Аққу тобы

Сайыстың тақырыбы мен мақсаты

Тақырыбы

«Құстар әлемінде»

Мақсаты

  • Оқушыларға туған табиғатты сүюді, құстарды қорғау — барша адамзаттың міндеті екенін ұғындыру.
  • Тапсырмалар арқылы алған білімді тексеру, ептілікке және шапшаң қимылдауға баулу.
  • Еркін сөйлеуге дағдыландыру, өз ойын анық жеткізуге үйрету.
  • Табиғатқа және қоршаған ортаға қамқорлықпен, мейірімділікпен қарауға тәрбиелеу.

Кіріспе сөз

Армысыздар, құрметті оқушылар мен ұстаздар! Бүгінгі «Құстар әлемінде» атты сайысымызда жаратылыстану сабағында алған білімімізді жинақтап, қорытынды жасаймыз.

Құс — табиғат байлығы. Байлықтың көзі — құстарды әркез қорғай білу. Ендеше, сайысымызды бастайық!

Әділқазылар алқасына шақыру

Ашық жарқын жүзді әділқазыларымыз тыңдап, әділ баға беруге дайын. Қош келдіңіздер!

Мәңгі есте қалар қызықты ойын болсын, білімдірек шәкірт озсын, сұрақтары да тартымды әрі ойландырарлық болсын!

Сайыс барысы

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кезең білімді, тапқырлықты және жылдамдықты талап етеді.

1) Топтардың таныстырылымы

  • «Аққу» тобы
  • «Қарлығаш» тобы

2) Зоовикторина

  1. Үй маңына үйір, адамға жақын, ел тыныштығының белгісі болатын құс?
    Жауабы: көгершін
  2. Оңтүстіктен ең бірінші болып ұшып келетін құс?
    Жауабы: қараторғай
  3. Басында тарағы бар, бірақ шаш тарай алмайды. Ол не?
    Жауабы: әтеш
  4. Дүние жүзіндегі ең кішкентай құс?
    Жауабы: колибри
  5. Қай құс өзінің атын қайталайды?
    Жауабы: көкек
  6. Қай құс жемін ұшып жүріп аулайды?
    Жауабы: қарлығаш
  7. Қай құстың ұясы болмайды?
    Жауабы: көкек
  8. Құстардың негізгі мекені?
    Жауабы: ұя
  9. Құстарды қандай екі топқа бөлеміз?
    Жауабы: жабайы және үй құстары
  10. Құстар қай класқа жатады?
    Жауабы: құстар класы (омыртқалы жануарлар)

3) Құстардың атымен байланысты есімдер

Құстардың атауынан шыққан қыздар мен ұлдардың есімдерін атау: Сандуғаш, Қарлығаш, Қаршыға, Бүркіт, Аққу, Торғай, Лашын, Бұлбұл, Сұңқар.

Музыкалық үзіліс

Сазды әуенін сыйлауға арамызға әнші келді. Әнді ынтамен тыңдауға шақырамыз!

8 «А» сынып оқушысы Дәулеттің орындауында: «Ақ көгершін» әні.

4) «Ұйқасын тап» ойыны

  1. Тастан тасқа секіріп, жем тереді — кекілік.
  2. Аппақ «доп» тауып, шақырады ақ — тауық.
  3. Тұмсығымен шымшып, құрт тереді — шымшық.
  4. Үні ғажап, дүлділ, бақта сайрар — бұлбұл.
  5. Орыннан орынға ауысқан, ұшқалақ қара ала — сауысқан.
  6. Шабақ аңдып жағада, шарқ ұрады — шағала.

Үй тапсырмасы: көріністер

Екі топ та табиғатты аялау тақырыбын сахналық қойылым арқылы көрсетеді.

«Аққу» тобының көрінісі

Көріністе бала ұя бұзып, құстарға тас атып, жұмыртқаны жарып жүреді. Қыз бала оған қарсы болып, табиғатты қорғауға шақырады:

«Ұя бұзба, жұмыртқаға тиме», — деп ұрсушы еді менің анам күйіне.

«Жас шыбықты сындырма», — деп ұрысатын, қошақанды сүйрелеп шыққанымда.

«Ұя бұзба, ұя бұзба, балақай!»

Сахнада көл бейнеленеді. Көл бетінде екі аққу жүзіп жүреді. Қолында мылтығы бар адам аққуларды аңдып тығылады. Аққу биі орындалады.

Аңшы атуға ыңғайланған сәтте ұлттық киім киген бала жүгіріп шығып, қолын қағып жіберіп:

«Тиме аққуға! Аққудың киесі бар.

Мендейлердің атын ал, түйесін ал,

Мендейлердің затын ал, биесін ал,

Тимеңдерші — көлімнің көркі болсын,

Жанарында мұңлықтың жасы бар ғой».

«Қарлығаш» тобының көрінісі

Үйдің төрінде ата немересімен әңгімелесіп отырады. Ол жер-ананы қадірлеуді, киелі құстарға қамқор болуды өсиет етеді.

Осы кезде айқай-шу естіліп, шапқыншылар кіреді. Әскер басы ауыл адамдарын қоныс аудартқанын айтады.

Ата шаңырағына қарайды да:

«Шаңырағыма киелі қарлығаш ұя салып еді. Балапандары қанаттанып шықсын деп тосып отырған жайым бар.

Обал ғой, балапандары әлі жетілген жоқ».

Әскер басы ата мейіріміне тәнті болып, басын иіп, кетіп қалады.

Құс та адамды жағалайды, санап туған бауырласы.

Ұя салып паналайды, үйдің дала қарлығашы.

Әрқашан да зәру аң-құс адамзаттың мейіріне, адал, аппақ пейіліне.

Аң-құсын қорғау — бабаңның емес пе басты ұраны.

Танымдық кезеңдер

6) Құстар қандай үн шығарады?

Бозторғай
шырылдайды
Тауық
қыт-қытайды
Қарға
қаңқылдайды
Қарлығаш
шиқылықтайды
Бөдене
бытпылдықтайды
Тоқылдақ
тоқылдатады
Көкек
көкектейді
Тырна
тыраулайды
Үйрек
барқылдайды
Тауыс
шақырады
Торғай
шиқылдайды
Бүркіт
шаңқылдайды
Көгершін
уілдейді
Қаз
қаңқылдайды
Қырғауыл
шақылдайды
Сұңқар
саңқылдайды

7) Сөзтізбек шешу

Екі топ «Құстар» тақырыбындағы сөзтізбекті шешеді. Топтар тапсырманы орындап болғанша, көрермендерге қосымша жұмбақтар жасырылады.

8) «Жұмбақ сурет»

Құстардың атын табу үшін әр сурет пен кішкене дөңгелекшелер беріледі. Егер суретті дұрыс түсініп, дөңгелекшелерге қажетті әріптерді орынды толтырсаңдар, жұмбақталған құстардың атауы шығады.

Екі топқа үлестірмелі қағаздар таратылады.

Суретшілер сайысы

Көзді жұмып, құстың суретін салу.

Қорытынды

Әділқазыларға сөз

Нәтижелер жарияланып, әділ бағалар қойылады.

Марапаттау және қоштасу

Жеңімпаздар марапатталады. Баршаңызға рақмет! Келесі кездескенше, күндеріңіз сәтті өтсін.