Сан есімнің түрлену кестесі
Сабақ жоспары
Пәні: Қазақ тілі
Тақырыбы: Сан есімнің түрленуі
Мақсаттар
Білімділік
Оқушылардың сан есімнің түрлері туралы түсінігін кеңейту, сан есімнің түрлену ерекшеліктерімен таныстыру.
Дамытушылық
Дамыта оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың теориялық ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелілік
Сандарға қатысты ұғымдарға мән бере отырып, шапшаңдық пен ізденімпаздыққа тәрбиелеу.
Сабақтың ресурстары
- Әдістері
- Түсіндірмелі, сұрақ–жауап, оқулықпен жұмыс
- Көрнекілігі
- Плакат, үлестірмелі карточкалар
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгендеу.
- Сынып тазалығын қадағалау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
65-жаттығу: заттанып тұрған сын есімдер мен баяндауыш қызметіндегі сын есімдерді табу.
Үй тапсырмасын бекіту сұрақтары
- Сын есімнің түрленуі дегеніміз не?
- Сын есімнің шырайы дегеніміз не?
- Салыстырмалы шырай дегеніміз не?
- Күшейтпелі шырай дегеніміз не?
III. Жаңа сабақ: Сан есімнің түрленуі
Сан есім — сандық ұғымды білдіретін сөз табы. Ол сөйлемде екі түрлі қызметте жұмсалады:
- Белгілі бір заттың нақтылы сандық мөлшерін білдіріп, қанша? неше? сұрақтарына жауап береді.
- Санның атауы ретінде қолданылып, не? сұрағына жауап береді.
Мысал арқылы түсіндіру
«Домбырада он бір перне, екі ішек бар.» — мұндағы он бір, екі сан есімдері заттардың сандық мөлшерін нақты білдіреді.
«Қырық беске төртті қоссақ, қырық тоғыз болады.» — мұнда сандар сан атауы ретінде қолданылған.
Құрамына қарай
- Дара сан есім: бір, он, бес, жүз, мың, миллион
- Күрделі сан есім: бір мың, жүз мың, сексен сегіз, алты ауыз
Құрылысына қарай
- Негізгі сан есім: бір, екі, үш, тоғыз
- Туынды сан есім: мыңдап, үштен, оннан
Сан есімнің мағыналық түрлері (6 түр)
| Түрі | Мысал | Мағынасы |
|---|---|---|
| Есептік | Бір сағат өтті. | Уақыт мөлшерін, нақты санды білдіреді. |
| Реттік | Екінші үйде тұрады. | Заттың саналу ретін білдіреді. |
| Жинақтық | Бесеуі жолға шықты. | Заттық ұғымда (кімдер?) жинақ санын білдіреді. |
| Болжалдық | Жетпістей адам келді. | Дәл емес, шамамен мөлшерлеп көрсетеді. |
| Топтау | Бес-алтыдан бөлінді. | Заттың топталуын білдіреді. |
| Бөлшектік | Екінің бірі ән айтады. | Бөлшек ұғымын білдіреді. |
Сан есімдердің түрлену жүйесі біркелкі емес. Мысалы, есептік және жинақтық сан есімдер сан атауы ретінде заттық ұғымда қолданылғанда септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын қабылдай алады.
Есептік сан есімнің ерекшелігі
Есептік сан есім заттың сандық мөлшерін білдіргенде өзгеріске түспейді. Тек заттық ұғымда жұмсалғанда ғана түрленеді: көптеледі, септеледі, тәуелденеді, жіктеледі.
Мысалдар: қырықтан асқан; бестің басы; тоқсанымыз жиылып; сексеніміз жиылып.
Жинақтық сан есім
Жинақтық сан есімдер заттық қасиеті бар сөздер болғандықтан, көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларының бәрін қабылдай береді.
Мысал: бесеуін берейін; біреулер әкеп.
Бөлшектік сан есім
Бөлшектік сан есімдер негізінен заттанған сандар тіркесінен жасалады. Олар әр түрлі септік жалғауларын қабылдай алады, бірақ көптелмейді. Құрылысы тәуелді болғандықтан тәуелдік жалғауын да қабылдамайды. Жіктік жалғауын қабылдаса, заттық ұғымда жұмсалады.
Мысал: «Сен — төрттің бірісің.» (төрт кісінің біреуі деген мағына береді)
Сан есімнің түрлену үлгілері
| Сан есім | Көптелуі | Септелуі | Тәуелденуі | Жіктелуі |
|---|---|---|---|---|
| миллион | миллиондар | миллионның | миллионым | миллионбыз |
| үшеу | үшеулер | үшеуден | үшеуіміз | үшеуміз |
| екінің бірі | — | екінің біріне | — | екінің бірісің |
Ескерту: бөлшектік құрылымдар (мысалы, «екінің бірі») әдетте көптелмейді, әрі тәуелдік жалғауын қабылдамайды.
IV. Сергіту сәті (математика арқылы ой қозғау)
1-ұяшық
Аспанда үш түйеқұс ұшып келе жатты. Аңшы олардың бірін атып алды. Аспанда қанша түйеқұс қалды?
Жауабы: Түйеқұс ұшпайды.
2-ұяшық
Бір жүз екі құлақ — неше адамның құлағы?
Жауабы: Бір адамның.
V. Оқулықпен жұмыс
68-жаттығу: мәтіндерден заттық ұғымда жұмсалып тұрған сан есімдерді табыңдар.
Мәтін 1
Сен биыл ондасың ба? Ол жасы сол кезде қырықтарды алқымдаған, сақалды, мұртты кісі еді. Жасы қырықтан асқан, ат-арбасы бар, жаман қосы бар, бір-екі бұзаулы сиыры бар, 18–19-ға келген келіншегі бар. Екеуі бірінші қатарда отырып алып, жұрттың бәріне аждаһадай әсер етті. Мырза, сіз басқа біреуді маған жорып отырсыз ғой деймін.
Мәтін 2
Тоқтышағым, тоғыз тап, өлмей-жітпей есен бол. Саулық қойым, сегіз тап, қой алдында көсем бол, сегізінен де семіз тап. Төртеуің де серке бол. Құла бием, құлын тап. Әукем, бұзауды алты тап. Құлын таппа, құнан тап. Құнан тапсаң, егіз тап. Өгіз болсын атандай.
«Кім шапшаң?» ойыны
Мақсаты: мақал-мәтелдерден сан есімді тез табу.
- Жеті атасын білмеген — жетесіз.
- Қызға қырық үйден тыйым.
- Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.
- Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
- Білгенің бір тоғыз, білмегенің — тоқсан тоғыз.
- Бала жетіге келгенше, жерден таяқ жейді.
69-жаттығу: цифрмен берілген сан есімдерді сөзбен жазыңдар және құрамына қарай талдаңдар.
Киелі сандар және тұрақты ұғымдар
3, 5, 7, 13 — қандай сандар? Адам өмірі санмен тығыз байланысты. Кейбір сандар халық ұғымында киелі саналады. Осы сандарға байланысты кездесетін ұғымдарды жазып көрейік:
70-жаттығу: сан есімдерді құрамына және мағынасына қарай талдап, сөйлем құраңдар.
VI. Сабақты бекіту
Әзілді-логикалық тапсырма (алгоритм)
- Бір сан ойлаңыз.
- Бұл санды 4-ке көбейтіңіз.
- Оған 18-ді қосыңыз.
- Шыққан санды 2-ге бөліңіз.
- Нәтижеден 7-ні азайтыңыз.
- 3-ке көбейтіңіз.
- 6-ға бөліңіз.
- Баста ойлаған санды алып тастаңыз.
Жауабы: нәтиже әрқашан 1 болады.
Қысқа сұрақтар
-
1) 100 шөже 100 кг бидайды 100 күнде жесе, 10 шөже 10 күнде қанша кг бидай жейді?
Жауабы: 1 кг.
-
2) Қай айда 28 күн бар?
Жауабы: барлық айда.
-
3) Лимонның жартысы не болады?
Жауабы: «лимбес».
-
4) Ақтөбеде біреу, Өскеменде жоқ, Алматыда екеу, Астанада көп. Ол не?
Жауабы: «а» әрпі.
VII. Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындау сапасына қарай бағалау жүргізіледі.
VIII. Үй тапсырмасы
72-жаттығу: сан есімдерді мағыналық түріне қарай ажырату, 3-бөлімдегі сан есімдерді цифрмен жазу.
Шығармашылық тапсырма: сан есімдерді қатыстырып, өзіңіз туралы шағын мәтін жазыңыз.