Күйді шығарған күйшілер

Өткізген:

Айтжанова Қ. Ғ.

Сабақтың тақырыбы

Атақты күйшілер

Сабақ түрі

Танымдық сабақ

Әдіс-тәсіл

Әңгімелеу, сұрақ-жауап

Пәнаралық байланыс

Орыс тілі, қазақ әдебиеті

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, слайдтар

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ұлы күйшілердің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру; тақырып аясында еркін сөйлеуге жағдай жасау; білім көкжиегін кеңейту.

Дамытушылық

Пікірді еркін әрі жүйелі жеткізуге дағдыландыру; ауызекі сөйлеу тілін дамыту; танымдық қызығушылықты арттыру; оқу, есте сақтау және логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру.

Тәрбиелік

Қазақ күй өнері шеберлерінің өмірі мен өнер жолын үлгі ету; бірлесіп жұмыс істеуге, жауапкершілікке, бір-бірін тыңдап, сыйлауға тәрбиелеу; тұлғалық қабілеттерін дамыту.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сыныппен амандасу.
  • Сабақтың мақсатын түсіндіру.
  • Сыныпты үш топқа бөлу.

I топ

Құрманғазы

II топ

Дина

III топ

Дәулеткерей

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бүгінгі сабағымыз атақты күйшілерге арналады. Алдымен Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тыңдап, негізгі ұғымдарды еске түсіреміз.

I кезең. Ой қозғау (сұрақ-жауап)

Міндеті: оқушылардың танымдық қызметіне мотивация қалыптастыру, бұрынғы білімін белсендіру.

I топқа сұрақ

Күй деген не?

Күй — ұлттық мұра, саз бен әуен арқылы ойды жеткізетін көне музыкалық шығарма.

II топқа сұрақ

Күйде не туралы айтылады?

Қазақ халқының тұрмысы, өмір-тіршілігі, тарихи кезеңдер мен сезім әлемі.

III топқа сұрақ

Қандай күйшілерді білесіңдер?

Қорқыт ата, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нүрпейісова, Тәттімбет Қазанғапұлы, Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ахмет Жұбанов және басқа да өнер иелері.

Қосымша сұрақ

Күйді шығарған кімдер?

Күйді шығарған — күйшілер.

Қосымша сұрақ

Күйлер қалай бізге жетті?

Ауыздан-ауызға, ұстаздан шәкіртке беріліп сақталған.

Жаңа сабақ: атақты күйшілер

Бүгін біз үш тұлғаның өнеріне тоқталамыз: Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы және Дина Нүрпейісова.

Күй — қазақ халқының ұлттық өнері. Ол сөзсіз-ақ қуаныш пен қайғыны, сағыныш пен үмітті, азаттыққа ұмтылысты жеткізе алатын ерекше тіл. Күй өнері — халқымыздың рухани байлығының ең киелі, ең қасиетті қазыналарының бірі.

Күй бірде кең жайлаудың самалындай есіп, табиғаттың тынысын сездірсе, бірде нәзік те сұлу бейнені елестететін сырлы әуенге айналады. Ал аңыз-әңгімелерде «Ақсақ құлан» күйі арқылы Жошы ханның қазасын естірту оқиғасы күйдің сөз орнына жүретін қуатын айқын көрсетеді.

Көрнекілік

Күй анасы — Дина

Компьютерлік слайд арқылы портреті мен өмірбаянына қатысты деректер көрсетіледі.

Көрнекілік

Күй атасы — Құрманғазы

Слайдтар арқылы негізгі күйлері мен тарихи контекст таныстырылады.

Көрнекілік

Күй атасы — Дәулеткерей

Орда өңірі мектебі мен авторлық мәнер ерекшеліктері атап өтіледі.

Дина Нүрпейісова

Күй анасы

Дина Нүрпейісова (1861–1955) қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Бекетай құмында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінің аты — Кенже. Ол Динаны бала кезінен еркін тәрбиелеп, талантының ашылуына мүмкіндік берген.

Динаның музыкаға зеректігі ерте байқалады: ол 7–8 жасында домбыра ұстаған, 9 жасында Құрманғазымен танысқан. Өз дәуірінің белгілі күйшілері — Ұзақ, Түркеш, Көкбала сияқты өнерпаздармен кездесіп, олардың мұрасымен сусындайды. Солар арқылы Дәулеткерей күйлерін де меңгереді.

Ұстаз аманаты

1888 жылы Құрманғазы Динаға өз домбырасын ұсынып: «Менің күйлерімді кейінгі ұрпаққа жеткіз», — деп өсиет айтады. Дина бұл аманатты адал орындады.

Динаның кең тараған күйлері: «Әсем қоңыр», «Тойбастар», «Жеңіс», «Ана бұйрығы», «Бұлбұл» және т.б.

1945 жылы Динаға Қазақ КСР-нің Халық әртісі атағы берілді. Ол 1955 жылы 31 қаңтарда 94 жасында Алматы қаласында қайтыс болды.

Құрманғазы Сағырбайұлы

Күй атасы

Құрманғазы Сағырбайұлы — қазақтың күйші-композиторы, домбырашы, халықтың аспаптық күй өнерінің классигі. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданындағы Жиделі өңірінде туған.

Құрманғазы атақты күйшілерден күй мазмұны туралы түрлі әңгімелер тыңдап өседі. Оның алғашқы ұстазы — белгілі күйші Ұзақ. Ұстазымен бірге ел аралап, домбырашылық шеберлігін шыңдап, өнер сайыстарына қатысады.

Белгілі күйлері

  • «Кішкентай»
  • «Ақбай»
  • «Ақсақ киік»
  • «Көбік шашқан»
  • «Адай»

Күйші Астрахан облысы, Володар ауданы, Алтынжар ауылында қайтыс болған. Сол жерде ескерткіш орнатылып, мұражай ашылған.

Дәулеткерей Шығайұлы

Күй атасы

Дәулеткерей Шығайұлы шамамен 1820 жылдары қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Шығай мен Бөкей ордасының ханы Жәңгір оны жасынан ел басқару ісіне баулыған.

Ол бастапқыда ру-тайпаларды басқару қызметін атқарса да, биліктің қаталдығын нәзік жүрегімен ерте сезінеді. Жәңгір ханның қарапайым елдің жерін тартып алып, шұрайлы жайылымдар мен қыстауларды отаршыл саясатқа беруі Дәулеткерейдің наразылығын тудырған.

Тікелей қатыспаса да, XIX ғасырдың орта тұсындағы Исатай–Махамбет көтерілісіне тілектес болғаны туралы дерек айтылады. Мұны оның «Жігер» күйінің рухынан аңғаруға болады.

Тыңдалым ұсынысы

Сабақта Дәулеткерейдің «Түрікмен» күйін тыңдап, әуен мінезі мен орындаушылық ерекшелігін талқылауға болады.

Бекіту: тыңдалым және талдау

Тыңдалым 1

Динаның «Өттің дәурен» күйін тыңдау.

Сұрақтар

Естіген шығарма қай жанрға жатады?
Күй жанрына жатады.
Күй деген не?
Музыкалық шығарма.
Күйді шығарушы кім?
Күйші (адам).
Күйдің мәтіні бола ма?
Жоқ.
Әннен айырмашылығы қандай?
Әнде мәтін болады, ал күйде мәтін жоқ.

Тыңдалым 2

Ибескенова Ақнұрдың орындауында Дәулеткерейдің «Түрікмен» күйін тыңдау.

Талдау бағыты

  • Әуеннің мінезі (байсалды, жігерлі, мұңлы, салтанатты т.б.).
  • Ырғақ пен екпіннің өзгерісі.
  • Домбыра қағысының ерекшелігі.

Қорытынды

Бүгін не білдік?

Қазақтың атақты күйшілері туралы мол мағлұмат алдық.

Неге маңызды?

Күй — ұлттық жадымыз бен рухани мәдениетіміздің өзегі.

Тәрбиелік мәні

Өнерлі адамдардың өмір жолы — бізге үлгі-өнеге.