Алып жануарларды ата
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Сабақтың тақырыбы, мақсаты мен міндеттерін таныстыру.
II. Кіріспе бөлім
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Әр халықтың да, әр адамның да өскен ортасы, кіндік қаны тамған туған жері бар. «Туған жер», «атамекен», «өскен ел» сияқты киелі сөздер жүрекке жылу мен қуат береді. Туған жер дегенде жүрегі елжірімейтін адам кемде-кем. Сондықтан әрқайсымыз туған жерімізді аялап, қорғауға міндеттіміз. Бұл — біздің парызымыз, борышымыз.
Жер — Ана
Жер, өзің таңыңды атырып,
Жатасың күніңді батырып.
Үстіңде теңіздер тулайды,
Дауылдан ормандар шулайды.
Үстіңде бар қанша жақсылық,
Бар қанша молшылық, тапшылық.
Бәрін де көтеріп жатырсың,
Жер, өзің мықтысың, батырысың!
Өлеңде жырланғандай, батыр да мықты Жер — Анамыздың да бізге айтар назы бар. Бүгінде өзендер тартылып, ормандар оталып, құнарлы жерлер сортаңдана бастады. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине, адам. Табиғаттың уылжыған, тамаша дәуренін көрген ата-бабалар ескерткен тыйымдар мен өсиеттерді елемеудің салдары да осы.
III. Негізгі бөлім: «Табиғат қаласына» саяхат
Әдеби аялдама
Табиғатты қорғау тақырыбы поэзия арқылы ашылады.
М. Мақатаев — «Тоғай төңірегінде»
Тоғай еді қара судың ар жағы,
Қайда кеткен қамысы мен талдары?
Не күзетіп, нені бағып жүр екен,
Қайда кеткен мына ауылдың бағбаны.
Талды қиған неткен суық қол еді,
Тоғай тозған, енді, сірә, жоқ емі.
Бұл өңірге не көрінген тәңір-ау,
Бұл өңірде соғыс болған жоқ еді.
Тоғай тозған, топалаң боп сиреген,
Аяулы еді ата-баба тимеген.
Саған айтам, балашықтар бүр жарған,
Шыбық, талың, шыршаларың ұрланған.
Сендер қаулап айналғанша орманға,
Не қалады? Не қалады бұл маңнан?
Көрнекілік ретінде слайд арқылы әдемі табиғат пен қол сұғылған табиғатты салыстыру ұсынылады.
Саяхат картасы: аялдамалар
Әр аялдамада тапсырма, ойын немесе шығармашылық жұмыс орындалады.
- 1 Ботаникалық бақ — өсімдіктер туралы викторина.
- 2 Зоопарк — жануарлар туралы викторина, суреттермен жұмыс.
- 3 Ертегілер әлемі — жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тыйым сөздер.
- 4 Мәдениет үйі — өлең оқу, ән айту, көрініс қою.
- 5 Шеберхана — сурет көрмесі.
- 6 Кітапхана — табиғат туралы кітаптар көрмесі.
- 7 Әкімшілік үйі — «Табиғат менің көзіммен» ой-толғаныс.
2-аялдама: Зоопарк (викторина сұрақтары)
- Жер бетіндегі ең ірі жануар қайсы?
- Әлемдегі ең ірі бақа?
- Ең ұзақ өмір сүретін жануар?
- Даусы ең зор жануарды ата.
- Алып жануарларды ата.
- Ақ аюлар қайда мекендейді?
- Пілдер суда жүзе ала ма?
- Құстардың ең ұзыны (ең бойшаңы) қайсы?
- «Шөл кемесі» атанған жануардың қызметі қандай?
- Құстардың дауысын тыңдап, қай құс екенін тап.
3-аялдама: Ертегілер әлемі
Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер
- Көкті жұлсаң — көктей соласың.
- Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ.
- Орман-тоғай — жер сыны.
- Бетеге-жусан — бел сыны.
- Көкорай шалғын — көл сыны.
- Ебелек-ермен — шөл сыны.
- Қоға көлге бітеді, жантақ шөлге бітеді.
Жұмбақтар
-
Ши басында табақ,
Іші толған тамақ.
Ешкім пісірген жоқ,
Ешкім түсірген жоқ. -
Жерде жатып желінеді,
Күз түскенше желінбейді. -
Әуелінде шөп едім,
Жерге өскен көк едім.
Енді міне қиылдым,
Он жерімнен буылдым. -
Алма дерсің түсіне қарап,
Жүгері дерсің ішіне қарап,
Татсаң тәтті, бал шәрбатты. -
Жазда жатсаң — көлеңкесіне алады,
Қыста жақсаң — жаның рақат табады.
4-аялдама: Мәдениет үйі
«Аңшы мен бала» көрінісі
Аңшы: Құс аулауға шығамысың?
Бала: Шығамын.
Аңшы: Атқаныңды жығамысың?
Бала: Жығамын.
Аңшы: Мә, мылтығым. Атамысың?
Бала: Атамын!
Аңшы: Сен атып қайт, мен демалып жатамын!
Аңшы: Құсың қайда, қарағым-ау?
Бала: Атпадым.
Аңшы: Таппадың ба тоғайдан құс?
Бала: Таппадым!
Аңшы: Көп еді ғой көлде құс?
Бала: Көп екен.
Аңшы: Е, неге атпадың?
Бала: Дәлелім жоқ екен.
Аңшы: Атуға қимадың ба?
Бала: Қимадым. Туған жердің құстарын да сыйладым.
Музыкалық және қимыл-әрекет бөлімі
- «Бау-бақша белдер» әні орындалады.
- Оқушылар жануарлар мен жәндіктердің іс-қимылдарын қимылмен көрсетеді.
5-аялдама: Шеберхана
Сурет көрмесі ұйымдастырылады.
Тақырыптар: «Табиғаттың тынысы», «Жасыл әлем», «Таза өзен — таза болашақ».
6-аялдама: Кітапхана
Табиғат туралы кітаптар көрмесі ұйымдастырылады.
Оқушыларға қысқа аннотация жаздыруға немесе «ұнаған үзінді» оқытуға болады.
7-аялдама: Әкімшілік үйі
«Табиғат менің көзіммен» тақырыбында ой-толғаныс.
Негізгі сұрақ: «Мен табиғатқа бүгін қандай нақты қамқорлық жасай аламын?»
Өсиет сөзі
Мылтықбай Ерімбетұлы — «Ұя бұзба»
Ұя бұзба, ұя бұзба, жұмыртқаға тиме! —
Ұрысушы еді менің анам күйгелек.
Жас шыбықты сындырма деп ұрысатын,
Шыққанымды тұлпарымды сүйрелеп.
Ұя бұзба! Бұзба! — деймін балама,
Өсиетің қандай ғажап, жан ана!
Тал-теректі тамырынан қиятын
Тас жүректер әлі де көп арада...
«Бұзба!» — дейді аспан түгел, жер түгел!
Сол өтініш анамды еске келтірер.
Анам болып, Ұлы Отаным сөйлейді:
Бұзылмасын дүние түгел, жер түгел!
IV. Қорытынды бөлім
«Құпия хатты» шешу
Ортақ үндеу: табиғатты қорғау — күнделікті әрекеттен басталады.
Табиғатты қорғау үшін бәріміз
Күресейік, бір-бір ағаш егейік.
Текке отырмай жасымыз бен кәріміз,
Таза ауа үшін терімізді төгейік!
Мұғалімнің түйін сөзі
Жерұйығым — Жер Ана, саябағым,
Мәңгі бақи саяңда саяладым!
Саған қатер төнгенін, таянғанын
Сезсе жүрек, өзіңді қолыма алып,
Келіп тұрар әлпештеп, аялағым.
Мәңгі жаса, жұмыр жер — асыл анам,
Болсын деймін тәнің сау, басың аман!
Негізгі ой
Туған жерді қорғау — үлкен ұран ғана емес, әр адамның күнделікті таңдауы. Табиғатқа жанашырлық — мейірімнің, мәдениеттің және жауапкершіліктің айғағы.