Құндылық

Сабақ барысы

Бұл жоспар оқушының жүрегіне мейірім ұялатып, отбасы мен айналасындағы адамдарға құрметпен қарауға бағыттайды.

1) Ұйымдастыру кезеңі

Тыныштық сәті • Нұрға бөлену

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз:

Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылады. Балғын, таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды тазалап, жүрегіңіздің қауызын ашады.

Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастасын. Ол біртіндеп күшейе түседі. Оймен нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз сәуле шашып, сізді тек жақсылық жасайтын жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.

Нұр аузыңызға, тіліңізге тарасын: тіліңіз тек шындықты, жақсы және ізгі сөздерді айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді.

Нұр көздеріңізге жетсін: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылық табады. Басыңыз түгелдей нұрға бөленсін: санаңызға тек ізгі, сәулелі ойлар келеді.

Нұр бірте-бірте шұғылаланып, денеңізден сыртқа шығып, айналаңызға сәуле шашсын. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да жіберіңіз — олардың жүрегі де нұрға толсын.

Бұл нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілік иесіне таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша айтыңыз: “Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен — Нұрмын.”

Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде біраз отыра тұрыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем — сіздің жүрегіңізде. Осы әсем қалпыңызды сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Мұғалім бұл сабаққа байланысты Р. Әкдемірдің “Ана махаббаты” әңгімесін алдын ала үйге оқуға береді. Тексеру барысында оқушылардың пікірін жинақтап, олардың айналасындағы адамдардың жақсылығын, мейірімін сезініп, байқап, бағалай білуі маңызды екенін нақтылай түсіндіреді.

3) Дәйекті сөз

Өзінің айналасындағы жора-жолдастарының, бауырларының жан дүниесіне үңіліп қарамаған адам өмірде үлкен қиыншылықтарға кезігеді және айналасына зиянын тигізеді.

А. Адлер

4) Әңгімелеу (сұхбат)

“Соқыр ана” тақырыбында үнтаспа тыңдалып, мазмұны бойынша сұхбат жүргізіледі.

5) Шығармашылық және топтық жұмыс

Оқушылар топпен жұмыс істей отырып, сүйіспеншілік, мейірім және құрмет тақырыптарын өмірлік жағдаяттармен байланыстырады. Әр топ өз ой-пікірін ортаға салады.

6) Топпен ән айту

Ән айту арқылы сабақтың эмоционалдық әсері күшейтіледі, ортақ жылылық пен бірлік сезімі қалыптастырылады.

7) Үй тапсырмасы

“Адамды сүйе біл” — С. Байжановтың әңгімесін оқып келу.

8) Қорытынды тыныштық сәті

Ата-ананың жүрек лүпілін сезіне біл. Олардың жанарынан көңіл хошы мен тыныштықты, бақыт пен қуаныштың сәулесін, беймазасыздығы мен әбігерленуін, қиналысы мен кейістігін көре біл.

Ата-ананың көзінен оның жан дүниесін көре білуге жастайыңнан үйрен. Ардақтай біл, аялай біл — сен деп соққан жүректі.