Бұдан артық әлем болмас өнеге сағаты
Өнеге сағаты туралы
Тақырыбы: «Бұдан артық әлем болмас» өнеге сағаты.
Мақсаты
- Оқушылардың адамгершілік және достық сезімін ояту.
- Достар арасындағы сыйластық, сенім және жауапкершілік құндылықтарын ұғындыру.
- Үлкен өмірге қадам басудағы ішкі сезімді сезіне білуге жетелеу.
Сабақ түрі
Өнеге сағаты, пікірталас, ой талқылау.
Қатысушылар
- Мектеп психологы
- Әлеуметтік педагог
- «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі апталық аясында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру жобасының авторы, еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызының туған күнімен тұспа-тұс келіп отырған «Бұдан артық әлем болмас» өнеге сағатына қош келдіңіздер!
Бәрінің бастауы — Махаббат
Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін алға бастайтын да, дамытатын да — балалардың өздері. Күні кеше «Өзін-өзі тану» пәні арқылы рухани-адамгершілік білімін толықтырған оқушыларымыздың жүректен шыққан лебізіне құлақ түрейік.
Өлең жолдары
Бәрінің бастауы — Махаббат!
Жаныңа нұр сепкен шапағат,
Еңбектің рақатын сездірген,
Гүлдерге құлпыртып түр берген.
Сәбидің шырағын жандырған,
Бұлағы мейірін қандырған.
Шуағы жылытқан жүректі,
Жаңғыртып айтамын қайталап:
Бәрінің бастауы — Махаббат!
Пәннің тәрбиелік мәні
- «Өзін-өзі тану» пәнінің балалар үшін тәрбиелік мәні зор.
- Адам бойындағы жылылық пен сыйластық сезімдерін оятады. Шаттыққа толы сәттердің өзі баланың санасындағы ізгі тілектердің жалғасы болады.
- Өзін-өзі тану әлеміндегі мейірім мен жылы жүрек әр адамды ізгілікке, парасаттылыққа шақырады.
Ұстаздың орны
Жүргізуші сөзі
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбие көбіне ұстазға тіреледі. Ұлт болашағы алдында ұстаздың міндеті өте зор. «Өзін-өзі тану» пәні арқылы оқушылардың бойынан мейірімділік, сүйіспеншілік, махаббат, достық сияқты қасиеттерді көріп, еңбегіміздің нәтижесіне қуана аламыз. Бұл қасиеттер білім мен тәрбие арқылы дариды.
Арнау
Мейірім боп ұша берсін тағы да ән,
Сізді жақсы көре берсін бар ұлан.
Сара анамыз салып берген даңғылмен,
Әр оқушы өзін-өзі таныған.
Сөз кезегі
- «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғаліміне сөз беріледі.
- Әлеуметтік педагогке сөз беріледі.
Дана халқымыз: «Әрбір бала — бір жұлдыз, әр жұлдыздың өз орны бар» дейді. Осы ой әр баланың даралығын бағалауға, жүрегіндегі жарықты жоғалтпауға шақырады.
Алғыс сөз
Мейірімін «Бөбекке» төккен анаға,
Жүректерді жүрекпен өпкен анаға,
Жетімдерді жетектеп ап кеткен анаға,
Ақпанда туған жүрегі аппақ анаға —
мың алғыс!
«Бөбек» орталығындағы әсер
«Бөбек» сауықтыру орталығында демалып келген Мұқағали мен Диас ағаларымыз өз алғыстарын жеткізуге келіп отыр. Сұхбат барысында олардың әсері мен тәжірибесін тыңдау — өзгелерге де шабыт береді.
Сұрақтар
- Жолдамаға қалай қол жеткіздіңіздер?
- Алматыны көргенде қандай сезімде болдыңыздар?
- Қандай қызықты сайыстарға қатыстыңыздар?
- Басқа лагерлерден қандай айырмашылығы бар?
Тағы бір сөз кезегі
Сыныбымыздың үлгілі оқушысының анасына, «Алтын алқа» иегеріне сөз беріледі.
Қорытынды ой
«Бұдан артық әлем болмас» — тұлға болып қалыптасуыңа мүмкіндік беретін құндылықтар әлемі. Жан-жағыңнан осындай қолдау көріп отырсаң, бұдан артық қандай әлем керек?
Біз өмір сүріп жатқан әлем қарыштап дамып келеді. Ендеше бізге қажеті — сенім мен батылдық. Сонда ғана әлем гүлденеді.
Осымен «Бұдан артық әлем болмас» өнеге-тәрбие сағатымыз аяқталды. Ой бөліскен қонақтарымызға көп рақмет айтамыз!