Көктемнің алғашқы гүлі
Табиғатты танып, білейік!
Бұл тәрбие сағаты оқушылардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік құндылықтары туралы түсінігін кеңейтуді көздейді. Мақсатымыз — өсімдіктер мен жануарлар туралы білімдерін ортаға салып, табиғатты аялауға, қорғауға, Табиғат-Ананы мейіріммен қадірлеуге тәрбиелеу. Сонымен бірге бір-бірімен сыйластықта, ынтымақтаса жұмыс істеуге дағдыландыру.
Көрнекіліктер мен ой тастайтын нақыл сөздер
«Табиғатсыз адамдардың күні жоқ, табиғаттың мұны айтарға тілі жоқ.»
«Ексең ағаш аялап, болады саған сая бақ.»
«Қамқоршы болып орманға, орманды бәрің қорғаңдар!»
«Бір тал кессең, он тал ек!»
Қосымша материалдар: суреттер, слайд, кітап көрмесі.
Тәрбие сағатының барысы
I. Ұйымдастыру
Мұғалім: «Қайырлы күн, балалар! Таңертең ояна салысымен терезені ашып, Табиғат-Анаға көз саласыңдар. Дәл бүгін табиғат бізді несімен қуантты, бізге не айтады? Ендеше, Табиғат-Анаға саяхатқа шығайық. Келісесіңдер ме?»
Табиғат — адамзаттың және күллі тіршіліктің ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Ол — сұлулықтың таусылмас көзі. Сабақты табиғатпен амандасудан бастайық.
Бірге айтылатын өлең жолдары:
Қайырлы күн, күнім, далам, орманым,
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім.
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер,
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі!
I топ: «Мөлдір бұлақ»
Ұраны: «Көлдің көркі — құрақ, таудың көркі — бұлақ.»
II топ: «Орман байлығы»
Ұраны: «Қамқоршы болып орманға, орманды бәрің қорғаңдар!»
III топ: «Жер ана»
Ұраны: «Жер — адамның бесігі, ел — бақыттың есігі.»
Сайыс құрылымы
Бүгінгі сайыс 4 кезеңнен тұрады.
1-кезең: Табиғат байлығы — өсімдіктер
Табиғат байлығының бір үлкен тобы — жер бетін көркейткен өсімдіктер. Ағаштар мен гүлдер табиғатты түрлендіріп, жерді құдды түкті кілемдей құлпыртады. Халқымыз өсімдікті «өмір өзегі» деп танып, қамқорлықты еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз соның айғағы.
Алайда табиғатты бейберекет пайдаланудың салдарынан өсімдіктердің кейбір түрі сиреп барады. Сондықтан олардың бірқатары Қызыл кітапқа енгізілген.
Тапсырма: сұрақ-жауап
Әр топқа бірнеше сұрақ беріледі. Дұрыс жауабын табыңдар.
I топ
- Өсімдіктер неше түрге бөлінеді? (А) 1 (Ә) 2 (Б) 3)
- Күзде өсімдіктер қандай өзгеріске ұшырайды? (А) гүлдейді (Ә) қурайды (Б) өсіп-өнеді)
II топ
- Өсімдіктің жер астындағы мүшесі қалай аталады? (А) тамыр (Ә) сабақ (Б) жапырақ)
- Көктемнің алғашқы гүлі қайсы? (А) бәйшешек (Ә) қоңыраугүл (Б) раушан)
III топ
- Бақта нелер өседі? (А) көкөністер (Ә) гүлдер (Б) жемістер)
- Ағаштан нелер жасалады? (А) машина, доп, шеге (Ә) кітап, дәптер, жиһаз (Б) компьютер, теледидар)
Кезеңді қорытындылайтын өлең
Гүлді үзбе, кешкілік пе, күндіз бе?
Өсіп тұрған гүлді үзбе.
Туған жерді далаға,
Тастағалы жүрміз бе?
Үзіп алсаң сен бір гүл,
Үзіп алсам мен бір гүл,
Не қалады сиқынан
Қызыл-жасыл жердің бұл?
Мұғалім: «Өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді».
2-кезең: Орман сәні — құстар
Табиғаттың сәні де, әні де — қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем үні көңілді тербеп, жанды тыныштандырады. Құстар — біздің қанатты достарымыз әрі табиғаттың сақшылары; егістік пен бау-бақшаның сенімді серігі. Сол себепті ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген: батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.
Қазақстанда құстардың шамамен 480 түрі бар. Сирек әрі саны азайған құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынған.
Құстарға қарап ауа райын болжау
- Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
- Сары шымшық ысқырса — күз түскені.
- Қарға қарқылдаса — қар жауады.
- Жыл құсы қаптап кетсе — көктем ерте келеді.
- Көкек қатты әрі жиі шақырса — күн жылиды.
- Сауысқан шақылдаса — қонақ келеді.
- Ерте көктемде қарға суға шомылса — күн жылиды.
Тапсырма: суретпен жұмыс
Суретке қарап құстың атауын анықтап, ол туралы білетін деректеріңді айтыңдар. Білсеңдер, сол құс туралы тақпақ та оқуға болады.
Бұл кезеңді Назерке «Аққуды көріп қалыңдар» атты өлеңімен қорытындылайды.
3-кезең: Табиғаттың сұлу мүсіні — хайуанаттар
Табиғаттың көрікті келбеті — жан-жануарлар. Халқымыз ежелден-ақ аң-құсты аялап, қорғауды ізгілік деп білген. «Ботагөз» деп еркелетіп ат қоюдың өзі — жан-жануарға деген ықыластың белгісі. Бүгінде орман-тоғайдың сәнін келтіретін көптеген жануарлардың саны азаюда. Сондықтан әрқайсымыз табиғатқа қамқорлықпен қарауға тиіспіз.
1-бөлім: Жұмбақтар
Қанаты бар — ұшпайды, жұрт айламен ұстайды. (Балық)
Санай алмай шаршадым — найзасы бар қанша мың. Батыр емес, бірақ та қашып жүрер жыраққа. (Кірпі)
Үстінен тоны түспеген, сонда да араз қыспенен. (Аю)
Түссе күннің шуағы, көзді еріксіз жұмады. Жылы жерді сүйеді, беті-қолын жуады. (Мысық)
Теңбіл-шұбар терісі, шөлдегі аңның ірісі. Жонында жолы бар — бұл қандай жануар? (Керік)
Қанжардай тісі бар, тасыған күші бар, күжірейген жалды — білсең айт бұл аңды. (Арыстан)
Таңдайлары тақылдап, шулайтын кім шалшықта, бірін-бірі мақұлдап? (Бақа)
2-бөлім: «Қайсысы артық? Неге?»
Оқушылар слайдтағы жануарларды салыстырып, «қайсысы артық?» деген сұраққа дәлелмен жауап береді.
Жанерке мен Ернар жануарлар туралы тақпақтарын оқиды.
4-кезең: Егер табиғатқа тіл бітсе…
«Егер табиғатқа тіл бітсе, адамға не дер еді?» — осы сұрақ төңірегінде әр топ өз ойын айтады. Тлеужан өлең оқиды:
Табиғатты қорғау үшін бәріміз,
Күресейік, бір-бір ағаш егейік.
Текке отырмай, жасымыз бен кәріміз,
Таза ауа үшін терімізді төгейік.
Сүйейік табиғатты, аялайық,
Біз одан жақсылықты аямайық.
Анадай табиғаттың аясында,
Жадырап жас балаша дем алайық!
Әр топтың жауаптары тыңдалады. Бұл — сайыстың соңғы кезеңі.
Қорытынды: «Жүректен жүрекке»
Сабақ соңында оқушылар табиғатқа ақ тілектерін айтып, тақтадағы табиғат көрінісі бейнеленген суретке кезекпен іледі:
Гүлдей бер, Жер-Ана!
Аспаның ашық болсын!
Аспаныңды бұлт торламасын!
Тоғайың аң мен құсқа толсын!
Суың мөлдір, таза болсын!
Өзен-көлің, теңізің балыққа толсын!
Орманың қызыл-жасыл гүлдерге толсын!
Күнің жарық болсын!
Хормен:
«Табиғат, сені сүйеміз, басымызды иеміз!»
Барлығы орындарынан тұрып, Табиғат-Анаға тағзым етеді. Соңында ұпайлар саналып, жеңімпаз топ анықталады.