Абайдың Көзімнің қарасы әнін тыңдату
Мекеме
Есілбай жалпы орта білім беру мектебі
Автор
Машенова Гүлмира Қайырбекқызы
Тақырып
PISA тапсырмаларын оқу әрекетіне кіріктіру тәжірибесінде пайдаланудың тиімділігі
Орналасқан жері
Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Есілбай ауылы
Функционалдық сауаттылық: пәндердің ортақ міндеті
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің орны ерекше. Әдебиет пәнінің басты мақсаты — көркем әдебиетті қуатты тәрбиелік құрал ретінде пайдаланып, оқушыны халықтың қоғамдық өмірімен, арман-мүддесімен таныстыру, идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беру, дүниетанымы мен мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыру. Ал қазақ тілінің негізгі міндеті — тілдің қалыптасқан нормаларын меңгерту, сауатты әрі дәл сөйлеу мен жазу дағдыларын орнықтыру.
Тіл мен әдебиет: тұлға қалыптастырудың өзегі
Болашақ азамат өз ұлтының тілі мен әдебиетінің асыл мұрасынан сусындау арқылы туған халқының тарихын, мәдениетін терең танып, білім көкжиегін кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын жан-жақты меңгерген оқушы қоғамның кез келген саласында еркін әрекет етіп, функционалдық сауаттылығын көрсете алады.
Әдебиет — оқушыға беймәлім өмірді танытатын әрі тәрбиелейтін қуатты құрал. Көркем туындылар арқылы оқушы Отан, ерлік, елдік, жақсылық пен жамандық сияқты ұғымдардың мәнін терең ұғынады; рухани ләззат алуды, көркемдік талғамды қалыптастырады; адамгершілік пен нәзік сезімді бойына сіңіреді.
Оқыту тәжірибесі: белсенді әдістер мен оқу дағдылары
Оқушының қызығушылығын ояту үшін мұғалім сабақта тақырыпаралық, пәнаралық, сыныпаралық байланыстарды орнатып, мазмұнды материалды сахналық көрініс, диалог, талдау және пікірталас арқылы ұсынуы маңызды. Оқытуды жандандыратын тәсілдер ретінде көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау-жинақтау, салыстыру, дәлел келтіру, сөздікпен жұмыс, проблемалық тапсырмалар, нақты және жалпылама тапсырмалар беру, шағын шығармашылық жұмыстар, өзара бағалау, өзіндік пікір білдіру, баяндама жасау, зерттеу жазып қорғау сияқты амалдар тиімді.
Оқушының өзіндік жұмысын қолдайтын құралдар
- Ереже дәптері, конспект, сөздік, альбом, хронологиялық кестелер.
- Бөлек шығармашылық дәптері: мақал-мәтел, афоризм, шешендік сөздерді жазып жүру.
- Шығармашылыққа бейім оқушылар үшін: қысқа әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазуға мүмкіндік беру.
Қазіргі талап: жаңа технология және оқушының дербестігі
Тіл мәселесі — тарихи тұрғыда да, бүгінгі күн тұрғысынан да өткір әрі өзекті. Қазақ тілі мен әдебиетінің мектепте оқытылуы бәрімізді толғандыруы тиіс. Оқыту әдістемесі тіл ғылымының дамуына, қоғамның өзгерісіне, оқушының ой-санасының өсуіне сай жетіліп отырады. Қоғам ілгерілеген сайын оқыту мазмұны да жаңарып, толықтырылады.
Соңғы жылдары жеке тұлғаны дамытуға және жан-жақты терең білім беруге бағытталған көптеген технологиялар ұсынылып жүр. Жаңа технологиялардың түпкі мақсаты — баланы оқыта отырып, еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру және өз бетінше шешім қабылдауға үйрету. Сондықтан, ғылыми негізде сапалы білім беру үшін жаңа тәсілдерді меңгеріп, сабаққа кіріктіру — педагог алдындағы өзекті міндет.
PISA талаптарына сай үлгі: «Абайдың әңгімесі» мәтінімен жұмыс
Мәтін: «Абайдың әңгімесі»
Менің Әбдрахман деген балам бар еді. Оны ерте жасынан Семейдегі орыс мектебіне түсірдім. Оны бітірген соң, Петерборға жібердім. Қыс оқып, жазда демалысқа үйге келетін.
Баламның ғалымдығын сынап білейін деген оймен әңгіме үстінде: «Қалқам, Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?» — деп сұрадым. Ол іркілместен: «Ақ зат асыл ғой», — деді.
«Неге, қара зат асыл емес пе?» — дегенімде, Әбіш бетіме қарап күліп: «Қараны қалай асыл дейсіз?» — деді.
Мен: «Біріншіден, адам баласы барлық дүниені көзбен көреді. Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы көреді. Екіншіден, қағаз — ақ, бірақ адам одан оқып білім ала алмайды; үстіне қара сиямен жазғанда ғана өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады, ал адамда білім мен қайрат та азаяды. Сондықтан қараны асыл ма деп ойлаймын», — дедім.
Әбіш: «Оның бәрін қалай білдіңіз?» — деді. Мен: «Ақылмен білдім», — дедім.
Сонда ол: «Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми — ақ зат емес пе? Екіншіден, ақыл — нұр, жарық. Ал жарық та аққа ұқсамай ма?» — деді. Ұлымның тапқыр сөзіне риза болып, маңдайынан сипадым.
Сабақ құрылымы (PISA логикасына негізделген)
1) Психологиялық ахуал қалыптастыру
- Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдату.
- Сұрақ-жауап: «Әнді тыңдағанда қандай ой туады?»
- Жауаптарды жинақтап, мәтін тақырыбын ашу: «Абайдың әңгімесі».
2) Операциялық кезең: мәтінмен жұмыс
Тапсырма 1 — Қолжетімділік және үзінді аспектісі
Мәтінде не туралы айтылған?
- A) Баласы әкесін құрметтеуге лайық.
- Ә) Әкесі баласын сынады.
- Б) Баласы әкесінің махаббатына ие бола алмады.
- В) Баласы әкесін аяды.
Тапсырма 2 — Біріктіру және түсіндіру аспектісі
A) Абай Әбдрахманды неліктен сынағысы келді? Жауабыңызды дәлелмен жазыңыз (қысқа сөйлемдер стратегиясын қолданыңыз).
Белгілеу коды (бірлесе оқу кезінде)
| Код | Мағынасы |
|---|---|
| ____ | Сіз үшін жаңа мәлімет, жаңа сөз немесе сөз тіркесі. |
| + | Маңызды ақпараттың астын сызу. |
| X | Келіспейтін пікірдің жанына/үстіне қою. |
| ? | Түсініксіз мәліметтің қасына қою. |
| ↔ | Ұқсас ақпараттарды өзара байланыстыру. |
3) Рефлексия: кері байланыс және бағалау
Тапсырма
-
«Қара зат адам өміріне зиян тигізеді» деген пікірмен келісесіз бе?
Пікіріңізді нақты фактілерге сүйеніп жазыңыз:
Келісемін, өйткені: ______
Келіспеймін, себебі: ______
- Өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау және мұғалімнің бағалауы.
- Үй тапсырмасы: ақ зат пен қара заттың ерекшелігі туралы қосымша ақпарат тауып келу.