Диктанттың мәтінінде
Аңдатпа
«Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы» 5–6-сыныптар үшін қазақ тілі пәнінен типтік оқу бағдарламасына сай құрастырылған. Жинаққа әр сыныпқа арналған ғылыми-танымдық және тәрбиелік мәні бар мәтіндер енгізілген.
Оқу-әдістемелік құрал (оқыту тілі — қазақ тілі) қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне ұсынылады.
Аннотация (орысша)
Сборник диктантов и изложений для 5–6 классов составлен в соответствии с типовой программой по предмету «Қазақ тілі». В сборник включены тексты научно-воспитательного значения. Учебно-методическое пособие предназначено для учителей казахского языка и литературы (с казахским языком обучения).
Кіріспе
Ұсынылып отырған оқу құралы жалпы білім беретін мектептің (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін) 5–6-сыныптарына арналған. Құрал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген оқу бағдарламасына сәйкес дайындалған (2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып).
Бұл жинақ қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне арналған және 5–6-сынып оқушыларының жазба сауаттылығын дамытуға, сондай-ақ білім деңгейін жүйелі тексеруге бағытталған.
Диктант мәтініне байланысты мұғалім ескеретін мәселелер
Негізгі ұстаным
Диктант — оқушылардың орфографиялық және пунктуациялық сауаттылығын тексерудің негізгі формаларының бірі. Қорытынды жазба жұмыстары оқушылардың ауызша жауаптары мен жазба жұмыстарындағы нәтижелерін ескере отырып, белгілі бір көлемде жүргізіледі.
Мәтінді таңдау
Диктант үшін әдеби тіл нормаларына сай мәтіндерді қолдану ұсынылады. Диктант белгілі бір тақырып бойынша жүргізілетіндіктен, мәтінде сол тақырыптың негізгі орфограммалары мен тыныс белгілері қамтылып, бұрын меңгерілген дағдылардың беріктігін де көрсетуі қажет.
Орфограммалар көлемі (сынып бойынша)
- 5 5-сыныпта диктант мәтініне өткен сабақтарда меңгерілген орфограммалар ғана енгізіледі; жаңа/қиын сөздер саны 5 сөзден аспауы тиіс.
- 6 6-сыныпта өткен материалға сүйеніп, жаңа/қиын сөздер саны 7 сөзден аспауы қажет.
Маңызды ереже
Егер мәтінде жазылуы бұрын түсіндірілмеген қиын сөздер кездессе, олар тақтаға жазылады. Диктант мәтінін таза қағазға көшіруге рұқсат етілмейді.
Сонымен қатар, диктант мәтініндегі барлық цифрлар (оның ішінде мезгіл көрсеткіштері де) сөзбен жазылады.
Өткізу тәртібі
- 1 Мұғалім мәтінді алдымен толық әрі мәнерлеп оқып шығады.
- 2 Содан кейін сөйлемдерді рет-ретімен оқып, жаздырады.
- 3 Соңғы сөйлем жазылған соң, мәтін толық қайта оқылады (баяу қарқынмен).
- 4 Мұғалімнің рұқсатымен оқушылар жұмысты қосымша тексере алады.
Диктантты бағалау өлшемдері
Диктантқа бір ғана баға қойылады. Бағалау кезінде қателердің қайталануы, біртектілігі және қателердің «жеңіл» немесе «маңызды» болуы ескеріледі.
Негізгі шкала
- «5» Қате жоқ, немесе емледен 1 жеңіл қате (1/0), немесе тыныс белгісінен 1 қате (0/1)
- «4» (3/3) немесе (2/4) немесе (1/5), сондай-ақ емледен бір типті (4/0) қате
- «3» (6/5) немесе (5/6) немесе (3/8)
- «2» (9/5) немесе (8/9)
Жақшадағы көрсеткіштер: емле қатесі / тыныс белгі қатесі.
Ескертпелер
-
Қайталану және біртектілік
Бір қате бір сөздің құрамында немесе түбірлес сөздердің түбірінде қайталанса, бір қате болып саналады. Біртекті қателердің алғашқы үшеуі бір қате ретінде есептеледі, кейінгілері бөлек саналады.
-
Түзету саны
Мәтінде 5-тен артық түзету болса, баға 1 балға төмендетіледі. 3 және одан көп түзету болған жағдайда «5» қойылмайды.
-
Есепке алынбайтын қателер
- Сөзді тасымалдау.
- Мектеп бағдарламасына енбеген ережелер.
- Әлі меңгерілмеген ережелер.
- Арнайы жұмыс жүргізілмеген қиын сөздер.
-
Жеңіл қателер
Екі жеңіл қате бір қате болып есептеледі. Жеңіл қате: ережеге бағынбайтын сөздер, сондай-ақ автор сөзін берудегі тыныс белгілері.
Қосымша тапсырмаларды бағалау (ұсыныс)
«5»
Барлық тапсырмалар толық орындалса.
«4»
Тапсырмалардың 3/4 бөлігі орындалса.
«3»
Тапсырмалардың жартысы орындалса.
«2»
Тапсырмалардың жартысы да орындалмаса.
Ескерту: қосымша тапсырмалардағы орфографиялық және пунктуациялық қателер диктант бағасына әсер етеді.
Қатемен жұмыс
Оқушылардың жазба жұмыстарын мұқият тексеру сауаттылықты арттыруға көмектеседі. Қатемен жұмыс келесі сабақтың 15–20 минуты көлемінде ұйымдастырылады. Оқу бағдарламасында бұл жұмыс түріне арнайы сағат бөлінбегендіктен, журналға тіркелмейді.
Дәптер жүргізуге қойылатын талаптар
- Ай аты мен күн реті жазбаша жазылады.
- Күн реті мен жұмыс түрінен соң нүкте қойылмайды.
- Дәптердің басынан жол тасталмай, барлық жазбалар бір деңгейде жазылады.
- Барлық жұмыстар ережелерді сақтай отырып, ұқыпты рәсімделуі керек.
Диктант мәтіндері (5-сынып)
Жас балапандарды күту
91 сөз
Жұмыртқадан шыққаннан кейінгі алғашқы үш күнде балапандарға тары ботқасы мен ақ ірімшік беріледі. Жұмыртқаны қатты пісіріп, қабығын уатып қосып беру де пайдалы. Үш күннен кейін балапандарға жаңа піскен жұмсақ қызылша сияқты азықтар беріледі. Онымен бірге астықтың жармаланған дәндерін де беруге болады. Жем салатын астаушаларға бор, көмір және ұсақ тастар салынып қойылады. Бұлар жас балапандардың сүйегін қатайтып, жемді бойына сіңіруге көмектеседі. Екі айға дейін балапандарға күніне алты-жеті рет, одан кейін күніне төрт рет жем беру керек. Жас балапандар ерекше күтімді қажет етеді: орындары жылы әрі құрғақ болуы тиіс.
Ақсақ киік
91 сөз • С. Бақбергенов
Басқаларынан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жерден биік көтеріле алмаса да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ киік пен шапқан аттардың арақашықтығы бірте-бірте қысқара түсті. Кедей ауылдың сыртында ойнап жүрген топ бала бұл көрініске таңырқай қалды. Киіктер көзден таса болып, қуғыншылар әбден көрінбей кеткенше, балалар аттылардың соңында қалған бозғылт шаңға телміріп тұрды. Әсіресе, топ ішіндегі жасы онға жаңа келген қыз бала әлгі көрініске зер сала қарады. Жас болғанымен, оның жүрегінде әлдебір аяныштың ізі қалып қойғандай еді.
Асан мен Үсен
93 сөз • Ы. Алтынсарин
Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүрді. Молаға жақындағанда қаңқылдаған қаздың дауысы естілді. Үсен жақын жерде көл барын сезді, өйткені қаз сусыз жерді мекен етпейді. Екеуі қырға шықты. Қырдың төмен жағы көл екен. Көлдің айналасы да, іші де құжынаған малға толы. Бір топ жылқы көл ішіне түсіп, белінен құраққа кіріп тұр. Сортаңды жағада түйелер жатыр. Бұларды көрген балалар қырдан түсіп, жүгіріп малға келді. Сөйтсе, бұл өз ауылының малы екен. Малшылар Асан мен Үсенді көріп қуанды. Біреуі әке-шешелерінен сүйінші сұрауға шауып кетті. Қалғандары балаларды атқа мінгізіп, ауылға алып жүрді.
Балалық шақ
95 сөз • (Т. Б.)
Менің туған отбасым — кәдімгі отбасылардың бірі. Әкем кедей шаруадан шыққан. Оның аздаған білімі болды, қолы өнерлі еді. Сондықтан әкем ағаш ұстасы, ал шешем сауыншы болды. Тұрмыс түзеліп, жұрт дәулетті тұра бастады. Біздің үй ауылдың шетінде еді. Кішкентай бақшамызда алма, шие, алша, қарақат өсетін. Үй сыртындағы алаңда балалар асыр салып ойнайтын. Өзімнің үш жасар кезім әлі есімде: апам мейрам күні мектепке ала барды. Мен орындыққа шығып тұрып, тақпақ айттым. Оқушылар мені мақтап, қол шапалақтады. Содан бері мен мектепке баруды арман еттім. Ағам мен апам сияқты сабақ оқығым келді. Құрбыларыммен бірге мектеп терезесінен сығалап, шәкірттердің жазу жазғанын қызыға қарап тұратынмын.
Тайга
95 сөз • «Ғалам ғажаптары»
Тайга — ит мұрны өтпейтін қалың орман. Онда үнемі қар жатады. Тайга біздің елдің шығысы мен терістігінің арасын алып жатыр. Мұзды мұхиттан соққан суық желді осы қалың орман бізге қарай өткізбейді. Тайгада бұғы мен марал, аю мен қасқыр да бар. Ағаш қабығын жеп күнелтетін тайга бөденесі мен бұлдырық, тоқылдақ сияқты құстар өз алдына бір төбе. Жаз маусымында бірер айға келіп, сайран салатын аққу, қаз, үйректер де тайганың қонағы. Тайга халқы көбіне бірнеше ит жеккен шанамен жүреді, өйткені қары қалың болғандықтан, машина барлық жерде бірдей жүре бермейді. Тайгалықтар үйлерінің қабырғаларын да қалың етіп салады.
Қартқожа
96 сөз • Ж. Аймауытов
Қартқожа көйлекшең, жалаңбас күйі көк шөпке бауырын төсеп, кітабын оқып жатыр. Оның кітапқа ынтасы сонша, жан-жағына да қарамайды, демін де сездірмей алады. Екі атты да ұмытып кетті: біреу алып кетсе де, білер емес. Оқыған сайын ажарлана түседі, көзін қадап, қағазды жеп қоятындай. Әлден уақытта аяғына жетті. Кітабын жаппай, ойланып, басын шайқап, таңдайын қағып біраз жатты. Содан кейін басын көтерді. Қартқожаның бар ойы оқуға ауып кетті. Өзіне-өзі «оқимын» деп серт етті. Қалай оқиды? Қайдан оқиды? Қайда барады? Қаражатты қайдан табады? Бұл жағы ойына да келмеді. Қайтсе де оқымақ болды.
Ұсталық кәсіп
97 сөз • А. Сейдімбек
Қасым ұста іске жарайды-ау деген мүйіздерді жыл он екі ай жинап жүретін. Оның ішінде киіктің, арқардың, сиырдың, серкенің мүйіздері де болатын. Соның бәрін күн тимейтін саялы қалтарысқа жинап қоятын. Көктем шығып, ел жайлауға көшкенде, Қасым қыстау қасынан ағатын бұлақтың табанындағы қара қорыс пен көкала сазды белшесінен қазып, мүйіздерді көміп кететін. Жаз өтіп, ел қыстауға оралғаннан кейін бір-бір жарым ай өткен соң, Қасым ұста көмбенің тоңын ойып, мүйізді үйге алып келеді. Әкелісімен жылы суға салып, саз-топырағын жуып тастайды. Сосын барынша әрлеп, әсемдеп ожау, қамшы сап, құты-сауыт, тарақ, көзілдірік секілді бұйымдар жасап шығаратын.
Ғарышкер
99 сөз • М. Қалматаев
Жаны жайсаң жақсы адамдармен жақын жүрудің өзі мерейіңді өсіріп, көңіліңді көтереді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен бір сәт жүздесе қалса, көп адамның осындай ойда болары сөзсіз. Өйткені Тоқтар Оңғарбайұлының өн бойынан батырлықпен бірге кішіпейілділік, қарапайымдылық, үлкен адамгершілік аңғарылады. Оның балаша аңқылдаған ақ жүрегін айтсаңшы! Тоқтар Әубәкіров туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Аты аңызға айналған тұлғаны бесіктегі баладан бастап еңкейген кәріге дейін біледі. Тоқаңның депутат, мемлекет қайраткері ретінде атқарған игілікті істері туралы да көп айтуға болады.
Біздің қала
100 сөз
Біз Алматы қаласында тұрамыз. Алматы — ең әдемі қалалардың бірі. Таудан төмен қарай созылған тіп-тік, көрікті көшелері неше түрлі ағаштармен көмкерілген. Көшелердің екі жағымен сылдыраған мөлдір бұлақтар ағып жатады. Достық сарайы, Спорт сарайы, Оқушылар сарайы және көп қабатты қонақ үйлер өздерінің әсем келбетімен көздің жауын алады. Қаланың оңтүстігін басынан өмір бойы қар кетпейтін ақбас Алатау қоршайды. Тау беткейін қысы-жазы өзгермей, мәңгі жасыл шырша мен қарағай, ақ қайыңдар жапқан. Қалада тарихи орындар, мұражайлар, көрікті жерлер мен бақтар өте көп. Қаланың батысы мен шығысынан Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері ағып жатады. Алматының табиғаты — сирек кездесетін тамаша табиғат!
Тіл қисыны
100 сөз • А. Байтұрсынов
Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға түрлі зат керек. Егер керек зат топырақ болса, оны біріктіріп илейді, иленген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй шығарады. Неғұрлым сәулетші қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті болады. Пікірлі әңгіме құрау үшін жұмсалатын зат — сөз. Үйдің түрлі болуы балшығынан, кірпішінен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің де түрлі шығуы тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен. Әңгіме көркем шығуы — сөздің тізілуі мен әңгімешінің пікірлеуіне байланысты. Жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, шығарған сөзі де әсерлі, әдемі шықпақ.
Күз
100 сөз • С. Сейфуллин
Күзге салымғы шуақты күндердің бірі. Танабай ауылы Ақмоланың оңтүстігіндегі Нұра өзенінің бойындағы қыстауында отыр. Өзен жағалары қалың биік тас, кей жерлерде талмен араласа шыққан қамыс. Араларындағы қырат жерлерде биік қараған мен тобылғы өседі. Өзеннің екі жағындағы жайқалған өсімдіктер сары ала алтынданып, әбден піскен кезі. Қарағанның жапырақтары сарғайып, бүршіктері қызарып, құндақтары тұқым шашқан. Тікеннің жазғы гүлдерінің орнында қызыл моншақтай итмұрын самсап тұр. Қызыл тобылғының жасыл жапырағы алтындай сарғайып құбылған. Өзен мен қарасудың жағасындағы селдіреген қамыстың әдемі шашақтары үлбіреп, жел соқса ақырын ырғалып, сары үкідей болып сарғайған.
Жапонияда жаңа жылды қарсы алу дәстүрі
100 сөз • «Ғалам ғажаптары»
Жапондар Жаңа жылды түнде қарсы алмайды. Олардың Жаңа жылы 1 қаңтар күні таңмен бірге басталады. Таң алдында жапондар үйлерінен шығып, көтеріліп келе жатқан жылдың алғашқы күнін қарсы алады. Сауық-сайран содан кейін басталады. Кісіге сыйлық тарту — жапон ұғымында үлкен құрмет. Сондықтан Жаңа жыл күні әдемі кимоно киген әйелдер мен сәнденіп шыққан еркектер бір-біріне сыйлық таратады. Дәстүр бойынша, олар көшеге қолдарына қарағай, тал, қарақат бұтақтарымен безендірілген бамбук шыбық ұстап шығады. Жапон ұғымында бұл — ырым: бамбук ұстаған адамға қарағайдың ұзақ жасы, бамбуктың беріктігі, қарақаттың тез өсу қасиеті дариды-мыс.
Диктант мәтіндері (6-сынып)
Дастарханға нан қалай келді?
102 сөз
Нан тарихының тамыры сонау ежелгі заманға кетеді. Ғалымдардың пікірінше, оның жасы он бес мың жылдан асады. Әйтсе де алғашқы «нанның» негізі бидай да, сұлы да, арпа да емес, кәдімгі емен болған. Ерте заманда адамдар емен жаңғағынан мол өнім алып, үгіп, одан ұн жасаған. Бұдан бес мың жыл бұрын емен жаңғағынан ұн жасап, пісірілген нан қалдықтарын Кировоград облысы аумағындағы Триполь елді мекенінде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар тапқан. Кейін адамдар дәнді дақылдарды қолдан егуді, оның дәнінен ұн жасауды бірте-бірте меңгерді. Сұйық ботқа — қазіргі нанымыздың бастапқы түрі болған. Африка мен Азияның кей елдерінде әлі күнге дейін нан орнына осындай быламық қолданылады.
Аңға шыққанда
102 сөз • С. Мұқанов
Алдымызда бір төбе бар еді. Арғы етегі — ағаш. Соның тұсына келгенде қасқыр көзімнен ғайып болды. Бір кезде аспанда түйіліп айналған бүркітім төмен қарай сорғалай құлады. «Қасқырдың аузына түсіп, жазым бола ма?» деп қорықтым. Атымды тебініп, шаба жөнелдім. Қалың күртікке ат бара алмады. Жалма-жан атты қаңтарып тастадым. Сыртқы күпімді шешіп, жеңіл киіммен күртікті өрлей, ағаштың ішіне жүгірдім. Бүркітім мөлшерден қашықтап кетпепті. Шақырған жеріне ентігіп жеттім: бір аяғы құрықтай қайыңға қадалған, бір аяғы қасқырдың төбесінде тұр. Қасқыр сіресіп тартып тұр екен. Аяғын қалай үзіп әкетпегенін білмеймін. Жүгіріп келген бойда қасқырдың тірсегінен ұстап, қындағы пышағыммен ішін осып жібердім.
Шәмші Қалдаяқов
102 сөз • «Жас Алаш» газетінен
Халық ішінде әншілер де, сазгерлер де көп. Алайда бір сазгердің әнін бүкіл халық — үлкені де, кішісі де, қарты да, жасы да — сүйіп айтуы сирек құбылыс. Ондай ән шығарған сазгер — ұлы сазгер. Шәмші Қалдаяқов — бүкіл қазақ халқына ән салдырған осындай композитор. Шәмші Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Ол жас кезінен-ақ тамаша әндер шығара бастады. Шәмшінің әндері ерекше жұмсақ, жылы сазымен ел назарын бірден аударды, қазақ эстрада музыкасын байытты. Әлемдік музыкада Штраус пен Шопен вальстері қандай орын алса, Шәмшінің вальс ырғағы да сондай әсем. Данышпан ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов Шәмші саздарын Ақан сері, Біржан салдан кейінгі үздік құбылыс деп бағалаған.
Мұғалімге арналған қысқа чек-парақ
Дайындық
- Мәтін әдеби тіл нормаларына сай ма?
- Негізгі орфограмма мен тыныс белгілері тақырыпқа сай ма?
- Қиын сөздер алдын ала қарастырылды ма (қажет болса, тақтаға жазуға дайын ба)?
Өткізу және қорытынды
- Алдымен толық оқылды ма, кейін сөйлеммен жаздырылды ма?
- Соңында мәтін баяу қарқынмен қайта оқылды ма?
- Бағалау кезінде біртектілік, қайталану, түзету саны және жеңіл қателер ескерілді ме?