Димаш аға. Сабақтың тақырыбы

Сабақтың тақырыбы: «Қонаев — ғасыр адамы»

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметі — ел тарихындағы тұтас бір дәуір. Бұл сабақта оқушыларға ұлттың біртуар азаматы туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, оның қоғам мен мемлекетке сіңірген еңбегіне, экономика мен саясаттағы бастамаларына талдау жасау көзделеді.

Білімділік

Қонаев тұлғасы туралы нақты деректерге сүйене отырып, тарихи-танымдық білімді кеңейту және еңбегін бағамдау.

Дамытушылық

Өз бетінше іздену, оқу арқылы зияткерлік дамуды қалыптастыру; зерттеушілік және шығармашылық қабілетті дамыту.

Тәрбиелік

Ұлы тұлғаның елге қызмет ету өнегесін үлгі ету, ұлттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіру.

Көрнекілік
Д. А. Қонаевтың фотосуреттері, ғылыми еңбектері, баспасөз материалдарындағы мақалалар.
Сабақтың түрі
Танымдық сабақ
Сынып
5-сынып

Кіріспе ой

«Д. А. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам».

Н. Ә. Назарбаев

Мұғалім сөзі: тұлғаға көзқарас

Кеңестік Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаев — күрделі, көпқырлы тұлға. Қызметінен кеткен тұста оның атын өшіруге тырысқандар болғанымен, бүгін халық оның есімін ұлықтайды.

Д. А. Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді. Алматыдағы №14 мектепті үздік бітіріп, Мәскеудегі Түсті металдар институтын 1936 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша аяқтады.

Балқаш, Риддер, Алтай полиметалл кәсіпорындарында қарапайым инженерден бастап, өндірістің барлық сатысынан өтіп, басшылық қызметтер атқарды.

Мемлекеттік қызметі

  • 1960–1962, 1964–1986 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы.
  • 20 жыл бойы — ОК Саяси бюросының толық мүшесі.

Ел дамуына қосқан үлесі

Оның басшылығы кезеңінде Ақтау, Текелі, Шардара, Арқалық сияқты 70-тен астам қала бой көтерді. Балқаш пен Жезқазған тау-кен комбинаттары, Ақтөбе химия комбинаты, Қаратау фосфор зауыты, Соколов–Сарыбай тау-кен комбинаты секілді ірі индустриялық жобалар жүзеге асты.

Ғылым және марапат

Еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Ері атағымен және көптеген мемлекеттік марапаттармен наградталды. Ғылым саласында да із қалдырып, жүзден аса ғылыми еңбегі жарық көрді.

Оқушылардың сөздері мен жыр жолдары

Ұлы Димашты бола ма ұмытуға,
Ол — кемеңгер, ғажайып ұлы тұлға!
Жалғыз өзі жарады қапас күнде,
Ұлан-байтақ даланы көркейтуге.

1-оқушы

«Ар ойлап, дүниеге бой алдырмаған екі адам болса, соның бірі — елі еркелетіп “Димаш” атаған Д. А. Қонаев. Шыққан тауы биік болды. Кісілігін ұлықтыққа жеңдірмеген абзал жанның есімі еріксіз еске түседі. Димекең қанағатшыл еді: газет-журналдағы мақалаларын есептемегенде, кітаптарынан түскен қаламақысын жетім балалар үйіне аударып отырған».

2-оқушы (Серік Әбдіраймов пікірінен)

Димаш аға! Дидарыңыз — жарық күн,
Ұранысыз қазақ деген халықтың.
Саясаттың дауылына сынбаған,
Өзіңізсіз бәйтерегі тарихтың.

3-оқушы

Тұлғалық қырлары

  • Ұстамдылық пен салмақтылық: сабырлы мінез, терең парасат.
  • Ұйымдастырушылық қабілет: көпшілікті ортақ іске жұмылдыра білу.
  • Адамгершілік: талай білімді азаматтың өсіп-жетілуіне қолдау көрсету.

Халық оны ерекше құрметтеп, «Біздің Димаш» деп атаған.

4–6-оқушылардың ойлары негізінде

Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлық қазақ Қонаевтың сан ісін.

7-оқушы

Ақын Өтеш Қырғызбай жырлағандай, Димашқа арнаған жыр жолдары көп. Айтылатын бір дерек: дүние жүзі ғалымдары әлем басшыларын адал қызмет өлшемімен саралаған зерттеулерде Д. А. Қонаевтың озық үлгі ретінде аталуы — көп нәрсені аңғартады.

8-оқушы

Д. А. Қонаев — еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, қуатты мемлекетке айналдыруға зор үлес қосқан тұлға. Тәуелсіздіктің мерейлі жылдарымен тұспа-тұс келген Қонаевтың 100 жылдығы — ұмытылмас сәт.

9-оқушы

Димаш десем жанарым нұрға толған,
Сауыт кеудем патша өлең-жырға толған.
Димаш десем, самғаған көкті айналып,
Қыран құсым саңқылдап қырға қонған.

10-оқушы

Қонаевтың көзі тірісінде адамдарға жасаған жақсылығы мен шапағатының шегі болмаған. Ол өмірінің соңына дейін ерекше қарапайым болып, жеке үйі, саяжайы, тіпті кейде мінерге жеке автокөлігі де болмаған деседі.

11-оқушы

Мен елімнің перзентімін, гүлімін,
Арқа сүйер азаматы — ұлымын!
Елім үшін аямаймын, жұмсаймын,
Ғұмырымның мағыналы шырынын.

12-оқушы

Өмірінің соңы

Ел сый-құрметіне бөленген Д. А. Қонаев 1993 жылдың 22 маусымында Алакөл жағасындағы демалыс үйінде жүрек талмасынан кенеттен дүние салды.

13-оқушы дерегі негізінде

«Атақ-даңқы аңыз болған талайға,
Димекеңе баға беру оңай ма?
Ешкімге көмегін аямаған,
Халқы сол үшін оны бағалаған».

14-оқушы (Ораз Қауғабай сөзінен)

Қорытынды: есімі ел жадында

Халқымыздың біртуар азаматы Д. А. Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде сақталады. Бүгінде Қазақстанның көптеген қаласында Димекеңнің атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғары оқу орындары бар.

Дінмұхамед есімді жас ұрпақ та өсіп келеді. Олар Димаш атаның ғибратты өмірін ұмытпай, елге қызмет етудің биік өлшемін бойына сіңіреді деген сенім бар. Қазақ халқы бар жерде Димекеңнің есімі ұмытылмайды.

Елдің мәңгі есіндесіз, қазақтың асыл перзенті — Димаш ата!