел, жер, Отан туралы түсінік беріп, ынтымаққа, достыққа және Отанды сүю мен қорғауға тәрбиелеуді мақсат етеді.

Мақсаты

  • Оқушылардың Отан, ел, жер туралы білімін тереңдету.
  • Бірлік пен татулықтың маңызын ұғындыру.
  • Патриоттық сезімді қалыптастыру, Отанды қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Нақыл сөздер, еліміздің рәміздері.
  • Әр ұлттың ұлттық киімдері.
  • Гүлдер, шарлар.

Сабақтың барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Қайырлы күн, құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және қонақтар! Арайлы жаздың үш айын мазмұнды да мәнді өткізіп, алтын ұя мектебімізге сағынышпен оралған оқушыларды Білім күнімен құттықтаймын!

Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Мәңгілік ел». Тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінде тегі басқа болғанымен — теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен — жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық.

Негізгі ой

Туған елдің туы астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел буған азаматтарды әрдайым бір тағдыр күтеді. Елбасы Н. Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, еліміздің ертеңі «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мол болады. Қазақстанда ұлтына, тіліне, дініне қарамай, барша азаматтың теңдігі Ата Заңымызда айқындалған. Болашаққа бағыт берген «Қазақстан–2050» стратегиясында да ел бірлігі жаңа патриотизмнің түпқазығы ретінде көрсетілді.

Құндылықтар

  • Бірлік бар жерде — бақыт бар.
  • Ынтымақ — достықтың кепілі.
  • Отан — жүрекке жылы тиер қасиетті ұғым.

Отан туралы

Адам жүрексіз өмір сүре алмайды. Сол сияқты Отансыз да өмірдің мәні кемиді. Отан — туған жеріміз, туған-туысымыз, дос-жаранымыз, өмір сүріп жатқан еліміз. Біздің Отанымыз — Қазақстан.

Өлең жолдары

Отан дейміз от жаққан жерімізді,

Отан дейміз өсірген елімізді.

Отан дейміз туған жер, атамекен —

Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,

Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Ән: «Туған жер»

Мемлекеттік рәміздер және ортақ мақтаныш

Тәуелсіздік пен бірлік

Тәуелсіздік кіндігін

Кескен халық — бірлігі.

Ынтымағы барша ұлттың

Нұрын шашқан күн бүгін.

Ырыс пен береке

Бірлігі мен ынтымағы халықтың,

Көзімізде жарқырайды жарық күн.

Ырыс, дәулет, бақыт үшін халықтың,

Жайнай берсін, жайнай берсін жарық күн.

Әнұран

Әнұран — Отанымыздың салтанатты үні, өр де өміршең рухы. Қалықтаған әуеннен туған жердің сазы сезіліп, жүрекке мақтаныш ұялатады, арманды асқақтатады.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады

Елтаңба

Елтаңбамызға көз салсақ, ортада қазақтың қарашаңырағы, күн сәулесіндей уықтары жан-жаққа шашырай тармақталады. Екі жақтағы қанатты пырақтар арынды да айбарлы, ал жоғарыда бес бұрышты жұлдыз жарқырайды. Төменгі бөлікте «Қазақстан» жазуы айқын көрінеді.

Елтаңбасы елімнің — неткен айбат, әдемі,

Тұнығындай көңілдің — ортада аспан әлемі.

Ту

Жалауға қарасам, көңілді мақтаныш кернейді: ол — елдігімізді айқындайтын биік белгі. Туымыз асқақ желбіреп, әлем елдерімен тереземізді теңестіріп тұр.

Жарасқан байрақтың мәні бар,

Көк аспан, күн — қыран сәні бар.

Көк байрақ — ашық күн кеңістігі,

Алтын күн — жеңістің белгісі.

Елорда және кең-байтақ Қазақстан

Астана тарихы

Арқаның қақ төріне қоныс тепкен құт мекеннің топырағы құнарлы, төскейі шұрайлы. Осы өлкеде жас қала уақыт өте бас қалаға айналды: зәулім үйлер көбейді, оқтай түзу даңғылдар ұзарды, келбеті ажарланып, келешегіне сенім артты.

1997 жылы Ақмола мекені Астана шаһарына айналды. Бұл — Қазақстан тарихындағы төртінші астана: Орынбор, Қызылорда, Алматы және Астана.

Заман жаңа, ел жаңа,

Күлімдейді кең дала.

Өз Астанам — өз Ордам,

Сүйенерім сен ғана!

Кең дала — ортақ үй

Даламыз кең-байтақ. Сондықтан да көне күйлер мен толғауы тоқсан жырларда: «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады» деп суреттеледі. Атырауы — айшылық, Қаратауы — қиялға қанат бітірер кеңістік.

Көрікті өлкеме қарашы,

Тізілген орман-тау, қаласы.

Алтай мен Атырау арасы —

Қазақтың кең-байтақ даласы.

Көпұлтты Қазақстан

Республика халқы шамамен 16 миллион. Елімізде қазақ халқымен бірге 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Мұнда ұлтына, нәсіліне қарамай, барша жұрт бір-бірімен туысқандай өмір сүреді. Қазақстанның шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға әр ұлт өкілдері белсене қатысып, бірлесе еңбек етіп келеді.

Ән: «Ел қорғауға әзірміз»

Қорытынды: бейбітшілік пен достық

Өсиет

Тірлігімен адам байлық жасайды,

Бірлігімен асулардан асады.

Адал жандар, жер-Ананы қорғаңдар,

Абайлаңдар, бейбітшілік жасаңдар.

Тілек

Достық бізге тым ыстық,

Бірлік — байлық, ырыс — құт.

Жарқырасын күніміз,

Жаса, жаса, тыныштық!

Хор: «Достық»