Қыс өлеңін жаттау
Сабақтың тақырыбы
Абай Құнанбайұлының «Қыс» өлеңі.
Сабақтың мақсаты
Білімдік
- Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы білімді кеңейту.
- «Қыс» өлеңінің мазмұны мен идеясын ашу.
- Оқушылардың танымдық мүмкіндіктерін анықтау.
Дамытушылық
- Сөздік қорды, байланыстырып сөйлеуді дамыту.
- Елестету, есте сақтау, ойлау қабілеттерін жетілдіру.
Тәрбиелік
- Табиғат құбылыстарына қызығушылықты оятып, туған өлкенің табиғатын сүюге баулу.
- Эстетикалық тәрбие беру, Абай өлеңдерін оқуға ықыласты арттыру.
Сабақ ресурстары мен форматы
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Абайдың портреті
- Тірек-сызбалар
- Қыс мезгіліне арналған суреттер, слайдтар
Сабақ түрі және әдістері
Сабақ түрі
Жаңа сабақ.
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, сын тұрғысынан ойлау стратегиялары, топпен жұмыс, ой қозғау, сөздік жұмысы, топтастыру, зерттеу, Венн диаграммасы, әңгімелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық:
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем беріп сіздерге,
Бас иеміз біз.
II. Өткенді пысықтау
Қайталау сұрақтары:
- Біз қандай тарауды аяқтадық? («Өткен өмірден»)
- Мың жылдан артық уақыт өтсе де ұмытылмаған тұлға кім? (Әбу Насыр әл-Фараби)
- «Қобыланды батыр» жырының авторы кім?
- «Алпамыс батыр» жырындағы батырдың қару-жарақтарын ата.
- Баян тауын қорғаған батыр кім?
- Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлар туралы жырлардың авторы кім?
III. Қызығушылықты ояту
Тақырыпқа кіріспе сұрақтар:
- Жыл мезгілі нешеге бөлінеді?
- Жыл мезгілдерін ата.
- Қай жыл мезгілі ұнайды? Неліктен?
Оқушылар өздеріне ұнайтын жыл мезгілі туралы қысқаша әңгімелейді.
1-слайд бойынша
- Көріністе жылдың қай мезгілі бейнеленген?
- Қыс айларын ата: Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан.
Топқа бөлу
Топтастыру стратегиясы
«Қыс» дегенде ойға не келеді?
IV. Жаңа сабақты түсіндіру
Бүгінгі жаңа тарау: «Қыс бейнесі». Тараудың бір тақырыбы ретінде Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңімен танысамыз.
Автор туралы қысқаша мәлімет
Абай Құнанбаев — ұлы ақын, ағартушы, философ. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан өңірінде, Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген. Әжесі Зеренің тәрбиесін көріп өскен, зерек әрі алғыр бала болған. Кейін Семей қаласында үш жылдық медреседе оқиды.
Абай шығармаларында жастарды өнер-білімге, адал еңбекке, елге пайдалы болуға үндейді. Ол — табиғат лирикасын терең жырлаған ақын. Жылдың төрт мезгіліне арналған «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұрым» сияқты өлеңдері бар.
Мағынаны ашу: өлеңді тыңдау
Өлеңді мұғалім мәнерлеп оқиды.
«Қыс»
Абай Құнанбайұлы
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай, теріс айналды.
Өлеңнің мазмұны және шығу тарихы
Абай «Қыс» өлеңін 1884 жылы жазады. Сол жылы Семей өңірінде қыс қатты болып, ел жұтап, мал қырылғаны айтылады. Қалың қар сәуір айында ғана еріген. Сондықтан ақын қысты «ақ киімді, денелі, ақ сақалды» алып тұлғалы адам бейнесінде суреттейді.
Оқушылар өлеңді тізбектей, өз бетімен оқып шығады.
Сөздік жұмысы
Соқыр, мылқау
Ештеңені көрмейді, естімейді (аямайды, сезімсіз бейне).
Домбығып
Суықтан ісіп, қызарып кету.
Шидем
Қой жүнінен тоқылған сыртқы киім.
Оқулықпен жұмыс: талдау сұрақтары
Ақын қысты кімге теңейді?
Қысты адамға, кәрі шалға теңейді.
Шалдың «киімі» қандай?
Ақ киімді, үстін ақ қырау басқан.
«Киім» деп отырғаны не?
Жауған қар, қатқан мұз, қырау.
Ақын суреттеген шал кімді еске түсіреді?
Ақ киімді, ақ сақалды Аяз атаны.
Өлеңдегі шалдың мінезі қандай?
Қатал, ызғарлы, ашулы.
«Соқыр, мылқау» деуінің себебі неде?
Қыс ештеңені аямай, бәрін тоңдыратын, мейірімсіз күш ретінде бейнеленген.
Балалар мен малшы қалай суреттеледі?
Балалардың беті-қолы домбығып, үсік шалады; малшы қабаттап киінсе де, аязға шыдамай теріс айналады.
Сергіту сәті
«Шынықсын денеміз» өлеңі/қимыл-қозғалыс жаттығулары орындалады.
Дәптермен жұмыс
Тапсырма: адам кейпіндегі қысты бейнелейтін сөз тіркестерін тауып, дәптерге жазу.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Бұлттай қасы жауып екі көзін
Шығармашылық тапсырма
Ұйқасын тап
— …… керемет,
— …… себелеп.
Ұшып жүрген бейне бір,
— …… көбелек.
Топпен жұмыс
I топ — «Желтоқсан»
- Қыс тақырыбына қысқаша әңгіме құрастыру.
- Қыс туралы мақал-мәтелдер жазу (мысалы: «Қыс азығын жаз жина», «Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды», т.б.).
II топ — «Қаңтар»
- Қыс мезгіліне байланысты 5 жол өлең құрастыру.
- Қыс мезгіліне байланысты жұмбақтар құрастыру.
III топ — «Ақпан»
- Шартты белгілер арқылы бүгінгі ауа райын бақылап жазу.
- Халықтық болжамдар: ата-бабаларымыз ауа райын жануарлар мен өсімдікке қарап болжаған. Өздерің білетін бірнеше болжамды жазыңдар (мысалы: «Өрістен қайтқан мал аузына шөп тістеп келсе, кешікпей боран болады», «Қоянның бүйрегі майлы болса, қыс аязды болады», т.б.).
- Венн диаграммасы арқылы «Жаз» және «Қыс» өлеңдерін салыстыру.
V. Бекіту: ой толғаныс
«Қыс» өлеңіндегі көріністерді логикалық ойлау сызбасы арқылы жинақтау.
1) Табиғат сипаты
Соқыр-мылқау, үскірік; аяз бен қар; сықырлап келуі.
2) Адам бейнесі
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды; үсті ақ қырау; бұлттай қасы көзін жабады.
3) Ауыл тіршілігі
Балалардың беті-қолы домбығып, үсік шалады.
4) Малшының күйі
Шидем мен тонды қабаттап кисе де, суыққа шыдамай теріс айналады.
VI. Қорытынды
- Бүгін біз қандай тақырыппен таныстық?
- Өлеңнің авторы кім?
- Абайдың жыл мезгілдеріне арналған тағы қандай өлеңдері бар? (Үзінді айтып көру.)
- Жыл мезгілдерінен басқа қандай өлеңдерін білесіңдер?
VII. Бағалау
Оқушылардың жұмысы мұғалім тарапынан бағаланады.
VIII. Үй тапсырмасы
- «Қыс» өлеңін жаттау.
- «Қыс» тақырыбына сурет салып келу.