Ақшақар сен жылама
Жаңа жылдық мерекелік қойылым сценарийі
Безендірілген залға балалар әсем әуенмен кіріп келеді. Ортада жарқыраған шырша, айналада мерекелік көңіл күй.
Тақырып
Жаңа жылды қарсы алу, достық, бірлік
Негізгі кейіпкерлер
Жүргізуші, Ақшақар, Аяз ата, Гномдар, Қоян, Қасқыр, Түлкі, Жылан жылы
Кіріспе
Жүргізуші
Құрметті ата-аналар, сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен, жылан жылымен құттықтаймыз!
Даламызға, қаламызға Жаңа жыл кіріп келеді,
Қартыңызға, балаңызға жалынды сәлем береді.
Балалар, қараңдаршы: шыршамыз қандай әсем, ойыншықтарымыз қандай әдемі! Ендеше, осы шыршамызға арнап жаңа жылдық тақпақтарымызды айтайық.
Шыршаға арналған тақпақтар
Есет
Ақ қар жапты даланы,
Ақ жамылды айнала.
Жарқыратып шамдарын,
Шырша келді ортаға.
Әділхан
Жаңа жылға арналады жаңа жыр,
Жаңа жылда шақырады бар өмір.
Бақыт болып жаңа жылым келді ғой,
Құтты болсын, құтты болсын, Жаңа жыл!
Бауыржан
Жасыл шырша, қош келіпсің,
Сені аңсап жүрдік біз.
Өзіңменен Жаңа жылды
Қарсы алуға келдік біз.
Жасыл шырша жанында
Ойнап-күліп қайтамыз.
Жасыл шырша жанында
Өлеңдер де айтамыз.
Ән
«Қош келдің, Жаңа жыл»
Ақшақардың келуі
Оқиға
Телефон қоңырауы естіледі.
Жүргізуші: Балалар, бізге Ақшақар келе жатыр екен. Қане, қарсы алайық!
Әуенмен Ақшақар кіреді.
Балалар
Сәлеметсіз бе, Ақшақар!
Гном
Ақшақар, сіз неге көңілсізсіз?
Ақшақар
Біз шырша тойына келе жатқан едік. Бірақ мен Аяз атадан орманда адасып қалып қойдым. Енді әсем шыршаның шамдарын кім жағады екен?
Гном
Ақшақар, жылама! Менің достарым көп. Біз саған мына әсем шыршаның шамдарын жағуға көмектесеміз.
Балалардың ұраны
Тамаша, тамаша —
Шыршамыз тұр жараса!
Басында әсем жұлдызы,
Көз тоймайды қараса.
Таңырқат, таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!
1, 2, 3 — шырша шамы жанады!
Би
«Гномдар»
Қоян, Қасқыр және достық
Оқиға
Ішке қоян жүгіріп кіреді, артынан қасқыр қуады.
Қоян
Құтқарыңдар, көмектесіңдер! Мені қасқыр қуып келеді!
Қасқыр
Тоқта, бәлем, тоқта! Мен сені жеймін!
Қасқыр шыршаға соғылып, құлап қалады.
Қоян: Ой, қасқыр есінен танып құлап қалды. Енді не істеймін?
Қоян қасқырды үрлеп, тұрғызады.
Қасқыр
Ой, қандай әсем шырша! Мұнда Жаңа жыл тойы болайын деп тұр ма?
Ақшақар
Иә, қасқыр. Қоянды жемеші. Жаңа жыл келді ғой. Мен Аяз атаны таба алмай, адасып қалдым. Одан да бірігіп Аяз атаны іздейік, Жаңа жылды бірге қарсы алайық. Балалар да Аяз атаны күтіп қалды.
Қасқыр
Жаңа жыл дейсің бе? Онда біз де қарсы аламыз! Жарайды, қоян, сені жемеймін. Екеуміз дос боламыз.
Екеуі бірге айналып билейді.
Екеуі: «Біз доспыз!»
Ән
«Жаңа жылдық хоровод»
Тақпақтар: жаңа жылға тілектер
Арайлым
Жаңа жылға арналады жаңа жыр,
Жаңа жылда шақырады бар өмір.
Бақыт болып жаңа жылым келді ғой,
Құтты болсын, құтты болсын, Жаңа жыл!
Нұрсұлтан
Жаңа жыл еңселеніп еніп тұр,
Жаңа үмітпен, жақсылықпен еніп келіп тұр!
Ойындағы бар мейірім, қуанышын
Балдырғандар, өздеріңе беріп тұр!
Жаңа жыл білім нұрын шашып тұр,
Намыс, жігер, бақыт гүлін ашып тұр.
Адамзаттың армандары асқақтап,
Тебіреніп от сезімі тасып тұр.
Түлкінің келуі және Ақшақарды жұбату
Түлкі
Түлкінің бірімін,
Ұсақ емес ірімін.
Орман кезіп, шарқ ұрып,
Қоянды іздеп келемін.
Ұзын құлақ ақ қоян,
Өзі сондай сақ қоян.
Шыға келсең алдымнан,
Шап берем де жеп қоям!
(Тіміскілеп, иіскелеп) Мен қоянның тәтті иісін сезіп тұрмын. Ә-ә-ә, қайда екен әлгі қоян?
(Қоянды ұстап алады) Қоян мына жерде отыр екен ғой! Мен сені жеп қоям!
Ақшақар
Туу, сендерге не болған? Неге бәрің қоянды жегілерің келіп тұрады? Одан да Жаңа жылды қарсы алайық, Аяз атаны іздеп табайық…
(Жылайды)
Қасқыр
Не істейміз, достар? Ақшақарға Аяз атаны табуға көмектесейік.
Қоян
Ақшақар жылап отыр ғой. Көңілін көтерейік.
Түлкі
Достар, таптым, таптым! Мен оны жұбата аламын. Менің көңілді, сиқырлы әнім бар. Ол Ақшақардың көңілін көтереді. Балалар да көмектессін!
Ән
«Ақшақар» (буги-буги)
Ойын
«Аяз атаға хат»
Ақшақар
Жарайсың, түлкі досым! Сергіп қалдым, рахмет! Бірақ Аяз атасыз көңілім түсіп тұр… Маған Аяз атаны тауып әкелесіңдер ме?
Аңдар: Әрине, тауып әкелеміз!
(Қоян, қасқыр, түлкі сыртқа шығып кетеді.)
Ақшақарды көңілдендіретін тақпақтар
Мирас
Кел, билейік, үйренейік —
Ол келгенше жаңа жыр.
Құтты болсын, құтты болсын,
Құтты болсын, Жаңа жыл!
Әсем
Аппақ қылып даланы,
Аппақ қылып қаланы,
Қуандырып баланы —
Төрле, төрле, Жаңа жыл!
Арухан
О, Жаңа жыл, кел төріме,
Көптен күткен сені біз.
Қуаныштың желкенінде
Тербеледі еліміз.
Жайдарбек
Жаңа жылдың жас ұланы —
Біз шыршаны қарсы алған.
Тамашаға асығады,
Қала, дала ән салған.
Аяз атаның келуі
Қоян, қасқыр, түлкі жүгіріп кіріп келеді.
Аңдар: Алақай, алақай! Аяз атаны таптық!
Аяз ата келеді.
Жүргізуші
Аяз атаны бәріміз дауыстап шақырайық!
Балалар: Аяз ата, келші! Бізге сыйлық берші! Ау-у-у!
Аяз ата
Естідім, естідім! Мен де келе жатырмын!
Амансыңдар ма, халқым! Амансыңдар ма, балаларым! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Қандай жарқын жүздерің,
Қандай жәудір көздерің!
Алып келдім сіздерге
Жаңа жылдың жылуын.
Ақшақар
Ата, сізді іздеп қатты қапаландым, жыладым. Мына достарым болмаса, не істер едім? Рахмет, достар!
Жүргізуші
Қош келдіңіз, Аяз ата! Балалар сізді күтіп отыр. Төрлетіңіз, балалардың өнерін тамашалаңыз.
Жаңа жылда алдағы,
Көңіл өсіп, кеңейсін.
Ортақ ойы, арманы —
Жақсы достар көбейсін!
Балалардың өнері
Диас
Кел, Жаңа жыл! Төрле-төрле жеріме,
Құт-береке боп келгейсің еліме!
Үміт артып армандарға аяулы,
Шаттығыңа бөлегейсің мені де.
Оралды өлкеме Жаңа жыл, армысың!
Оранды ақ көрпе асқар тау, қарлы шың.
Дариға
Тоғай да, баулар да
Ақ күміс жамылды.
Дала да, таулар да
Өзіңді сағынды.
Ернұр
Әдемілеп біз ілген,
Ойыншықтар тізілген.
Қандай әсем шыршамыз —
Ән шырқайық баршамыз!
Исламия
Жаңа жылым жол болсын,
Басқан қадам оң болсын.
Төрлет, төрлет, Жаңа жыл —
Бізге құтты жыл болсын!
Ойын
«Балаларын еркелету»
Би
«Ақшақарлар»
Ән
«Аяз ата»
Жылан жылының сахнаға шығуы
Жүргізуші
Жылым келді тағы да,
Амандық тілеп еліме.
Жылан жылы, қош келдің,
Төрлетіңіз төріме!
Ортаға Жылан жылы шығады.
Жылан
Келдім міне еліме,
Келдім міне жеріме.
Шаттыққа бөлеп әр үйді,
Шығам енді төріме.
Би
Мерекелік би
Қорытынды және сыйлықтар
Аяз ата
Балалар, өте тамаша! Енді Ақшақар екеуміздің барар жеріміз әлі көп. Бізді басқа балалар да күтіп отыр. Соған барайық.
Ақшақар
Ата, балаларға сыйлық ше?
Аяз ата
Ой, кәрі басым-ай, ұмытып барады екенмін ғой!
(Сыйлықтарын таратады да, шығып кетеді.)
Жүргізуші
Құрметті ата-аналар, жылан жылы отбасыларыңызға амандық пен бақыт әкелсін! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!