Күлімде наурыз, күлімде атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер

Мақсат пен мән

Мақсаты — ұлттық рәсімдер туралы қарапайым түсінік қалыптастырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет пен сыйластық сезімге тәрбиелеу. Зал Наурыз мерекесіне сай сәнді безендіріліп, Роза Рымбаеваның «Наурыз» әні әуелейді.

Құттықтау сөзі

Құрметті ата-аналар! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге келген Наурыз мерекесі құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын.

I кіші тобының «Күлімде, Наурыз, күлімде» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Наурыз — гүл көктем, сәнді де арайлы,
Күлімдеп күн көктен, нұр шашып қарайды.
Жас қосатын жасыңа, жыл басы — бұл Наурыз,
Нәр кіргізген асыңа бал татқан сары уыз.

Дәстүрімізге айналған ұлыстың ұлы күнінде келер жылдан үміт күтіп, мерекені ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы аламыз. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Наурыз мерекесі тағы да құтты болсын!

Наурызды қарсы алу көрінісі

«Наурыз келсе — құт келгені, халайық, шашу шашып, ел болып қарсы алайық!» — дегенде ортаға Галина әжей шығып, шашу шашады.

Шуақ болып төгіліп,
Жерге дән боп егілер.
Наурыз айын күтуде
Кіп-кішкентай сәбилер.

Осыдан соң ортаға кішкентай бүлдіршіндер шақырылады. Көрермендер музыка ырғағымен қол соғып қарсы алады.

«Сүйінші!»

Есік жақтан екі бала қуанышпен «Сүйінші, сүйінші!» деп жүгіріп кіреді. Жақсы хабар жеткізген балаға үлкендер сүйінші беріп, ақ тілектерін айтады: «Айналайындар, сүйіншілеріңді ала қойыңдар, аман-есен жүріңдер!»

Қонақтарға сүйінші хабар: Рыскүл келін сәбилі болып, өмірге нәресте келді.

Теңеліп түн мен күндіз,
Ымдасып ай мен жұлдыз.
Жайраңдап елдің ұл-қызы,
Келді Наурыз — көктем айы.

Қонақ қарсы алу және қауышу

Сырттан ойнап жүрген балалар «Ата, ата! Әже, әже! Ауылға қонақтар келіп жатыр!» деп хабар береді. Осы сәтте ішке Еділбай құда мен Тоқтагүл құдағай кіреді. Үй иелері Ескендір құда мен Жәмила құдағилар орнынан тұрып, қонақтармен көрісіп, амандасады.

«Былтыр, яғни бір жыл бұрын, Еділбай құда мен Тоқтагүл құдағаймен құдандалы болған едік. Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер!» — деп ақжарма тілек айтылады.

Наурызбенен құттықтап,
Алыс-жақын қауышты.
Көктемдегі жарқын сәт
Көңілдерге ауысты.

Қонақтар Ескендір ағамыздың шаңырағында өтетін бесікке салу рәсіміне шақырылып, ортақ қуаныш басталады.

Бесікке салу рәсімі

1) Бесікті аластау

Алдымен бесікті аластау рәсімі Ақзияш әжеге тапсырылады. Әже бесікті аластап, бата-тілек айтады:

Алас, алас, баладан алас,
Үй иесі келді, пәледен алас.
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас.
Бісіміллә, келді, міне, иесі,
Көш пәлесі!

Наурызға арналған ізгі тілек жалғасады:

Қош келдің, Наурызым ардақты,
Халқым саған бар үмітін жалғапты.
Жылда осылай келе берші жаңарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп жан-жақты.

2) Баланы бесікке бөлеу

Енді нәрестені бесікке бөлеу құрметі нағашы әжесі Тоқтагүл құдағайға беріледі. Бесік жабдықтары әкелініп, әже әлди-тілек айтады:

Бесікке баланы бөле отырып,
Аталарың ақырса қорықпа,
Апаларың ақырса қорықпа,
Ойнақтаған ботадан қорықпа,
Тулаған тайдан қорықпа.
Бесігіңде бұлқынып, ұйқылы бол.

Алас, алас, аласы,
Келді, міне, баласы.
Жайлы ұйықтап, дем алсын,
Ұйқысы қанып оянсын!

Әже отырғандардан үш рет: «Оң ба?» — деп сұрайды. Жұртшылық үш қайтара: «Оң!» — деп жауап береді.

Мойнымдағы маржаным,
Орта толған мал-жаным.
Бесігіңде жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.

3) Ат қою

Сәбидің атын қою құрметі нағашы атасы Еділбай құдаға беріледі. Бала атасының алдына әкелінеді.

Бісіміллә.
Атың сенің — Наурызгүл, атың сенің — Наурызгүл.
Әкең — Рысбек (үш рет).
Анаң — Рыскүл (үш рет).

Рәсім аяқталған соң, барлығы қосылып «Келші, келші, балашым» әнін орындайды. Жоралғылар таратылып, қуаныш жалғасады.

Ән мен мерекелік тілек

Әнім де саған, биім де,
Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлап еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.

М. Омаровтың орындауында «Шілдехана, бесік той» әні шырқалады. Қонақтар мен ата-аналарға Наурыз мерекесі тағы да құтты болсын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болып, жылдан-жылға есен-сау жете берейік.

Кештің II бөлімі: Наурыз дастарханы

Қонақтар мен бала-шаға Наурыз дастарханына жайғасады.

Наурыз көже — береке дәмі

Ұлы күні ұлыстың
Күн мен түнді теңеген.
Тәтті дәмін ырыстың
Таттық Наурыз көжеден.

Әжем Наурыз көжеге жеті түрлі ас қосады: бидай, күріш, тары және тағы басқа дәмдер.

Тілек пен бата

Ақ тілектер айтылады. Наурыз көже ұсынылып, дастарханға бауырсақтар мен тәттілер қойылады. Дастарханға бата беріледі:

Күттіріп келген жыл басы,
Бізбен бірге жырлашы.
Дастарханыма елімнің
Береке, ырыс сыйлашы.

М. Омаров «Қазақы дастарханым» әнін орындайды.