Маңғыстаудың байтақ даласында кездесетін емдік шөптерді ата

Тәрбие сағатының сценарийі

Туған өлке – тұнған шежіре

Бұл материал оқушылардың туған өлкеге деген құрметін арттырып, сол арқылы Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған. Сценарий ойын, сұрақ-жауап, шығармашылық және өнер көрсету арқылы Маңғыстаудың тарихы мен табиғатын танытады.

Кіріспе сөз (мұғалім)

Рухы мәңгі өлмейтін Қазыбек би: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» — деп, елдің амандығы мен жердің тұтастығын ең қастерлі құндылық ретінде айқындаған.

Негізгі ой

Біздің Отанымыз — Тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан дегенде көз алдымызға кең байтақ дала, шексіз жазира кеңістік елестейді. Бұл кең дала — қазаққа қымбат, жүрекке жақын мекен.

«Жүрегім, жырым сенікі, кеңісті далам, кең далам…» деген жолдар ең алдымен туған жер туралы екенін аңғартады.

Отан ұғымы — өзің туған қалаң, өскен ауылың, оқыған мектебің, қысқасы, сені өмір азаматы етіп қалыптастырған орта. Мұхтар Әуезовтің «солар жайлы білу — ауа мен судай қажет» деген ойы бүгінгі тәрбие сағатының өзегіне айналады.

Туған Отанымыз — Қазақстан болса, кіндік қанымыз тамған қасиетті туған өлкеміз — Маңғыстау. Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, «Туған өлке – тұнған шежіре» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Тәрбие сағаты басталар алдында бейнебаян көрсетіліп, туған өлкенің көрікті орындары таныстырылады. Одан кейін Маңғыстаудың аудандары мен қалаларына арнайы барып келген тілшілеріміздің мәліметтерін тыңдаймыз.

I. Таныстыру: Маңғыстау туралы деректер

Маңғыстау — Қазақстан Республикасының батыс өңіріндегі ірі аймақтардың бірі. «Ұйқыдағы ару» атанған бұл өлке — еліміздің мұнайы мен газын өндіретін қазына түбек.

Пір ата Бекет және рухани мұра

Бұл өлкеде ел қуанып та, құлазып та қалған шақта алдымен Бекет атаның есімін ауызға алады. Себебі ол — елдің панасы мен саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті қорғай білген қазы, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран болған тұлға.

Өндіріс және экономика

Слайд арқылы мұнайдан өндірілетін өнім түрлері таныстырылады.

Тарихи дерек

Жаңаөзен — 1961 жылдың қыркүйегінде тұңғыш газ фонтаны атқылаған қасиетті өндіріс орны.

II. Бәйге: сұрақ-жауап

Сұрақ Жауап
1 Маңғыстау облысының қалаларын ата. Ақтау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко.
2 Облыс құрамындағы аудандарды ата. Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы.
3 «Ұйқыдағы арудың оянуы» еңбегінің авторы кім? Әбіш Кекілбаев.
4 Маңғыстау облысы қай жылы құрылды? 1973 жыл, 20 наурыз.
5 Маңғыстауда орналасқан қорық қайсы? Қай жылы құрылған? Үстірт қорығы, 1984 жыл.
6 Дүние жүзіндегі ең үлкен ағынсыз көл? Каспий теңізі.
7 Маңғыстауда кездесетін емдік шөптерді ата. Адыраспан, бәйшешек, бозжиде, жантақ, изен, сүттіген.
8 Түпқараған ауданының орталығы. Форт-Шевченко.
9 Маңғыстаудан шыққан батырларды ата. Иса, Шотан, Құлбарақ, Досан батыр.
10 Маңғыстаудағы қандай тауларды білесің? Айрақты, Шерқала, Ақмыштау, Ақтаулар, Отпан, Бесшоқы, Қаратау, Оғыланды, Маната және т.б.

Ескерту: сұрақтар деңгейіне қарай топтық форматта немесе жеке-жеке жауап беру арқылы ұйымдастырылады.

III. «Кім шапшаң?»

Қораптың ішінен бір әріп суырып, сол әріптен басталатын Маңғыстаудың жер-су атауларын жылдам айтып шығу. Бұл кезең оқушылардың сөздік қорын кеңейтіп, өлкетану білімін бекітеді.

Бағалау өлшемі

  • Дұрыстығы және нақты атау айтуы
  • Жылдамдығы
  • Қайталаусыз бірнеше мысал келтіруі

IV. Сурет көрмесі

Оқушылар «болашақ Маңғыстау» тақырыбында сурет салып, өз жұмысы туралы қысқаша таныстырылым жасайды: табиғатты қорғау, қаланы көркейту, мәдени мұраны сақтау, экологиялық идеялар.

Талқылауға ұсынылатын сұрақтар

  • Суретте Маңғыстаудың қай ерекшелігі көрініс тапты?
  • Болашаққа қандай ұсыныс қостың?
  • Табиғатты қорғауға қандай үлес қосуға болады?

V. «Жыр шашу»: ән, би, көркем сөз

Хор

«Қасиетті домбыра!»

Әсет

Маңғыстау — бұл келе жатқан ежелден.
Маңғыстау — бұл шөлдеп ерні кезерген.
Төбе-төбе бастарыңда обадан,
Көне тарих қырғындарын сезем мен.

Айна

Маңғыстаудың ойында —
Үш жүз алпыс екі әулие.
Бес намаздың жайы үшін
Қадамын санап басқан жер.

Бөлтірік

Маңғыстау — үш қиянның өрген жері,
Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері.
Атамыз Адай мекен еткен жері,
Той қылып Адай туын тіккен жері.

Нұрболат

Маңғыстау — ер Бекеттің туған жері,
Кетіріп кіндік қанын жуған жері.
Кіндігін Қожа молда қолымен кесіп,
Тамырын тарамыспен буған жері.

Ақниет

Би «Қаражорға».

Қымбат

Маңғыстау — қой тастарың жүрегімдей,
Мұнараң — жолы жалын күреңімдей.
Аспаның — Адайлардың көкірегі,
Құс жолы — Көкмойнақтың шілдеріндей.

М. Қарақат

Туғаннан соң адам боп, білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең, жұрт айтады надан деп.

Ата-бабаң ардақты, жамандыққа бармаған,
Ардақ тұтып үлкенді, ата жолын жалғаған.

Бауырласқан тәніміз, бұзылмаған салтымыз,
Кең даланың ежелгі қазақ деген халқымыз.

Өзге ұлттай біздің де бар дәстүр мен салтымыз.

Гүлдана

Маңғыстауым — туған өлкем, сен едің,
Өз елімде еркін өсіп келемін.
Ата-баба аманатын арқалап,
Өз елімді көркейтсем, мен деп едім!

Хор

«Мен ауылға барамын!»

VI. Қорытынды

Гүлдана айтқандай, ата-баба аманатын арқалаған ұрпақ ретінде әулиелі, қасиетті Маңғыстауда дүниеге келіп, өсіп-өнгенімізді мақтан тұтайық.

Ортақ міндет

  • Туған өлкемізді одан әрі көркейтуге үлес қосу
  • Табиғатын қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру
  • Өлкенің шежіресін зерттеп, танып-білуге ұмтылу

Сөз кезегі мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына беріледі. Осымен «Туған өлке – тұнған шежіре» атты тәрбие сағатымыз аяқталды.