Туынды зат есімдерді теріп жаз, сөз құрамына талда
Тақырыбы: Негізгі және туынды зат есім
Бұл сабақта оқушылар зат есімнің негізгі және туынды түрлерінің жасалу жолдарын салыстырып, сөз құрамына талдау жасау арқылы білімдерін бекітеді. Сабақ мазмұны ойын, сұрақ-жауап, салыстыру, талдау-жинақтау сияқты тәсілдермен ұйымдастырылады.
Білімділік мақсаты
Зат есімнің негізгі және туынды түрлерінің жасалу жолдарын және айырмашылықтарын түсіндіру. Сөз құрамы туралы білімді пысықтап, жетілдіру.
Тәрбиелік мақсаты
Шапшаңдыққа, ұқыптылыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу. Өз бетінше тапсырма орындап, нәтижеге жете білу дағдысын қалыптастыру. Мамандық иелеріне құрмет пен алғыс сезімін ояту.
Дамытушылық мақсаты
Танымдық қабілеттерін, сауаттылықтарын және көркем жазу дағдыларын дамыту.
Қолданылатын әдіс-тәсілдер мен көрнекілік
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндірмелі-иллюстративті
- Сұрақ-жауап, ой қозғау
- Салыстыру, талдау-жинақтау
- Проблемалық әдіс, ойын, ассоциация
Көрнекілік
- Суреттер
- Слайдтар
- Интерактивті тақта материалдары
Сабақтың барысы
I. Қызығушылықты ояту кезеңі
Бастау1) Ұйымдастыру
- Амандасу.
- Оқушыларды және құрал-жабдықтарын түгендеу.
- Назарын сабаққа аудару.
- Сабақтың мақсат-міндетін түсіндіру.
Психологиялық дайындық
Балалар, бүгінгі сабақта Арман есімді жалқау балаға қазақ тілі пәнінен жаттығуларды орындауға көмектесейік. Келісеміз бе?
2) Жаңа сабаққа дайындық (тірек білімді жетілдіру)
Негізгі зат есім
Негізгі түбірден болған зат есім негізгі зат есім деп аталады.
Туынды зат есім
Түбір сөздерге жұрнақ жалғану арқылы жасалған зат есім туынды зат есім деп аталады.
Интерактивті тақтадан негізгі және туынды зат есімдерге қосымша мысалдар көрсетіледі.
II. Ой толғаныс кезеңі
БекітуОқулықпен жұмыс
1-жаттығу. Ребусты шеш
Суреттегі заттардың атын үлгіде көрсетілгендей жаз. Оларға сұрақ қойып, мағынасын салыстыр.
| Құрау | Нәтиже |
|---|---|
| көз + ілдірік | көзілдірік |
| балық + шы | балықшы |
| ас + паз | аспаз |
| дәрі + гер | дәрігер |
2-жаттығу. Өлеңді оқы
Іскерлер
Дәрігер бала емдейді,
Жолшы жолды жөндейді.
Ұстаз сабақ береді,
Бағбан жеміс егеді.
Ұста темір соғады,
Балташы ағаш жонады.
Диқан тыңды тігеді,
Ісмер кесте тігеді.
Кенші жерді қазады,
Ақын өлең жазады.
Тапсырма
- Туынды зат есімдерді теріп жазып, сөз құрамына талда.
- Туынды зат есім болатын тағы қандай мамандық атауларын білесің?
Мысал жауаптар
дәрігер, жолшы, балташы, ісмер, кенші
3-жаттығу. Топтастыр
Негізгі зат есімдерді бір қатарға, туынды зат есімдерді екінші қатарға жаз.
Негізгі зат есімдер
ойпат, сый, қалам, ағаш, өнер, су, балық, мұз, коньки, көл
Туынды зат есімдер
суретші, сыйлық, қапшық, сусын, үйшік, құлыншақ, асхана, суат
Қосымша тапсырма: туынды зат есімдердің түбірі мен жұрнағын белгіле.
4-жаттығу. Жұрнақ қосып, туынды зат есім жаса
Түбір сөздерге тиісті жұрнақтарды қосып, туынды зат есім жаса: -шы, -ші, -лық, -лік, -дық, -тық, -хана.
Берілген сөздер
кітап, дос, егін, орын, таза, адам, мал, шебер
Мысал жауаптар
кітапхана, достық, егінші, орындық, тазалық, адамдық, малшы, шеберлік
Сергіту сәті
Көрікті далама қарашы,
Тізілген орман, тау, қаласы.
Алтай мен Атырау арасы —
Қазақтың кең байтақ даласы.
Сабақты бекіту: «Ойлан, тап» ойыны
Интерактивті тақтадан бірнеше сурет көрсетіледі. Оқушылар суреттегі заттың атын атап, жұрнақ жалғап, туынды зат есім жасайды. Кейін туынды зат есімдерді қатыстырып сөйлем құрайды.
Суреттер тізімі
қой, етік, үй, бес, домбыра, мүсін, қобыз, жылқы
Үй тапсырмасы
- Ережені жаттау.
- 5-жаттығуды орындау.
- Туынды зат есімдерді қатыстырып «Кім болам?» тақырыбында шағын шығарма жазу.
Бағалау
Бағалау өзіндік жұмыстың қорытындысы және оқушылардың сабақ барысындағы белсенділігі негізінде жүргізіледі.