Наурызға арналған мерекелік ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер
Наурыз мерекелік ертеңгілігі
Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Жаңа Қима ауылы, «Құлыншақ» балабақшасы. Тәрбиеші: Бірімжанова Мейрамгүл Зиядақызы.
Жүргізушінің құттықтауы
Армысыздар, халайық! Бармысыздар, халайық! Наурыз тойын жұп жазбай, жылда қарсы алайық! Бүгінгі Наурызға арналған мерекелік ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Бәріміздің асыға күткен Наурыз тойы да келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын! Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн – ата-бабаларымыз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі.
Ұлыстың ұлы күні – Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болып, тілектеріңіз қабыл болсын! Наурыз айы – Шығыс күнтізбесі бойынша жылдың алғашқы айы. Дәл осы уақытта күн мен түн теңеліп, сол себептен Наурыз жыл басы болып саналады.
«Наурыз келсе, құт келгені, халайық!»
Есік ашып, шашу шашып, ел болып қарсы алайық. (Шашу шашылады.)
Балалардың жылы лебізі
Қонақтарымыз, балаларымыздың мерекелік құттықтаулары мен тақпақтарын қабыл алыңыздар.
Диляра
Шалқытып мерекеде ән салайық,
Би билеп, ән-өнерге тамсанайық.
Аңызбен, ертегімен бізге жеткен
Наурызды, қонақтарды қарсы алайық.
Вероника
Ару көктем, армысың!
Көкке біткен әнбісің,
Жерге біткен сәнбісің,
Алтын арай таңбысің.
Хош келіпсің, армысың!
Вова
Жылдың басы – Наурыз,
Жырдың басы – Наурыз.
Мерекеге арналсын
Бүгінгі жыр-әніміз.
Дастан
Кел, балалар, ойнайық,
Наурыз тойын тойлайық.
Баянды болып мереке,
Қыр гүліндей жайнайық.
Би
Қазір «Қамажай» биін тамашалайық.
Тақпақтармен жалғасқан мереке
Галя
Ойнаймыз шаттана,
Ішеміз күнде айран.
Балаға, қартқа да —
Ортақ қой бұл мейрам.
Камила
Наурыз тойын әдемі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдемі
Наурыз көже пісірді.
Жүргізушінің тілегі
Қанеки, қарсы алайық жылдың басын, Қосылып жасқа жасың, басқа басың. Барайық төрт көз түгел келер жылға, Аман боп алыс-жақын кәрі-жасың.
Сахналық көрініс: Біреу есікті қағады. Жыл басы — Жылқы келеді.
Жылқының батасы
Мен келдім, міне, ортаңызға,
Амандық тілеп баршаңызға.
Саулығын берсін деймін бәрімізге,
Жеткенше келесі жаңа жылға.
Жүргізуші: Біздің тойдың бас қонағы — өзіңіз. Төрлетіңіз, бүлдіршіндер өнер көрсетіп жатыр. Бірге тамашалайық.
Байқау және ойындар
Ортақ шақыру
Ал, халайық, тұрмайық — әндетейік, жырлайық! Ортамызды ашайық, осы жылға ырыс тілеп, жырдан шашу шашайық!
Ортаға екі ауылды шақырып, өнерлерін тамашалайық.
Байқау шарттары
- Әр ауыл өз ауылын таныстырады.
- Үй тапсырмасы: «Менің сүйікті тағамым» — әр ауыл өз қолымен дайындап әкелген тағамын таныстырып түсіндіреді.
- Салт-дәстүрді дәріптеу.
- Өз өнерін көрсету.
Ойындар
- Қолғаппен түйме қадау: екі ойыншыға қысқы қалың қолғап кигізіледі. Олар қарсы алдында тұрған екі баланың киімінің сыртынан киілген халат түймелерін қадауы керек. Ең бірінші болып түймелерін қадап болған ойыншы жеңіске жетеді.
- Арқан тарту.
- Тасымақ.
Ақ тілек
Алтын күні шуақ шашып аспаннан,
Жаңа жылым жыр-думаннан басталған.
Ақ дастархан жайып қазақ төріне,
Ақ ниетпен үлкендерден бата алған.
Бүгін ақ бата орнына ақ тілектер тыңдайық.
Қорытынды
Құрметті қонақтар, ата-аналар! «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік концертіміз өз мәресіне жетті.