Балалардың ойыншықтар туралы түсініктерін дамыту

Білім саласы: Шығармашылық Бөлімі: Музыка Тақырыбы: «Менің сүйікті ойыншығым»

Мақсаты

  • Балалардың ойыншықтар туралы түсінігін дамыту.
  • Жаңа әнді меңгерту: әнді тыңдап түсіну, әуен мен қимылды үйлестіруге тәрбиелеу.
  • Ән мәтініне назар аударуға, сөзді таза әрі түсінікті айтуға дағдыландыру.
  • Ойыншық түрлерін бір-бірінен ажырата білуін дамыту.

Мотивациялық қозғаушы кезең

Балаларды саппен жүргізіп, жарты шеңберге тұрғызамыз. «Жылулық шеңберінде» бір-біріне жылы сөз айтып, жағымды көңіл күй қалыптастырамыз.

Жылулық шеңбері (өлең)

Балалар, қуанышымызды бір-бірімізге жеткізейік:

Біз қандаймыз, қандаймыз,

Шұғылалы таңдаймыз.

Күлімдеген күндейміз,

Ренжуді білмейміз.

Қуанамын мен де,

Қуанасың сен де.

Қуанайық, достарым!

Бәрекелді, балалар!

Көңілді қимыл-қозғалыс

Музыкамен бірге балалар құлыншақтың қимылдарын орындайды.

Ұйымдастырушылық-ізденімпаздық кезең

Әңгімелесу және ынталандыру

  • Балалар, сендер ойыншықтарды жақсы көресіңдер ме?
  • Үйде қандай сүйікті ойыншықтарың бар?
  • Ойыншықтар еліне қонаққа барғыларың келе ме?

«Пойыз» болып жолға шығу

Ойыншықтар еліне жаяу барсақ шаршаймыз, сондықтан бәріміз «паровоз» болып, әндетіп барамыз.

Өлең жолдары

Кәне, кімнің бойы ұзын,

Паровозы — ол поездың.

Қатар-қатар тұрайық,

Поезды біз құрайық.

Ал, паровоз, бас алға,

Бәрімізді басқар да.

Пш-пш-пш-пш — біз кеттік,

Жүрісті тым үдеттік.

Топпен бір айналып жүреміз.

Ертегілік кездесу: сиқыршы

Балалар ойыншықтар еліне жеткен сәтте сиқыршы пайда болады. Қолында сиқырлы таяқшасы бар. Балалар таңғалады.

Сиқыршының сөзі

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қайдан келе жатырсыңдар?»

Жетекшінің жауабы

«Балалар ойыншықтар еліне қонаққа келе жатыр. Бізге тезірек жетуге көмектесесіз бе?»

Сұрақ-жауап

  • «Мынау қандай ойыншық?»
  • «Бұның аты не?»
  • «Ал мынау қандай әуен? Мұқият тыңдайық.»

Ән тыңдау

П. И. Чайковский — «Ойыншық солдаттар маршы».

Сиқыршы балаларды мақтап, ойыншықтар еліне қош келдіңдер дейді.

Жаңа ән: «Ойыншықтар»

Композитор: И. Нүсіпбаев.

Жетекшінің әрекеті

  • Әнді орындап көрсетеді, мазмұнын түсіндіреді.
  • Ән екпінінің орташа екенін атап өтеді.
  • Аспап сүйемелдеуімен айтуға және музыка екпініне ілесуге үйретеді.
  • Мәтінді анық, таза және түсінікті айтуын қадағалайды.

Балалардың әрекеті

  • Жаңа әнмен танысады.
  • Жетекшіге ілесе отырып үйренеді.
  • Музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен айтады.

Жұмбақ және жаңа кейіпкер

Жұмбақ

Сыбдыр шықса қашады,

Қырдан бір-ақ асады.

Бұл не?

Балалар дұрыс жауап береді: қоян.

Сиқыршының сиқыры: қоян пайда болады

Сиқыршы таяқшасын сермейді — кенеттен қоян пайда болады.

Қоянның сөзі

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қайдан жүрсіңдер? Сендер мені танисыңдар ма? Мен туралы қандай тақпақтар, ертегілер білесіңдер?»

Балалардың жауабы

«Біз қоян туралы көптеген ертегілер білеміз: “Аңқау қоян”, “Қоян мен қасқыр”, “Қоянның айласы” және т.б.»

Әуенді қимыл: «Қоян»

Балалар қоянның қимылын салып, секіреді.

Қоян балаларға алғыс айтып, аюдың үйіне қонаққа бара жатқанын айтып қоштасады.

Ойын: «Бұл қандай ойыншық?»

Қайтар уақыт таяғанда, сиқыршы балалармен ойын ойнауды ұсынады. Балалар келіседі.

Ойын шарты

  1. 1 Ортаға бір баланы шығарып, көзін байлаймыз.
  2. 2 Бала үстел үстіндегі ойыншықты сипап көріп, қандай ойыншық екенін табады.
  3. 3 Тапқан ойыншықтың қимылын музыкаға ілесе көрсетеді.

Сиқыршы: «Сендер сегіз қырлы, бір сырлы екенсіңдер! Қимастықпен қоштасамын. Ойыншықтар әлеміне жиі келіп тұрыңдар».

Бекіту және қорытынды

Қайту

Қайтар жол ұзақ болғандықтан, балалар қайтадан «паровоз» болып әндетіп топқа оралады. Мадақтау жүргізіліп, оқу іс-әрекеті пысықталып бекітіледі.

Сұрақтар арқылы пысықтау

  • Балалар, сендер қайда бардыңдар?
  • Ойыншықтар елі сендерге ұнады ма?
  • Ойыншықтар елінде сендерді кім қарсы алды? Тағы нелерді кездестірдіңдер?

Жарайсыңдар, балалар! Бүгінгі оқу іс-әрекетіне өте жақсы қатыстыңдар.

Қоштасу

Балаларға алғыс айтып, қонақтармен қоштасамыз. Балалар саппен музыка әуенімен жүріп, залдан шығады.

Күтілетін нәтиже

Білуі

Балалар ойыншықтар туралы түсінік алады; ойыншықтар туралы әнді мұқият тыңдап, мазмұнын түсінеді.

Игеруі

Ән айту барысында мәтінді анық, таза және түсінікті айтады; көптеген ойыншық түрлерін біледі және ажырата алады.

Жасай білуі

Жүктелген тапсырмаларды дұрыс әрі тиянақты орындайды; музыка мен қимылды үйлесімді етіп жасай біледі.