Шідер - алдыңғы екі аяғын және артқы бір аяғына салынатын әбзел

Ат әбзелдері және жегін тұрмандары

Ат әбзелдері — атқа міну және жегу үшін қолданылатын ер-тұрман мен әртүрлі жабдықтардың жалпы атауы. Қазақ тұрмысында олар тек қажеттілік емес, сонымен бірге шеберлік пен әсемдіктің белгісі саналған.

Ер-тұрман ұғымы

Ер-тұрман — салт мінетін атқа арналған жабдықтардың жиынтық атауы. Оның құрамына ер, тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер және басқа да бөлшектер кіреді.

Салт мінуге арналған негізгі әбзелдер

Ер

Ер — әбзелдің негізгі ағаш тұғыры. Ол екі қастан (алдыңғы және артқы), екі қапталдан және белағаштан тұрады.

Түрлері

Қазақы ер, құранды ер, шошақ бас ер, үйрек бас (құс бас) ер, қазық бас ер, қозы құйрық ер және т.б.

Рулық ерекшелігі бойынша

Алтай ер, найман ер, үйсін ер, керей ер, адай ер, қызай ер және т.б.

Сапасы мен қолданылуына қарай

Алтын ер, күміс ер, сондай-ақ еркек ері және әйел ері.

Өмілдірік

Ердің кейін кетпеуі үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын, әсемделіп шекетулеген сәнді әбзел.

Құйысқан

Ердің ат мойнына кетпеуі үшін ат құйрығы астынан өтіп, екі жамбас арқылы ер шеттігіне жалғасатын (көбіне күмістелген) әбзел.

Айыл (төс айыл, шап айыл)

Тартпа деп те аталады. Ер-тоқымды ат арқасына берік бекітетін қайыс әбзел.

Құр айыл

Тай мен құнанның бауырын қиып кетпес үшін ою-өрнекті, түрлі түсті құрдан жасалатын айыл.

Қанжыға

Бөктерген затты байлау үшін қапталдағы қанжығалыққа бекітілетін ұзын таспалар.

Шеттік

Өмілдірік пен құйысқанды бекітуге арналған қапталдың алдыңғы және артқы жағындағы тесік.

Тоқым, тебінгі, терлік

  • Тоқым — ердің астына салынатын, былғарымен қапталған киізден жасалған әбзел.
  • Тебінгі — үзеңгі атқа тимеуі және киім ат терімен бүлінбеуі үшін тоқымға жалғасатын бөлік.
  • Терлік — ат арқасына жұмсақ болу үшін тоқымның астына салынатын жұқа киіз.

Үзеңгі, таралғы, үзеңгілік

  • Үзеңгі — атқа мінуге арналған, аяқ салатын жезден немесе темірден жасалған тұрман.
  • Таралғы — үзеңгіні ерге қосатын жалпақ қайыс.
  • Үзеңгілік — қапталдағы таралғы өтетін тесік.

Қосымша бөлшектер

Төс бау

Бір ұшы өмілдірікке, бір ұшы төс айылға жалғасатын қайыс бау.

Салпыншақ

Құйысқанға, шілияға, ершікке сән үшін тағылатын шашақ (шоқ).

Бас әбзелдері және айдау құралдары

Жүген

Жүген — ат басына кигізілетін негізгі әбзелдердің бірі. Құрамына жақтау, желкелік, кекілдік, кеңсірік, сулық, ауыздық, сағалдырық, шығыршық және тізгін кіреді.

Ноқта және шылбыр

Ноқта — жүгеннің астынан түсетін әбзел; түйе, құлын, бұзау да ноқтамен байланады. Шылбыр — жылқы ноқтасына тағылатын берік еспе бау.

Шыбыртқы (бишік)

Көлікті атпен жүргізгенде арба немесе шана үстінен айдауға арналған ұзын қамшы.

Қамшы

Қамшы — ат айдауға арналған, сәндеп безендірілетін, теріден өріліп жасалатын қадірлі әбзел. Құрамына сап, өрім, алақан, бас, дүм, кекіл, кежеге, бүлдірге, шежемей, мойнақ, бүршік, түйін, өзек және т.б. бөлшектер енеді.

Жегін әбзелдері (арба, шана)

Шілия

Атты жеккенде қамыттың ілгері кетпеуі және арба не шананың ат аяғын соқпауын қамтамасыз ету үшін қайыстан өріліп, шекетулеп, шашақталып жасалатын әбзел.

Қамыт

Жегін әбзелі. Құрамы: қамыт, шұжық, көпшік, құлақбау, тамақбау.

Доға

Атты арбаға (немесе шанаға) жеккенде қамыт пен жетекті қосып тұратын, негізгі күш түсетін доға ағаш.

Ершік

Жегін ат үстіндегі жетекті көтеру үшін (қайыс арқылы) пайдаланылатын әбзел.

Қоңырау

Доғаға сәндік әрі дыбыс беру үшін тағылатын жез қоңырау.

Сылдырмақ

Ершікке немесе шілияға сән үшін тағылатын кішкентай қоңыраушалар.

Божы

Көлікті басқаруға (бұруға) арналған, қайыстан өрілетін әбзел.

Қорғаныс және байлау әбзелдері

Желқом

Жауырдың жарасына тимеу үшін ер астына салынатын киіз. Кейде жауыр атқа арналған ерге ұқсас жеңіл әбзел түрі ретінде де қолданылады.

Атжабу

Жылқы тоңбас үшін жабылатын өрнекті киіз немесе мата жабынды.

Тұсамыс

Аттың алдыңғы аяғын тұсауға арналған әбзел.

Өре

Жылқының бір алдыңғы және бір артқы аяғына салынатын әбзел.

Шідер

Алдыңғы екі аяғына және артқы бір аяғына салынатын әбзел.

Ашамай

Тайға мінетін балалар ері.

Түйе және өгізге қатысты тұрмандар

Шөлке және жазы

Шөлке — түйенің қамыты. Жазы — жүк артылатын түйенің үстіне қойылатын тұрман.

Мұрындық (желбұйда, бұйда, тығырық)

Мұрындық — жетектеу (байлау) үшін түйенің мұрнына көлденең өткізілетін кішкене ағаш. Құрамына мұрындық, екі тығырық және желбұйда кіреді.

  • Желбұйда — мұрындыққа байланатын қысқа жіп.
  • Бұйда — жетектеу үшін желбұйдаға жалғанатын бау.
  • Тығырық — мұрындық шығып кетпес үшін екі жағынан кигізілетін былғары шығыршық.

Мойынтұрық және шүй

Мойынтұрық — өгіздің жегін құралы (қамыт). Шүй — мойынтұрықты бекітетін ағаш немесе темір бөлшек.

Пар қамыт, басжіп, ыңыршақ

  • Пар қамыт — пар өгіз жегуге арналған мойынтұрық.
  • Басжіп — сиырдың мүйізіне байланатын еспе жіп.
  • Ыңыршақ — жегін өгіздің үстіне салынатын әбзел (ершік).

Бау-жіп түрлері

Жіп

Мал жүнінен немесе қылынан есіліп жасалатын, мал байлауға не зат бууға арналған бау.

Құр

Жіптің орнына қолданылатын, жүннен термелеп жасалатын бау. Мысалы: бас құр, құр айыл, таңғыш құр.

Әзірлеген: Бегімхан Керімханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.