Қазақ тілінен диктанттар жинағыБала биБала бидің атасы азан шақырып қойған аты - Бименбет
Қазақ тілінен диктанттар жинағы
Төмендегі мәтіндер — оқылымға жеңіл, ойы анық, тілдік бояуы қанық қысқа диктанттар. Әр бөлімде негізгі ойды айқындайтын тұстар бөлек көрсетілді.
Бала би
110 сөз · «Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан
Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты — Бименбет. «Бала би» — оның лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келген үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, «Бала би» атанып кетеді.
Төрт кісі бірігіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп, соймақ болып қырманға жібереді. Сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойған екен. Бір күні ешкі шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып, бақырып қырманды айнала жүгіріп, қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде, үш сау аяқтың иесі: «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да — шүберек байланған ақсақ аяқ» деп, ауру аяқтың иесін айыпты қылып шығарады.
Жайықта
97 сөз
Көктемде Жайық өңіріне аққулар қос-қостан ұшып келеді. Талқайраңдағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртқа шығып, сыбызғының үніндей сұлқылдаған аққулардың дауысын тыңдадым. Олар тобымен орман ішінде қонды.
Таңертең ерте оянып, тысқа шықтым. Шығыс жақ — қызыл шақпақ. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кешкісін бір аққудың аяғына қармақ кіріп кетіпті. Жалма-жан көйлегімді шешіп тастап, аққуға жүзіп жеттім. Аққу су сабалап сыңсыды, аузын ашып айбат шекті. Аяғынан ұстап, қармақтан босаттым. Рақмет айтқандай, бір сұңқ етті де, арғы беттегі жасыл құрақ ішінде қиқу салып, тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді.
Шоқан Шыңғысұлы
100 сөз
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов — қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысында 1835 жылы туған. Балалық шағы Сырымбет тауының бауырында өткен. Әкесі — Шыңғыс, ұлы атасы — Уәлихан, арғы атасы — Абылай.
Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз әңгімелерді қызыға тыңдап өсті. Құсмұрын бекетінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын жазып алған. Сырымбетте аңыз бен жырлар сюжетіне сурет салатын. Табиғатынан алғыр, зерек болған Шоқан қазақ мектебінде оқып, арабша хат таниды, кейін Орта Азияның түркі тілдерін меңгереді. Ол Омбыдағы кадет корпусында оқыған. Шоқанның ісі өлмейді.
Менің атам
93 сөз
Мен атамды көрген емеспін. Әкем де оның бейнесін көз алдына елестете алмайды.
— Атаң жайсаң жан еді. Соғыс басталғанда жиырма бір жаста болатын. Өзі сұранып майданға аттанды, — дейді әжем.
Бір күні «Ауылымыздың ардагерлері» атты тәрбие сағаты өтті. Сынып жетекшіміз Зәуреш апай балаларға менің атам туралы да айтып берді: — Нұғыман атай небәрі жиырма бес жасында біздің жарқын өміріміз үшін жанын пида еткен. Батыр атаның бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Есімі ел есінде мәңгі сақталады! Сол сәтте мені мақтаныш сезімі кернеді. Екі қолымды партаның астына тыға қойдым.
«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді».
«Ел намысы — ер намысы».
Аю және бөрене
100 сөз
Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал ұясына тамсанып, сілекейі шұбырып, бал жегісі келеді. Аю ағашқа өрмелеп, ұяға жақындағанда ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасайды.
Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жібереді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралып, аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Бөрене қайта оралып, тағы да сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Ақыры үшінші рет итергенде, бөрене қайта оралып, аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіреді.
Көктем
90 сөз · С. Дөнентаев
Мамыр айының бас кезі. Жер беті кілемнің түріндей жап-жасыл. Таң атып, күн көтеріліп келеді. Таңертең түскен шық тамшылары қызара шыққан күн сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді.
Қалың тоғайдың арасымен ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен аппақ тұман көтерілген. Шықпен буланып, маңдайы терлеп, төмен қарап тұрған талдар да бір бөлек. Тал арасымен сылдырап аққан өзен суы, анадайдан қарайып көрінген жар жағасына қона жайлаған елдің қыстауы көзге шалынады. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басын қимылдатар жел жоқ — тып-тыныш. Бұл — табиғаттың бар тіршілікке ықыласпен күлімдеген күні еді.
Ел мұраты — Тәуелсіздік
77 сөз
Тәуелсіздік — мемлекеттік тұрғыдан алғанда еліміздің еркіндігі, ел тізгінін өз қолына алуы, өз билігінде болуы. Қазақстан Республикасы — халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең түсетін тәуелсіз мемлекет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл — қазақ тілі» деп жарияланған. Елде іс қағаздары қазақша жүргізіліп, тіл мәртебесі жылдан-жылға көтеріле бастады. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «Әкесі баласымен, атасы немересімен, ері әйелімен, әкімдер халықпен, әлеумет бір-бірімен ана тілінде сөйлессін» деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, тіл саясаты жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Ел тәуелсіздігінің болашағы жарқын болсын!
Тірлік қамы
111 сөз
Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері ұйымшыл еді: аз ғана шаруасын ортақ ұстап, бір-біріне үнемі сүйеніп отыратын. Сондықтан малды өздері бағып, біріне-бірі үлкен-кішілігіне қарамай қолғабыс ететін.
Мал біткеннен бастап, жазда аз ғана жылқыны бағу, қыста түйе мен сиыр сияқты ірі қараны өріске шығарып, кешке қораға жинау — менің міндетіме айналды. 1911 жылы ауыл қыстауға келісімен, әкемнің нағашыларының ауылына бардым. Ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа қарай сағыныса қатынасатынбыз. Барсам, ол ауылда ерекше жаңалық басталыпты: әкемнің нағашы ағасы — малды, әрі атқамінер, сыйлы кісі — Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша оқыта бастапты. Олардың балалары да менімен құрдас еді.
Қырманда
125 сөз
Қырман қызып, қамбаға астық құйыла бастаған шақ еді. Бала-шағаға дейін қырман қызығына араласып жүретін. Ерсілі-қарсылы егіз арбалар қырман мен егістік арасын ақшаңдақ жолға айналдырды. Аумағы алты қанат үш үйдің орнындай қырманда алты түйе шыр көбелек айналады. Жас сабан сары түйедей әп-сәтте үйіліп қалады. Үстінде бала-шаға асыр салады.
Бір топ қатын-қалаш жел жақта тары ұшырып жүр. Ағаш күректермен ақ маржан тарыны көсіп-көсіп алып, жоғарыдан төмен суылдатады. Баданадай-баданадай алтын дәндер шаң-тозаңнан арылып, жал-жал болып үйіліп жатады. Сол мол ырыздықты еркін кешіп, ұзын шұбақ жайылған алашалардың үстіне әкеп, бірнеше адам тарыны шапшаң-шапшаң електен өткізеді. Қиқым-сиқымнан әбден тазартысымен қапшықтап, таразыға салып, ауыздарын шуда жіппен сықита тігіп, дереу арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған екінші топ та айрықша қарбалас үстінде еді.