Келіңдер наурыз бата берейін

Армысың, Әз Наурыз!

Наурыз — көктеммен бірге келетін жаңару, бірлік және береке мерекесі. Бұл күн — халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен ізгі ниетінің тоғысқан сәті.

Іс-шараның мақсаты

  • Қазақ халқының атадан балаға мирас болған салт-дәстүрін насихаттап, Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, дамыту және көркейту.
  • Оқушылардың ойлауын, қиялын және ізденіс мәдениетін дамыту.
  • Ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеп, халқымыздың дәстүрін қастерлеуге баулу.

Көрнекіліктер мен дайындық

Көрнекілік

Буклеттер, кестелер, шарлар, қанатты сөздер, үнтаспа.

Ұйымдастыру

Кешті екі жүргізуші жүргізеді. Құттықтау, көріністер, ән-күй, би және ұлттық ойындар ұсынылады.

Жүргізушілердің ашылу сөзі

1-жүргізуші

Бағыма көктемменен еніп едің,

Іздедім шуағыңнан көңіл емін.

Бір мезет жоғалғаным табылғандай,

Шаттанды шашуыңнан төңірегім.

Көркейтсін, баспасын да даланы мұң,

Тербетсін табиғатты дана жырың.

Қош келдің төрімізге, төрлет бүгін!

2-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бәріміздің көптен күткен Наурыз мерекеміз келді! Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күнінде еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын. Ескі ауыртпалық ескі жылмен бірге кетіп, жаңа жыл жаңа үміт, жаңа тіршілік әкелсін. Елімізге, жерімізге Наурыз қуанышпен есік ашсын. Барша жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын!

№35 мектеп-гимназиясының оқушылар ұйымы дайындаған «Армысың, Әз Наурыз!» мерекелік кешіне қош келдіңіздер!

Құттықтау сөзі

Алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры Абдолов Алмабек Дүйсенбайұлына беріледі.

Өнер шашуы: ән мен би

1-жүргізуші

Жүріңдер, Наурызға басып аяқ,

Қалыс қауым болмасын, некен-саяқ.

Ән шырқап, би билейтін қауым болып,

Тұрмайық, уақыт келді өнерді аяп.

Қазақ биі

2-жүргізуші

Уа, жараңдар, жараңдар!

Көңілің бар — ояныңдар!

Ата менен анаң бар,

Үлкен-кіші ағаң бар.

Наурыз тойы басталды — бәрің бері қараңдар!

Көрініс: Иманбай ақсақалдың ауылы

Әр ауыл Наурызды өзінше тойлайды. Ендеше, Иманбай ақсақалдың ауылындағы мерекелік думанға бірге көз жүгіртейік.

Немере:

Ата, «Наурызтөл» деген не?

Ата:

Балам, Наурыз айында мал төлдей бастайды. Сол кезде туған төл «наурызтөл» деп аталады. Ол төлбасы ретінде қадірленіп, ерекше күтімге алынады. Төлбасы сатылмайды, біреуге сыйға берілмейді. Көбіне өз қуанышына, тойына немесе Құрбан айт күндері сойып, ырым етеді.

Көрісу дәстүрі

Жастар атасына көрісіп келеді. Ақсақал көрісудің мәнін түсіндіреді: бұл дәстүр Қазақстанның батыс өңірлерінде кең тараған. Наурыздың 14-інен бастап кішілер үлкендерге арнайы барып амандасып, бата алады. Таңертең әке-шешеңе, үйдегі үлкендерге қол беріп амандасу — берекелі жылдың бастауы саналады.

Бата үлгісі

«Жасың қайырлы болсын, өмірің ұзақ болсын, әлі талай көрісуге жазсын!»

Ән шашу

«Шақырады көктем» — орындайтын: Мусағалиева Айжан

Тағам дәстүрі

Келін көже ұсынып, әңгіме-дүкен құрылады.

Пошташының құттықтауы

Пошташы ауыл әкімінің құттықтауын жеткізіп, ел ішіндегі жаңалықты айтады: алда үлкен сайлау болатынын, дайындық жүріп жатқанын хабарлайды. Үлкендерге ақылшы болып, амандық тілейді.

Тағы бір ән

«Наурыз — думан» — орындайтын: Жолдасова Жанель

Ақсақалдың үйі думанға айналып, келесі қуанышты рәсім — бесік тойына дайындық басталады.

Бесік тойы: ат қою және әлди

Ұлыстың Ұлы күні — «жаңа күн» деген мағына береді. Сондықтан бұл күн қуанышты жаңалықпен басталып, ізгі тілекпен жалғасады.

Ат қою

Немеренің атын Думан ақсақал қояды: «Наурызбек» (үш рет қайталайды). Әке-шешесінің, ата-әжесінің есімдерін атап, балаға ақ тілек арнайды.

Бесікке салу

Айғаным құдағайға «қолы жеңіл болсын» деген ниетпен бесікке салу рәсімі ұсынылады. Бұл — ұрпаққа бағытталған береке тілегі.

Әлди

«Әлди-әлди ақ бөпем» — орындайтын: Айғаным құдағай

Ән

«Шілдехана» — орындайтын: Байғалиев Мақсат

Наурыз батасы және бастаңғы

Үлкендер көрісіп қайтуға аттанғанда жастарға бата беріліп, бастаңғы басталады.

Бастаңғы және ұлттық ойындар

Бастаңғы — үлкендер үйде болмаған кезде жастардың жиналып, көңілді отырыс ұйымдастыруы. Бұл басқосу ұлттық ойындармен, ән-күймен өрнектеледі.

Ойын: «Сақина салу»

Арайлым сақина салып жүріп, ойыншыларды ортаға шақырады. Бірнеше айналымнан кейін Мерей «ұсталып» қалады.

Өнер айыбы

Мерей айыбын әнмен не бимен өтейді: ұлттық би «Қаражорға» орындалып, бәрі бірге билейді.

Наурыз көже: жеті дәмнің философиясы

Наурыздың нағыз сәні — Наурыз көже. Ол жеті түрлі дәмнен жасалады: соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген малта құрт, бидай немесе тары, күріш секілді дақылдар және су.

Неге жеті?

«Жеті» — киелі сан. Қазақ ұғымында жетіге құрылған ырым мен тілек мол.

Судың мәні

Су — өмір өзені, ұрпақ өрісі судай асып-тасысын деген тілек. «Дүние — үлкен көл, заман — соққан жел» деген оймен сабақтас.

Тұздың мәні

«Тұз — астың дәмін келтірер, мақал — сөздің мәнін келтірер». Дәмді сөз айтып, татулықты сақтайық деген ишара.

Ақ (сүт) нышаны

«Ақ мол болсын» — береке мен денсаулықтың белгісі. «Ағы бардың — бағы бар» деген түсінікпен астасады.

Ырым және тәртіп

Көжені ыдысқа толтыра құю — жаңа жылдағы несібеміз ортаймасын деген ниет. Құйылған көжені тауысып ішу — ырыс-берекені шақыруға баланған.

Ақсақал батасы

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Пәле-жәле жерге енсін!

Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай
Жұмырасып өріскен.

Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.

Менің берген бұл батам Алланың құлағына шалынсын! Әумин!

Қорытынды

1-жүргізуші

Жарқырасын Атыраудай жеріміз,

Асып-тасысын байлығымыз, кеніміз.

Ел сүйсініп дәулетіне елімнің,

Малға толып жатсын барқыт беліміз!

2-жүргізуші

Тойла бүгін тауларым мен боз далам,

Тойла бүгін қарттарым мен бозбалам.

Мереке боп келген бүгін Наурызым — береке бол, ешқашан тозбаған!

Осымен оқушылар ұйымы дайындаған «Армысың, Әз Наурыз!» мерекелік кеші аяқталды. Наурыздан — Наурызға аман-есен жете берейік!

Атырау қаласы, Жұмыскер кенті, №35 мектеп-гимназиясы. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Тәжбентаева Зульфия Сайлаубайқызы.