Балаларды аңдардың атын дұрыс атауға жаттықтыру және олардың тіршілік ететін ортасы туралы түсініктерін бекіту
Мақсаты
Балаларды аңдардың атауын дұрыс айтуға жаттықтыру, олардың тіршілік ететін ортасы туралы түсініктерін бекіту. Жабайы жануарларға қатысты көрнекіліктер арқылы балалардың ой-өрісін дамыту, аң түрлерін ажырата білуге бағыттау және оларға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Жабайы аңдардың муляждары, суреттері, жұмсақ ойыншықтар.
Әдіс-тәсілдер
Әңгімелеу, саяхат жасау, сұрақ-жауап, ойын құрастыру.
Ойын
Қимылды ойын: «Қояндар мен қасқыр».
Ұйымдастыру кезеңі
Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің оқу іс-әрекетімізге қонақтар келіп отыр. Қонақтармен амандасайық:
«Сәлематсыздар ма, апайлар!»
Логоритмикалық жаттығу
Армысың, шапағатты Күн-Ана!
Армысың, шапағатты Аспан-Ана!
Армысың, мейірімді Жер-Ана!
Күн дарып, бар әлемді жарылқа.
Жыл мезгілі туралы сұрақ-жауап
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілі.
- Қыста күн қандай болады?
- Суық, аязды.
- Жерде не болады?
- Қар болады.
- Қыста қандай ойындар ойнаймыз?
- Шаңғы тебеміз, қар лақтырамыз, аққала жасаймыз.
Саяхатқа дайындық
Балалар, қазір көлікке отырып, хайуанаттар бағына барамыз.
«Хайуанаттар бағына қош келдіңіздер!»
Бүгінгі оқу іс-әрекетінде жабайы жануарлардың тіршілігімен танысамыз. Хайуанаттар бағында жабайы аңдар ғана емес, түрлі жануарлар мен құстар арнайы торларда ұсталады. Біз барлығын түгел аралап үлгермейміз, сондықтан ертегіден естіп, теледидардан көріп жүрген жабайы аңдарды тамашалаймыз.
Жабайы жануарлармен танысу
Сұрақ
Жабайы аңдар қайда мекендейді?
Орманда.
Түлкі
Жұмбақ
Орманда тұрады,
Өзі бір қу.
Жүрген жері — айқай мен шу.
Жауабы: Түлкі.
- Түсі көбіне сарғыш-қызғылт болады.
- Денесі сопақша, тұмсығы ұзын және сүйір.
- Терісі бағалы; қазақтың тымағы көбіне түлкі терісінен тігілген.
- Қорегі: құстар, тышқандар, құс жұмыртқасы; кейде балық та аулайды.
- Естуі өте жақсы: жай сыбдырды да тез байқайды.
Тіл дамыту
«Түлкінің денесі сопақша, тұмсығы ұзын және сүйір.» (Қайталау)
Түлкінің баласын қалай атаймыз?
Мыршай.
Қасқыр
Жұмбақ
Сұр түсті,
Ақсиған көп тісі бар.
Жауабы: Қасқыр.
Қасқыр итке ұқсайды. Құлағы үшбұрыш пішінді. Өзі күшті, батыр, ержүрек, ақылды әрі айлакер, қауіпті жыртқыш аң. Аяқтары ұзын келеді.
Қорегі: жан-жануарлар мен құстар. Үй жануарына кезіксе, ұстап жеп қоюы мүмкін. Етті жақсы көреді.
Аю
Жұмбақ
Қыс бойына жатады,
Тәтті ұйқыға батады.
Жауабы: Аю.
- Көбіне қоңыр түсті болады; солтүстікте ақ аю да кездеседі.
- Денесі ірі, алып келеді; қозғалысы икемсіздеу көрінеді.
- Қорегі: балық, жидек, құстар, бал.
- Терісі мен еті бағалы, емдік қасиеті бар деп есептеледі.
- Қыста ұзақ уақыт ұйқыға кетеді.
Қоян
Жұмбақ
Сылдырдан қорқады,
Шошынып жортады.
Жауабы: Қоян.
- Құлағы ұзын, сопақша.
- Қояндар қорқақ келеді; ірі жануарлардан қашқақтап жүреді.
- Қорегі: сәбіз, көк шөп.
Жолбарыс
Жұмбақ
Тарғыл түсті,
Ерен күшті.
Жауабы: Жолбарыс.
- Мысыққа ұқсайды, бірақ әлдеқайда ірі әрі қуатты.
- Өте күшті, жылдам жүгіретін жыртқыштардың бірі.
- Түсінде сұр-қоңыр жолақтар болады.
- Құйрығы ұзын әрі жіңішке.
- Қорегі: жан-жануарлардың еті.
Тәрбие мәні
Торда тұрған кезде жануарларды адамдар тамақтандырады. Аңдардың алдындағы ыдыстар арқылы жем береді, күтім жасайды, ауырса емдейді. Бұл іспен айналысатын арнайы қызметкерлер болады.
Дыбыстық жаттығу және сергіту
Дыбыстық жаттығу
Зообақтан шықтық — тық-тық,
Біреулер жүр — тық-тық,
Түлкі екен деп ұқтық — тық-тық,
Үйге қарай зыттық — тық-тық.
Сергіту сәті
Аю
Балпаң, балпаң басамын,
Алты қырдан асамын.
Аю деген мен болам,
Аңшы көрсем қашамын.
Түлкі
Мен түлкімін, түлкімін,
Тұнып тұрған күлкімін.
Бұлаң-бұлаң құйрығым,
Текке өтпейді бір күнім.
Қоян
Қоян, жаурап суықта,
Отырсың не күзетіп?
Аяқтарың сіресіп,
Табаныңнан сыз өтіп.
Одан да ырғып, ырғып ал —
Аяқтарың жылынар.
Ойын және құрастыру
Ойын: «Даусынан таны»
Слайд арқылы жануарлардың дыбыстарын тыңдап, қай жануар екенін ажыратамыз.
Құрастыру: «Керікті құрастыру»
Құрылыс материалдары арқылы керіктің бейнесін құрастырамыз.
Қорытынды
- Қайда бардық?
- Хайуанаттар бағына бардық.
- Қандай аңдарды көрдік?
- Түлкі, қоян, қасқыр, аю, жолбарыс.
- Оқу іс-әрекеті ұнады ма?
- Иә.
Қорытынды сөз
Балалар, сендерге көп-көп рақмет!