Ойлауды дамытуға арналған жаттығулар

Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Әйтеке би кенті

МКҚК №2 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасы

Психолог: Мүсірепова Тоқсұлу Сейітқұлқызы

Мектеп жасына дейінгі балалардың психикалық процестерін дамытуда ойын-жаттығулардың маңызы

Мектепке дейінгі кезең және ойынның рөлі

Бүгінгі таңда қоғам дамуымен қатар мектепке дейінгі тәрбие саласында балалардың танымдық белсенділігін арттыру, өмір салтын қалыптастыратын тәлім-тәрбие беру — мектепке дейінгі ұйымның басты мақсаттарының бірі.

Балалық шақ — ойынға ең табиғи әрі ең қажетті уақыт. Тәрбие жұмысы баланың қалауымен, жеке басының жетілуімен және көңіл-күй толғаныстарымен үйлескенде ғана нәтижелі болады. Танымдық ойын-жаттығуларды тиімді ұйымдастыру, оны баланың түйсігіне жеткізе білу — педагогтің шығармашылығына тікелей байланысты.

Іс-әрекет эмоциямен ұштасқанда ғана өнімді келеді. А. М. Горькийдің «Ойын арқылы бала дүниені таниды» деген сөзі, Л. С. Выготский мен Д. Б. Элкониннің «Ойын — балалардың өзіндік өмірі» деген ортақ тұжырымы осыны айқындайды. Халық даналығы да: «Ойлы бала ойыннан белгілі» дейді.

Ойын не береді?

  • Бала ойланады, қабылдайды, еске түсіреді, қиялдайды.
  • Жүйкесі тынығып, көңілі көтеріліп, ойы сергиді.
  • Денесі шынығып, танымы қалыптасады.

Нені дамытады?

  • Тіл, есте сақтау, ойлау, қиял.
  • Қабылдау, түйсік, байқағыштық.
  • Зейіннің көлемі, тұрақтылығы, бөлінуі.

Неге маңызды?

Зейінсіз ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті өз мақсатына жете алмайды. Сондықтан ойын-жаттығулар балалардың зейінін ғана емес, оқу үдерісінің жалпы сапасын арттырады.

Зейінді дамытуға арналған танымдық ойындар

Балабақшада балалардың қызығушылығын арттыру, ой-өрісін кеңейту және белсенділігін күшейту үшін танымдық ойындар мен дамыту жаттығуларының орны ерекше. Өз іс-тәжірибемде қолданылатын бірнеше ойын түрі төмендегідей.

«Не артық?»

Нұсқау: Әр топтағы артық затты табыңдар және оны сызықпен қоршаңдар.

«Бесінші артық»

Нұсқау: Бесінші артық затты тауып, сызып тастаңдар.

«Айырмашылығын тап»

Нұсқау: Екі қуыршақты мұқият қарап, айырмашылықтарын табыңдар.

«Түсіне қарай ажырат»

Нұсқау: Түсі бірдей заттарды сызықпен қос.

Көптеген дамыту ойындары жүйелі жүргізілгеннен кейін, баланың зейін деңгейін диагностика арқылы анықтауға болады.

Қабылдауды дамыту: тіл, қимыл және эмоция

Балаларда қабылдаудың дамуы түйсік пен ойлау үдерістерінің дамуымен қатар жүреді. Қабылдаудың қалыптасуында тілдің рөлі ерекше: заттың атауын білу арқылы бала оның мағынасын тереңірек ұғынады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың қабылдауы көбіне қимыл-әрекетпен байланысты және эмоциялық бояуға сезімтал келеді. Педагог жаттығулар арқылы баланың белсенді қабылдауын дамытып, байқағыштыққа тәрбиелейді. Мысалы, «Заттарды тап» жаттығуы балалардың көріп-қабылдауын жетілдіреді.

Жаттығу: «Гүл»

Балалар әр жерде отырады. Педагог балаларға: «Біз — енді өсіп келе жатқан гүлдерміз» деп түсіндіреді.

  • Күн шықты — гүлдер жайлап ашылып өседі (қолдарын созады).
  • Баяу жел соқты — гүлдер желмен жан-жаққа жайқалады (қолдарын жан-жаққа шайқайды).
  • Бұлт төніп, жаңбыр жауды — гүлдер тоңып, бүрісіп жабылады (бүрісіп отырады).
  • Күн қайта шықты — гүлдер құлпырып ашылады (үлкен шеңбер жасап, «бір гүл шоғы» болып жиналады).

Жаттығу: «Әр түсті заттар»

Педагог белгілі бір түсті атайды. Балалар сол түске сәйкес келетін заттың атауын айтуы керек. Шеңберде отырған балалар кезекпен жауап береді.

Мысалдар: қызыл алма, сары балапан және т.б.

Есте сақтау, зейін және ойлау: қысқа жаттығулар

Есте сақтауға арналған: «Сиқырлы саусақтар»

  1. 1.Таң қалу (екі қолдың бас бармағын көтеру)
  2. 2.Өзіңді көрсету (бір саусақпен)
  3. 3.Сәлемдесу (қолды жоғары көтеру)
  4. 4.Қорқыту (сұқ саусақпен)
  5. 5.Жеңіс (екі қолды жоғары көтеру)

Зейінді тұрақтандыру: «Шапалақ»

Балалар шеңберге тұрып, қолдарын созады. Педагог «3» деген кезде, барлығы бір уақытта шапалақ соғуы тиіс.

Зейінге арналған: «Қанша дыбыс естідіңдер?»

Педагог қарындашпен үстелді бірнеше рет тықылдатады. Балалар естіген дыбыс санын саусақпен көрсетеді.

Ойлауды дамыту: «Болған жағдайды бағалау»

Балаға суреттегі белгілі бір жағдай көрсетіледі. Тапсырма: көргенін әңгімелеп беру.

Кейін балалардан сол жағдайдың шағын қойылымын көрсету сұралады. Педагог баланың пікірін тыңдап, ойын дәлелдеуге және іс-әрекеттің дұрыс-бұрыстығын айтуға үйретеді.

Қиялды дамыту: «Менің көңіл-күйім»

Әртүрлі көңіл-күйді білдіретін бала бет-бейнесі суреттерінің ішінен біреуін таңда. Сол суретке сәйкес мысал келтіріп, шағын әңгіме құрастыр.

Қиял мен шешім табу: «Не істер едің?»

Педагог балалармен ертегі мазмұны бойынша және күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі жағдайлар туралы әңгімелеседі. Әңгіме барысында туындаған қиындықтар мен күтпеген жағдайлардан шығудың жолын балалар өздері ұсынады.

«Мақта қызға» ағаш жапырақ бермесе, не істер едің?

Бауырсақты түлкі жеп қоймаса, не істер едің?

Алдар көсе байды алдай алмаса, не істер едің?

Орманда адасып қалсаң, не істер едің?

Қорытынды

Баланың білім-білік дағдылары күнделікті оқу қызметінде танымдық ойын-жаттығулар арқылы қалыптасып, ойнай отырып ойлауға бағытталады. Жаттығуларды педагог өз шығармашылық ізденісімен толықтырып, баланың жас ерекшелігі мен қабілетіне сай түрлендіріп отыра алады.

Қорыта айтқанда, балабақшада танымдық ойын-жаттығуларды қолданудың маңызы зор: олар жас бүлдіршіндердің білімге деген ықыласын арттырып, танымдық белсенділігін дамытады.