Ұстаздар әні
Сценарий мәтіні • Жаңа жылдық кеш
Кешті жүргізу: құттықтау, әзіл, бата және ортақ қуаныш
Төмендегі мәтін — ұстаздар мен қонақтарға арналған мектептегі жаңа жылдық кештің жүргізушілер сценарийі. Мәтін өңделіп, тілі түзетіліп, оқуға жеңіл форматқа келтірілді.
Кіріспе сөз
1-жүргізуші
Тарихтағы түріктің, киелі Көкбөрінің, асыл текті Алаштың ұрпағы — армысыздар!
2-жүргізуші
Бар бол, замандастар, бауырлар, ұлағатты ұстаздар мен көңілді құрдастар!
1-жүргізуші (өлең)
Аппақ бүгін қыр-далам,
Ақ мақтаны жапқандай!
Бүкіл әлем — бір ғалам,
Қонақ күтіп жатқандай.
2-жүргізуші (өлең)
Көңілде көп қуаныш,
Әр көңілде — әр қылық.
Кетер жылға мың алғыс,
Әкелген көп жақсылық.
Құттықтау
Құрметті қонақтар, ұстаздар! Келе жатқан жаңа 2019 жыл мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз. Жаңа жыл тек бақыт пен қуаныш әкелсін! Ендеше бүгінгі көңілді кешімізді ашу үшін мектеп директорын ортаға шақырамыз.
Сахналық белгі: Директордың құттықтау сөзі.
1-жүргізуші
Ал енді кешімізді бастайық! Жаңа жыл — ерекше мереке. Жаңа жыл десе, қыс ызғары, аппақ қар, шырша мен сан түрлі сыйлықтар еске түседі. Ал осы мерекені Аяз ата мен Ақшақарсыз елестету мүмкін емес.
Ендеше, орнымыздан тұрайық, бетімізді сахнаға бұрайық, шапалақты аямай соғайық та Аяз ата мен Ақшақарды дауыстап шақырайық!
Сахналық белгі: «Аяз ата! Ақшақар!» (Сахнаға келеді.)
Аяз ата мен Ақшақар: әзіл-диалог
2-жүргізуші
Ал, Аяз ата, Ақшақар сіңлім — қош келдіңіздер!
1-жүргізуші
Аяз ата, сіздікі рахат қой деймін... Жылына 364 күн демалып, 1-ақ күн жұмыс істеп, сол 364 күннің «айлығын» алып кетесіз. Ал біз болсақ 365 күн жұмыс істеп, 182,5 күннің айлығын алып, мәз болып жүрміз.
Аяз ата
Неге олай, қарағым? Неге 182,5?
2-жүргізуші
Былай ғой... Бізде сенбі мен жексенбі бар. Ол күні мектепте емес, өзіміздің «жеке офисімізде» жұмыс істейміз. Бірақ оған төлемейді ғой...
Аяз ата
Е, қарағым, менікі де оңай емес! Екі бұғым бар — жем-шөбі бар. Ақшақардың қысқы-жазғы киімі, косметикасы, салоны бар... Одан бөлек өзімнің де шығыным жетеді. Еріккеннен жүрген жоқпын ғой.
1-жүргізуші
Ой, қояйықшы... «Жылағанның алдынан өкірген шығады» дейді.
2-жүргізуші
Соны айтам. Бір-ақ тілек айтсын деп едік, проблеманы айтып кеттіңіз ғой, Аяз ата!
Негізгі ой
«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер.» Ендеше, Аяз ата, тілек жаудырып, ұстаздар қауымына бата беріңіз!
Аяз атаның батасы
Аяз ата
Жарайды, қарақтарым, қолдарыңды жайыңдар!
Жаңа жыл құтты болсын!
Шаңырақтарың шаттыққа толсын!
Әр үйде амандық болсын!
Бесікте балаң жылап,
Үйлерің у-шу болсын!
Жұмыстарың жемісті болсын!
Айлықтарың көп болсын!
Айтпай шапқан жау жаман,
Фронтальныйларың жоқ болсын!
А4 қағаздарың көп болсын,
Файлдарың мол болсын!
Ручкаларың бітпесін,
Сияларың кеппесін.
Соткаларың өшпесін,
Комиссияларың келмесін.
Оқушыларың білімді болып,
Мектеп атын асқақтатсын!
Жұрт: «Әумин!»
1–2-жүргізуші
Мә, не деген бата! Рахмет, Аяз ата!
2-жүргізуші
Ал, Ақшақар, сіз не дейсіз? Шынымен де Аяз атаның «счетының» есебінен өмір сүріп жүрсіз бе? Бір ауыз сөз айтыңызшы.
Ақшақар
Жаман демес ешкім өз атасын,
Қалайша жан жүрегің сыздамасын?!
Сіздерге ұнап қалған аташкамның,
Ақ батасын жазған да — мен боламын.
1–2-жүргізуші
Ой, керемет! Керемет!
2-жүргізуші
Сөз тапқанға қолқа жоқ! Жақсылап дайындалып келіпсіздер ғой. 364 күн сол тақпақты жаттауға кеткен шығар.
Қонақжай ишара
Алғысымыз шексіз! Сонша жерден бұғыларыңызды терлетіп келген сіздерді құр қол қайтармаймыз. Сыйға — сый, батаға — бата!
Ендеше, бата берер мектеп атты шаңырағымыздың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары — ду қол шапалақпен ортаға шығыңыздар!
Сахналық белгі: Үлкен кісілердің құттықтау сөзі.
1–2-жүргізуші
Айтқандарыңыз айдай келсін! Жаппай би!
Ән, өлең және бағдарламалық нөмірлер
1-жүргізуші (өлең)
Білінбейді жас жүрекке түнгі ызғар,
Сыйлар шабыт ақындарға гүл-қыздар.
Әнші қыздар ән салғанда, беу, шіркін,
Жымыңдайды аспандағы жұлдыздар!
Сахналық белгі: Кезекті әсем әнге береміз. «Қош келдің, Жаңа жылым, қазағыма!»
2-жүргізуші
Әріптестер, біз — ерекше жаратылыс иесіміз. Айтыңыздаршы:
- Кім таңғы ас ішпей-ақ бүкіл тірлікті тиянақты істей алады?
- Кім жұмыс уақыты басталмаса да ерте келіп үлгереді?
- Кім түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істей алады?
- Кім түн ортасында жұрт ұйқыда жатқанда компьютерге телміріп отырады?
- Кім өзіне өзі сұрақ қойып, өзі жауап береді?
- Кім бір уақытта 30 адамның сұрағына 30 түрлі жауап табады?
- Кім керек емес қағаздарды үнемі көтеріп жүреді?
- Кім бүкіл ауылды таниды?
Әрине, тек қана біз — мұғалімдер!
Біздің істеген жұмысымызды ешкім дәл біздей жасай алмайды. Сондықтан өзімізге құрмет көрсетіп, шапалақ соғайық!
Сахналық белгі: Жас ұстаздар «Ұстаздар әні» (жастар).
2-жүргізуші
Енді кішкентай ойын ойнап жіберсек... Рахмет, баршаңызға: ойнадық, күлдік, биледік. Ал енді ән тыңдайық.
Сахналық белгі: Арайдың орындауында «Первая любовь» әні. Қарсы алыңыздар!
Жаңа жылға ортақ тілек
1-жүргізуші (өлең)
Уа, халайық, жараңдар,
Айналаға қараңдар!
Жаңа жылдың бұл тойын
Салтанатқа санаңдар!
2-жүргізуші (өлең)
Қызық көріп, шат болып,
Шаттық күліп тараңдар.
Уа, халайық құрметті,
Көмейіме жыр кеп тұр.
Жаңа жылды қарсы алып,
Өткізейік дүрмекті.
1-жүргізуші (өлең)
Уа, халайық, той бүгін,
Бақыт, шаттық мол бүгін.
Қарсы алайық жаңа жылды,
Ұзатайық ескі жылды!
1–2-жүргізуші: Жаңа жыл құтты болсын!
Құттықтау сөздер: әкімшілік және ұстаздар
1-жүргізуші
Құрметті, банкет сүйер қауым, ендігі кезекті тілектерге берсек...
2-жүргізуші
Ортаға — біреу үшін «оңбай таяқ жейтін», біреу үшін сөз еститін, қонақ келсе бірінші қарсы алатын, жұмыстың рөлін басқаратын: біреуге әпке, біреуге ағай, біреуге завуч, біреуге көрші бола білген мектеп әкімшілігін ду қол шапалақпен шақырайық!
Сахналық белгі: «Әкімшілік, жаппай ортаға!» (Әкімшіліктің сөзі.)
Бағдарлама
Ойын. Дискотека. Жаппай би.
1-жүргізуші
Баршаңызға рахмет, орындарыңызға жайғасайық! Ал енді мектептің қарбалас өміріне үйреніп, шыңдалған орта буынды ұстаздарымызды ортаға шақырайық: жұмысқа барарда тоңазытқыштағы асын асықпай ішіп алатын, «комиссия келе жатыр» десе, «келмей жүрген комиссия ма еді?» деп жауап беретін, көп жасамаса да көпті көріп үлгерген әріптестеріміз — ортаға!
Сахналық белгі: Жаппай би.