Қандай мереке

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты: оқушылар көктемгі мерекелер туралы әңгімелеп, білімдерін толықтырады.

Білімділік

Тақырып төңірегінде әңгіме құрып, диалог жасап, өз ойын дұрыс жеткізуге дағдыланады.

Дамытушылық

Тілі, зейіні және ойлау қабілеті дамиды.

Тәрбиелік

Отансүйгіштікке және адамгершілікке тәрбиеленеді.

Сабақтың барысы: ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды сабақтың тақырыбы және мақсатымен таныстыру: «Балалар, бүгін біз көктемгі мерекелерге саяхат жасаймыз. Саяхатымыздың әр кезеңінде тапсырмалар орындаймыз.»

Үй тапсырмасы ретінде оқушылар көктемгі мерекелер туралы материалды қайталап келеді. Сабақ барысында білімдерін көрсетіп, ойларын нақты әрі түсінікті жеткізуге талпынады.

1-кезең: «Ең ардақты – Ана»

Адам баласының ең жақын досы, ең алғашқы ұстазы — ана. Ананың махаббаты мен мейіріміне тең келер ешнәрсе жоқ. Қазақта: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, оның алдындағы қарызыңды өтей алмайсың» деген сөз бар.

Тапсырма

  • Сурет бойынша әңгіме құру (8 наурыз тақырыбы).
  • Сұрақ: Анаңа қандай сыйлық дайындадың?

2-кезең: «Ұлыстың ұлы күні»

Тапсырма 1: тыңдалым

Аудиожазбадан мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап беру және мәтін мазмұны бойынша тірек сөздерді жазу.

Мәтін

Наурыз — ұлыстың ұлы күні, халықтық мейрам. Наурыз тойын тойлаудың өз дәстүрі бар. Бұл күні ойын-сауық, айтыс ұйымдастырылып, палуандар күреседі, ұлттық ойындар ойналады.

Адамдар бір-біріне «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!» деген тілектер айтады. Дастарқан жайылып, жеті түрлі тағамнан Наурыз көже пісіріледі.

22 наурыз — күн мен түн теңелетін күн. Наурыз — Шығыс халықтарының жаңа жылы, табиғат мерекесі.

Сұрақтар

  • Наурыз мерекесін халық қалай қарсы алады?
  • Наурыз мерекесін тойлаудың қандай дәстүрлері бар?
  • Адамдар бір-біріне қандай тілектер айтады?
  • Наурыз көже неше түрлі тағамнан пісіріледі?

Тапсырма 2: көрнекілік

Суреттегі ұлттық ойын түрлерін атау.

3-кезең: «Бірлік бар жерде – тірлік бар»

Бейнежазба көру: 1 мамыр мерекесі.

Тапсырма

Тіркесе алатын сөздерді табу және сөз тіркестерін құрау.

Тату Ұлт Тәуелсіз Достық Мерекесі Мемлекет Өкілдері Тұрады

Сергіту сәті

«Қара жорға» биі.

Мұғалім сыныптың деңгейіне қарай қозғалыс элементтерін қысқа бөліктермен үйретіп, қауіпсіздік ережесін ескертеді.

4-кезең: «Отан үшін күрес — ерге тиген үлес»

Отанды қорғауды тек сыртқы жаулармен қарулы күрес деп қана түсінуге болмайды. Біз еліміздің күш-қуатын нығайта отырып, оны бейбіт уақытта да қорғауға үлес қосамыз.

Конституциялық негіз

Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.» деп көрсетілген.

2012 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай, Елбасының жарлығымен 2013 жылдан бастап 7 мамыр — мемлекеттік мереке болып белгіленді.

Тапсырма

Суреттегі ребустан мақал-мәтелдерді табу:

  • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  • Отан — оттан да ыстық.

5-кезең: «Жеңіс жалауы»

Деңгейлік тапсырмалар

  1. Мәтінді оқып, жаңа сөздермен сөз тіркестерін және сөйлемдер құра.
  2. Мәтінді оқып, сандарды «сөйлет»: 1945, 9, 518, 2.
  3. Мәтінді түсініп оқып, сұрақтарға жауап бер.
  4. Мәтін бойынша диалог құрастыр.
  5. Мәтінді түсініп оқып, мазмұнда.

Мәтін

Жеңіс күні — 1945 жылы мамырдың 9-ында Ұлы Отан соғысы кеңес елінің жеңісімен аяқталды. Сондықтан бұл күні халық жыл сайын ардагерлерді құттықтап, Жеңіс күнін атап өтеді.

Бұл күн Қазақстан Республикасында да маңызды мерекелердің бірі. Қазақстандықтар соғысқа қатысып, ерлік көрсетті. 518 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Қазақ қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова — шығыс қыздарынан тұңғыш рет Батыр атағын алғандар. Бұл атаққа Талғат Бигелдинов екі мәрте ие болды.

Сөздік

Ұлы Отан соғысы
Великая Отечественная война
Ерлік
подвиг, героизм
Атақ
звание
Екі мәрте
дважды
Кеңес Одағы
Советский союз

Сұрақтар

  • Ұлы Отан соғысы туралы не білесің?
  • Неше қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды?
  • Бұл атаққа ие болған қазақ қыздары кімдер?
  • Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған кім?

Бекіту және қорытынды

Бекіту: сөйлемдерді аяқтау

«Қандай мереке?» деген сұраққа толық жауап жазу:

  • 8 наурыз

  • 22 наурыз

  • 1 мамыр

  • 7 мамыр

  • 9 мамыр

Сабақты қорытындылау және бағалау.

Мереке дегеніміз тек ән айту мен би билеу ғана емес. Ол — жақсы тілек айту, сыйлық беру, ардагерлерге тағзым етіп, құрмет көрсету және еске алу. Әр мерекенің өз маңызы мен орны бар.

Мектеп — білім беретін екінші үй. Демек, ұстаздар — екінші ана. Саяхатымыз осымен аяқталды. Сабақты 8 наурыз мерекесіне орай ұстаздарды құттықтап, ана туралы әнмен аяқтауға болады.

Үй тапсырмасы

8 наурыз туралы өлең жаттау.