Оқушы танымын дамыту жұмыстары

Іс-шара туралы

№101 орта мектебінің психологы Молдағажиева Сауле ұйымдастыратын «Әлпештеп аялаймыз алақанда…» тақырыбындағы кездесудің негізгі мақсаты — үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі оқушыларға психологиялық қолдау көрсету, оларды мектеп өмірімен, сыныптастарымен және пән мұғалімдерімен жақын араластыру, сондай-ақ ата-аналарға бағыт-бағдар мен көмек беру.

Мақсаттары

  • Үйден оқитын оқушыларға жүйелі психологиялық қолдау көрсету.
  • Мектеп ортасымен, сыныптастарымен және пән мұғалімдерімен байланысын нығайту.
  • Ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, кеңес беру.
  • Оқушының зейінін, ынтасын және қызығушылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізу.
  • Сыйластыққа, достыққа, мейірімге тәрбиелеу.

Өтетін орны

Мектептің акт залы

Қатысушылар

Мектеп әкімшілігі, медицина маманы, психологтар, пән мұғалімдері, сыныптастар және ата-аналар.

Кездесудің басталуы

Бала — ананың байлығы, ең қымбаты, ең аяулысы. Бала — ананың бауыр еті. Ардақты аналар мен аяулы балалар, «Әлпештеп аялаймыз алақанда…» тақырыбындағы шараға қош келдіңіздер!

Бүгінгі кездесуге сіздердің білім алуларыңызға жағдай жасап отырған мектеп директоры Ләйлә Ақбергенқызы, денсаулық жағдайларыңызды бақылап, кеңес беретін маман Маржан Дәулетбаева, психолог Нұрсұлу Нәшімханқызы, сондай-ақ сіздерді жақсы көретін сыныптастарыңыз мен білім беріп жүрген пән мұғалімдеріңіз жиналып отыр.

Мектеп бойынша үйден оқытылатын 10 оқушы бар. Бүгінгі мақсат — сіздерді мектеп өмірімен жақынырақ таныстырып, бір-біріңізбен табыстыру, ойды дамыту, көңіл-күйді көтеріп, бір серпіліп демалуға мүмкіндік беру.

Біз сіздерді жақсы көреміз. Қолымыздан келгенше қамқор болып, әрқайсыңыздың сауығып, ортаға қосылғандарыңызды тілейміз. Осы ізгі ниетпен аналарға гүл шоқтары ұсынылады («Сізге сыйлаймын» слайды).

Шараның жоспары

  1. 1-бөлім

    Кіріспе: «Сізге сыйлаймын»

    Жылы лебіз, алғыс, аналарға құрмет көрсету.

  2. 2-бөлім

    Таныстыру

    Үйден оқитын оқушылар мен олардың отбасы мүшелері слайд арқылы таныстырылады. Мақсат — ортақ түсінік пен қолдауды күшейту, әр баланың өмірлік жағдайын құрметпен қабылдау.

  3. 3-бөлім

    Оқушы танымын дамыту

    Тапсырмалар

    • «Қайсысы артық?»
    • «Назар сал»
    • «Зейін» (суретпен жұмыс)

    Топтық және жеке жұмыс

    Бастауыш сынып оқушылары Мұрат, Гүләйім, Ұлпан үшін зейін мен ынтаны дамыту жаттығулары жүргізіледі. Сонымен қатар, Салтанат, Бақытнұр, Нұрбек қатысуымен «Адам–Ағаш–Үй» проективтік тесті орындалады. Әділ, Ғалымжан, Бағжан үшін зейінді шоғырландыруға арналған жеке тапсырмалар беріледі.

  4. 4-бөлім

    Аналармен жұмыс: «Үміт еткен көзімнің нұры — балам…»

    Аналарға балалардың тек көз жанары көрсетіледі. Тапсырма — қай баланың көзі екенін табу. Бұл жұмыс эмоциялық жақындасуға, жылы естеліктерді оятуға және ата-ана мен бала байланысын күшейтуге бағытталған.

  5. 5-бөлім

    «Қытай балеті»

    Өнер арқылы жігер мен табандылықтың құндылығы айқындалады: өмірдегі шектеулер адамның арманын тоқтатпайды, керісінше сүйікті ісі арқылы жаңа мүмкіндіктер ашады.

    Мысал ретінде ақын Зейнолла Шүкіров еске алынады: бала кезінде түйеден құлап, өмір бойы жүре алмаса да, көп оқып, өмірге жақсы көзқараспен қарап, бар күшін қаламға арнап, үлкен ақын атанды. Осыдан алар ой — алға ұмтылу, үмітті сақтап, әр күнге шүкіршілік ету.

  6. 6-бөлім

    Сергіту тренингі (визуализация)

    Қатысушыларға тыныш күйге еніп, қиял арқылы бірнеше бейнені елестету ұсынылады. Тренинг барысында әркім өз таңдауы арқылы ішкі күйін байқап, өзін жақсырақ түсінуге мүмкіндік алады (интерпретациясы слайд арқылы түсіндіріледі).

    Нұсқаулық (қысқаша сценарий)

    • Көзді жұмып, жайланып отырыңыз. Айнала тыныш.
    • Алдыңыздан орман елестетіңіз: қалың ба, әлде сирек пе?
    • Жол көрінеді: кең бе, тар ма?
    • Әмиянды көрдіңіз: аласыз ба, алмайсыз ба?
    • Үлкен қақпа: секіріп өтесіз бе, ашып кіресіз бе, әлде айналып өтесіз бе?
    • Үй көрінеді: кіресіз бе, әлде жанынан өтіп кетесіз бе?
    • Алыстан жылқы үйірін байқайсыз: жақындайсыз ба, айналып өтесіз бе?
    • Өзен: жай толқынды ма, әлде тасып-шулы ма?
  7. 7-бөлім

    Қонақтарға сөз

    Қонақтар мен әріптестердің тілектері тыңдалып, кездесудің әсері қорытындыланады.

Қорытынды тілек

Ардақты аналар, қонақтар, оқушылар және әріптестер! Бүгін біз жүздесіп, ой бөлісіп, әсем өнер тамашалап, жадырап, бір серпіліп демалдық. Алдағы уақытта дендеріңіз сау болып, дерттен айығып, жақсы білім алып, ата-ананың да, мектептің де көз қуанышы болыңыздар.

Жақсы күндерде қайта жолығайық, жарқын сәттерде кездесейік.