Түлектерім - Тәуелсіздік тірегі
Кездесу кешінің сценарийі
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілетін «Түлектерім – Тәуелсіздік тірегі» атты балабақша түлектерімен кездесу кешіне арналған жоспар.
Кештің ашылуы
Кеш Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылады.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Армысыздар, құрметті қонақтар және балабақша түлектері! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтетін «Түлектерім – Тәуелсіздік тірегі» атты кездесуге қош келдіңіздер!
Бүгін – қуанышты күн. Тәуелсіздік – ата-баба арманын ақиқатқа айналдырған ұлы құндылық. 25 жыл ішінде мемлекетіміз талай сыннан өтіп, әлем картасындағы орнын айқындады, елдің беделі мен мәртебесін көтерді. Осы жылдарда Тәуелсіз еліміз қалыптасып, нарықтың күрделі өткелдерінен аман-есен өтті.
Тәуелсіздік – әрбір азамат үшін орны бөлек, жүрекке жақын мереке.
Уақыт зымырап өтеді, бәрі де өте жылдам. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана ашылған «Балдырған» балабақшасы да Тәуелсіздікпен бірге қадам басып, дамып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді. Біздің мақсатымыз – ел тұғырын бекемдер саналы, білімді, отансүйгіш түлек тәрбиелеу.
Түлектер, сіздер кеше ғана балғын бүлдіршін едіңіздер, бүгін міне ер жетіп, азамат болып қалыптастыңдар. Сіздер – еліміздің ертеңі, Тәуелсіздігіміздің берік тірегісіздер.
Бүгінгі кешке болашақтың тірегі болар балабақшамыздың 25 түлегі қатысып отыр.
Құрметті қонақ және құттықтаулар
Ардагер ұстазға сөз
Біздің ортамызда балабақшада көп жылдар әдіскер болып қызмет атқарған, бүгінде зейнеткер, сіздердің сәби шақтарыңызға куә болған ардақты әже-тәрбиеші Гүлнара Пангерейқызы отыр. Құрметті Гүлнара Пангерейқызы, сөз кезегі өзіңізде.
Өнер шашу
Балабақшаның 22-түлектері мерекелік шашуымен ортамызда.
Би: «Стиляги»
Жетекшісі: балабақша тәрбиешісі Динара Ерболатқызы
Басшылықтың құттықтау сөзі
Құттықтау сөз балабақша директорының міндетін атқарушы Гүлнара Саматқызына беріледі.
Балалық шаққа саяхат
Балалық шақ, жасөспірім кезең, ересектік, қарттық – адам өмірінің табиғи белестері. Солардың ішіндегі ең шуақтысы – балалық шақ. Тәрбиенің де, білімнің де алғашқы бастауы осы кезеңде қаланады. Біз балабақшада сол іргетасты берік қалауды мақтан тұтамыз.
Қойылым
Құрметті түлектер, «Балабақшам – балғын шағым» атты бүлдіршіндер қойылымын тамашалап, балалық шаққа бірге бір сапар шегейік.
Ортаңғы топтың мерекелік құттықтауы
(Бүлдіршіндер кеш қонақтарын атымен атап, тақпақтарын оқиды.)
Мұхаммед
Бойға жинап салт-дәстүр мен мұраны,
Ел мүддесі болсын асқақ ұраны.
Мәртебесін көтеретін биікке —
Ағаларым, тәуелсіз ел қыраны!
Саябек
Асқан сайын өмір-жолдың өткелін,
Балалық шақ сағындырар көктемің.
Тілекші боп тұрады ылғи анаңдай —
Балабақша алтын ұя мекенің.
Нұртас
Білімді жастан бастадың,
Ғылымды іздеп үңіліп.
Өмірге сапар бастадың —
Біздің балабақшадан.
Рахим
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өрендер ақталады.
Ел намысын қорғаған сарбаздарым —
Ерліктері мәңгілік сақталады.
Іңкәр
Тәуелсіздік мәңгілік сақталсын,
Алдымызда барлық үміт ақталсын.
Тату-тәтті бірлік болып қашанда —
Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.
Томирис
Енді міне біз тәуелсіз ел болдық,
Басқалармен терезесі тең болдық.
Әрқашанда біз дайынбыз тайсалмай —
Отан үшін болуға да құрбандық.
Камилла
Әнді алысқа жеткіземіз,
Көкке елдің туы ілінді.
Жылда той қып өткіземіз —
Тәуелсіздік ұлы күнді!