Өнер көзі халықта

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

  • Балаларға жіп туралы түсінік беру, түстерді дұрыс таңдап, үйлесімділік құра білуге үйрету.
  • Қазақтың ұлттық құндылықтарын бағалауға, мақтан тұтуға және құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Әртүрлі жіп түстерінің әдемі үйлесімін ажыратып, қолдана білуге дағдыландыру.

Білімділік

  • Киіз үй және оның ішіндегі жабдықтар туралы әңгімелеу.
  • Балалардың ой-өрісін кеңейтіп, тілін дамыту.

Дамытушылық және тәрбиелік

  • Басқұр туралы түсінік беріп, ерекшеліктерімен таныстыру.
  • Қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейту, қолөнерге баулу, шығармашылық қабілетін дамыту.
  • Қолдың ұсақ моторикасын дамыту, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және өнерге қызығушылығын арттыру.

Сабақ барысы

Кіріспе диалог

Тәрбиеші

Балалар, көңіл күйлерің қалай?

Балалар

Жақсы.

Тәрбиеші

Жазда демалуға қайда барасыңдар?

Балалар

Жазда біз ауылға, әжеміз бен атамыздың үйіне барамыз.

Тәрбиеші

Ата-әжелеріңді жақсы көресіңдер ме?

Балалар

Жақсы көреміз.

Релаксация: «Ауылға жол»

Бір сәтке көзімізді жұмып, терең дем алып, еркін тыныстайық. Біз көлікпен үлкен жолдың бойымен ауылға, ата-әжеміздің үйіне келе жатырмыз. Жолдың екі жағы жап-жасыл шөпке, алуан түсті гүлге толы. Табиғат ерекше әсем: ағаштар жайқалып тұр, айнала қызғалдаққа көмкерілген. Қызғалдақтың түсі — қызыл мен сары; кілемдей құлпырып көз тартады.

Құлағымызға бұлақтың сылдырап аққан үні жетеді, құстардың әсем сайраған әні естіледі. Міне, алыстан ата-әжеміздің үйі көрінді. Жақындадық. Терең дем алып, көзімізді ашайық.

Кейіпкердің келуі: Қожанасыр

Қожанасыр

Ой, балалар, сәлеметсіңдер ме! Сендерді кездестіргеніме өте қуаныштымын. Мені таныдыңдар ма? Мен — Қожанасырмын.

Байекеңнің ауылында үлкен той болайын деп жатыр екен. Соған қандай сыйлық апарарымды білмей жүрмін. Тойда көп киіз үй тігіліп, түрлі ойындар ойнатылады. Ал байекең маған бірнеше тапсырма да беріпті.

Тәрбиеші

Қожеке, уайымдамаңыз. Біздің балалар сізге көмектеседі. Балалар, көмектесеміз бе?

Балалар

Көмектесейік!

1-тапсырма: Киіз үй туралы не білеміз?

Тоғжан

Киіз үй — ежелгі заманнан бері көшпелі халықтардың баспанасы. Оның арғы тегі арба үстіне орнатылған күйме үй болған. Киіз үй көшіп-қонуға қолайлы: тез бұзылады және шапшаң тігіледі.

Негізгі бөліктері

  • Шаңырақ
  • Кереге
  • Уық
  • Есік

Ішкі құрылысына қарай ағаш үй, сыртқы жабуына қарай киіз үй деп аталады.

Айару

Киіз үйдің ішінде түрлі түсті жібектер, кестеленген киіз, оюлы сырмақ, текемет, кілемдер және басқа да сәндік жабдықтар болады. Ерекше көзге түсетіні — өрнектеліп тоқылған басқұрлар мен баулар.

Басқұр түрлері

Жасалуына қарай басқұр ақ басқұр және ала басқұр болып екіге бөлінеді. Екеуінің де тоқылу мәнері өрнек әдісімен орындалады.

Бағдәулет

Басқұр — тоқыма өнерінің бір түрі. Бұл өнер халқымызда ежелден бар, алғашқы киім мен үй жабдығының негізіне айналған қадірлі кәсіп. Басқұр — керегенің басымен үйді айналдыра сәндікке ұстайтын, бояулы жіптен тоқылған өрнекті жалпақ құр.

Негізгі ой

Басқұр киіз үйдің ішкі көркін айқындап, ұлттық өрнектің мағынасын танытады.

Қожанасыр

Рахмет, балалар! Өздерің қандай білімдісіңдер! 1-тапсырманы орындауға көмектестіңдер.

2-тапсырма: Геометриялық пішіндерден басқұр оюын құрастыру

Балаларға әртүрлі геометриялық пішіндер ұсынылады. Міндет — сол пішіндерді үйлестіріп, басқұрға тән ою-өрнек құрастыру.

Дағды

Пішіндерді тану, салыстыру, симметрия мен ырғақты сақтап құрастыру, түстердің үйлесімін табу.

Қожанасыр

Енді мына жұмбақты шешіп көріңдерші:

Шыр көбелек айналар,

Беліне жіп байланар.

Балалар жауабы: ұршық.

3-тапсырма: Ұршық пен жіптің жасалуы

Әлия

Ұршықты шыр айналдырғанда жіп ширатылады. Жіп жүннен иіріледі. Жүнді қойдан, ешкіден, түйеден аламыз. Ешкіден алынған майда жүнді түбіт деп атаймыз.

Уақыт өте адамдар жіпті түйкелеу мен иіруге арналған құралдарды ойлап тапты. Қазіргі таңда иіру ісі заманауи механиканың көмегімен орындалады.

Жіп түрлері және қолданылуы

  • Тігін жібі

    Киім тігуге арналған жіп түрі.

  • Кесте жібі

    Ою-өрнек тігуге, сәндік жұмыста қолданылады.

  • Жібек жіп

    Жұмсақ, жылтыр, нәзік бұйымдарға лайық.

  • Тоқыма жіптері

    Алаша, кілем, бау, басқұр секілді бұйымдарды тоқуға пайдаланылады.

Жіптен әртүрлі бұйымдар жасауға болады: тігістер, сәндік элементтер, ойыншықтар, тоқыма жұмыстар.

Қожанасыр

Рахмет, балалар! Тағы бір тапсырманы орындадыңдар!

Шеберлік бөлімі: жіптен алаша тоқу

Тәрбиеші

Қожеке, енді балалардың өнерін өз көзіңізбен көріңіз.

Үстел үстінде жіптер шашылып жатыр. «Кім жылдам?» ойынын ойнап, жіптерді жинайық.

Көрдіңіз бе, балалар қандай шапшаң! Енді осы жіптерден алаша тоқып берсін.

Жұмыс үстінде айтылған мақал-мәтелдер

  • Тоғжан

    Көз қорқақ, қол батыр. Өнер көзі — халықта.

  • Мадияр

    Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.

  • Ардақ

    Кестенің сыры — түрінде, кілемнің сыры — түгінде.

  • Санжар

    Өнерлі өрге жүзеді. Өнерлі бала сүйкімді.

  • Айжан

    Қыз көркі — кестесімен. Шебердің қолы — көпке ортақ.

  • Арда

    Өнерлінің өрісі ұзақ. Өнерлінің қолы — алтын, өлеңшінің сөзі — алтын.

Қожанасыр

Балалар, қандай керемет! Білімдерің де мол, қолөнерге икемдерің де бар. Мына алашаларың маған қатты ұнады. Осыны байекеңе сыйлық ретінде апарсам қалай қарайсыңдар?

Балалар

Келісеміз.

Қожанасыр

Рахмет, балалар! Енді байекеңе апаратын әдемі сыйлығым дайын болды. Менің тойға баратын уақытым келді. Қош сау болыңдар!

Қорытынды рефлексия

Тәрбиеші

Балалар, байдың тапсырмалары қиын болды ма?

Балалар

Жоқ, қиын болған жоқ.

Тәрбиеші

Онда қандай тапсырмалар орындадық? (Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Сабақ соңында балалар қонақтармен қоштасып, топқа қайтады.

Бұл сабақта балалар ұлттық қолөнердің мәнін түсініп, киіз үй жабдықтары туралы білімін толықтырды. Жіп түрлерімен танысып, түстер үйлесімін байқап, ұсақ моторикасын дамытып, бірлескен жұмыстың қуанышын сезінді.