Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан Сабақтың мақсаты
Тәрбие сағаты
Тәуелсіздік бастауы — Желтоқсан
Бұл тәрбие сағаты Қазақстанның Тәуелсіздік күніне, Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызына және ел азаттығы жолында жанын қиған ерлердің ерлігіне арналады.
Мақсаты
-
Тәуелсіздік күні туралы мағлұмат беру; тәуелсіздік үшін күрескен Желтоқсан құрбандарын еске алу. Әсіресе Қайрат Рысқұлбековтың өмірі мен ерлігін таныту, ақындығын насихаттау.
-
Оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу: Отанды сүюге, ерлікке, бірлікке, достыққа және ұйымшылдыққа баулу; өз халқының тарихын тануға үйрету.
Тақырыпқа кіріспе
Құрметті ұстаздар мен оқушылар, халқымыз үшін ең қасиетті мерекелердің бірі — Тәуелсіздік күні құтты болсын! Тәуелсіздік жолы оңай болған жоқ. Бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры сынға түсті. Бүгінгі бейбіт күнге Қазақстан қиын-қыстау әрі даңқты белестерден өтіп жетті. Сондықтан тәуелсіздігіміздің мәні айрықша, бағасы теңдессіз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрдайым биік болсын!
Тарихи дерек
Қазақстан Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанды тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз жылға жуық патшалық Ресейдің отары, жетпіс жылдан астам кеңестік жүйенің бұғауында болған Қазақстан егемен ел атанды. Бұл күн — тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Сондықтан Желтоқсан — бүкілхалықтық мереке.
Еске алу сәті
Желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алайық.
Өлең жолдары арқылы ой қозғау
Қанды қырғын — қалған із, Бейне теңіз сең соққан. Жарқылдайды ар-намыс, Алматы. Аяз. Желтоқсан. Дүрсілдейді жүректер, Сесі күшті қарудың. Жүзіне мұң тұнғандай Үлбіреген арудың. Арманы алда, сенім көп, Оранды отқа үміттер. Мұрты жаңа тебіндеп, Келе жатты жігіттер. Жасамай ездік, бос айбат, Намысымен от шайнап, Халық үшін бас байлап, Жанып та кетті жас Қайрат. Қанды қырғын от өрген, Жарқылдады ақыл-ой. Бәрін соның көтерген — Біздің халық батыр ғой!
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның, Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның. Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың, Желтоқсанда егеменді ел болсам деп талпындың. Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы, Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы. Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің, Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы.
Қара мынау ғажапқа, Теңдік тиді қазаққа. Езгідегі ұрпағың, Енді айналмас мазаққа.
Іс-әрекет бөлімі
Жазылым
«Ұлы қазақ даласы» тақырыбында эссе жазу.
Көрсетілім
Бейнежазба тамашалау (слайд, бейнефильм).
Қорытынды ой
Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген қазақ елі, Құдай қаласа, гүлденіп, мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалап, қымбатымыздай құрметтей білейік.
Елтаңбамыз айбарлы, Әнұранымыз әуезді, асқақ бола берсін! Еліміздің елдігінің белгісі — көгілдір Туымыз, қасиетті көк Байрағымыз көкте қалықтап, желбірей берсін!
Хор (ән жолдары)
Өзіңдікі туың да, От пен ауа, суың да. Жаса, Қазақстаным, Белді бекем буында.
Екі жұлдыз, бір тілек.