Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе, қатты жел
Ұлы Дала елі: ауа райын болжау туралы
Халқымыз табиғат тылсымын бағзы заманнан-ақ танып, оны тұрмыс-тіршілігіне арқау ете білген. Соның жарқын бір үлгісі — ауа райын болжаудың халықтық тәсілдері. Далалық өмірдің қатаң да құбылмалы жағдайында қазақ жұрты өз өлкесінің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең меңгерді: айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап бағыт танып, құс пен жан-жануардың, құрт-құмырсқаның қимылына зер салып, күн райын күні бұрын шамалап, ерте қам жасады.
Төменде ата-бабадан жеткен ауа райын болжауға қатысты қағидалар мен белгілер қысқа да нұсқа түрде жүйеленіп берілді.
Жәндіктер мен ұсақ тіршілік иелеріне қарап
- Аралар омартадағы кіріп-шығатын тесігін жартылай жапса, қыс суық болады; ашық қалдырса, қыс жылы болады.
- Жауынқұрт жер бетіне шықса, жаңбыр жауады.
- Ордалы жылан, құрт-құмырсқа топ-тобымен басқа жаққа көшсе, көп ұзамай жер сілкінісі не тосын табиғи апат болады деп жорыған.
- Жылан мезгілінде ұйықтамаса, күз ұзақ әрі жылы болады.
Су әлемі мен балықтың қимылы
- Балықтар су бетіне шығып, шапшып ойнаса — жауынның белгісі.
- Жаңбыр алдында балық қармақ қабады; ал қармаққа балық түспесе, желден хабар деп білген.
Құс-құмыр мен аң-құстың мінезі
- Қараторғайлар топтанып ұшып, аспанда әртүрлі қимыл жасаса, күн ұзаққа созылады.
- Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса, күз ұзақ әрі жайлы болады.
- Киік топ-топ болып басқа жаққа бет алса, ауа райы күрт бұзылып, суық болады.
- Балапан баспана іздесе немесе енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады.
- Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
- Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады.
Төрт түлік пен үй жануарлары арқылы
- Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса — дауыл не боран болады.
- Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
- Қой тісін қайраса — боран немесе дауыл болады.
- Қой сүзіссе — жел болады.
- Жылқы ішін тартып тұрса, күн бұзылады; пысқырса — жаңбыр жауады.
- Мысық пешке тығылса — аяз жақын.
- Ит аунаса — жаңбыр жақын.
- Ит ұлыса — жаманшылық не табиғат апатының белгісі деп қабылдаған.
- Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе — қатты желдің нышаны.
- Доңыз қасынса — күн жылынады; шыңғырса — жауын-шашын болады. Егер доңыз сабан тасыса — дауыл болады.
- Суық күндері қораз ерте шақырса, жайлы жылы күн болады деп жорыған.
Аспан шырақтары, бұлт, жел және тұман
- Ай шалқасынан туса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
- Өлара (ескі ай мен жаңа ай арасы) жауын-шашынды болса, жаңа ай шаруаға жайсыз болады.
- Күн бұлтқа батса, ертеңі жауын-шашынды; күн ашыққа батса, ертеңі ашық болады.
- Бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; шетінен ыдыраса, күн жылынады.
- Тұман жер бауырлап түссе — ашық күннің хабаршысы.
- Бұлт жер бауырласа — күн суытады.
- Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп, шығыстан соқса — ауа райы жақсарады; батыстан соқса — қатты бұзылады.
- Ай қызыл түспен қораланып, шеңбері кеңейіп барып жоғалса — келесі күн ашық болады.
- Екі шеңбердің қатар көрінуі немесе көмескі бір шеңбер — қатты суықтың белгісі.
- Ай бұлыңғыр болса — жаңбыр жақын; ай анық әрі ашық көрінсе — күн ашық болады.
- Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
- Күн қызара батса — желдің; ашық сары болып батса — жаңбырдың белгісі.
- Күн шыжып, тымырсық болса, артынан найзағай күтуге болады.
Маусымдық заңдылықтар мен ұзақ мерзімді белгілер
- Қыста күн «құлақтанса», қатты аяз болады.
- Қыста күн құлақтанып шықса — суық болады; құлақтанып батса — суық қайтады.
- Жазда күн кенет ысып кетсе, көп ұзамай жауын жауады.
- Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
- Қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
- Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
- Көктемде күн көп күркіресе, егін мен шөп мол шығады.
- Жаз айында аңызақ ыстық болса, қыста қатты аяз болады.
- Еменнің ұрығы мол болса, қыс қатты болады.
- Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төменге; қыс жұмсақ болса, жоғарыға салады.
- Ашық күндері тиін інінен шықпай қойса, күн райы бұзылады.
Түтін, терезе әйнегі және ылғал белгісі
- Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, артынан қыс күні қар, жаз күні жаңбыр күткен.
- Жел жоқ кезде бұлтты болса да түтін көкке тік көтерілсе, ауа райы жақсы болады.
- Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады; жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
- Ірі-ірі жаңбыр тамшылары жауын-шашынды, дымқыл күннің ұзаққа созылатынын білдіреді.
Дене күйі мен ұзаққа созылатын құбылыстар
- Сүйегі сынған адамдардың сынық тұсы сырқыраса, ауа райы өзгереді деген ұғым бар.
- Жауын немесе боран жұма күні басталса, келесі жұмаға дейін созылады деп ырымдаған.
Әзірлеген: Бегімхан Керімханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.