Абайды іздеу

Сабақтың тақырыбы

Ұлы Абай – нар тұлға

Мақсаты (білімділік)

Ұлы ақынның даналық сөздерін талдап, мағынасына терең үңілу; оларды есте сақтап, Абайдың парасатты ақын екенін дәлелдей отырып, насихаттау.

Мақсаты (дамытушылық)

Ел бірлігі, ұрпақ келешегі, адам жанының рухани тазалығы туралы ой-толғауларды сезіндіре отырып, шәкірттерді отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа және адамдық асыл қасиеттерге тәрбиелеу.

Мақсаты (тәрбиелік)

Шәкірттердің ойлау белсенділігін арттыру, еске түсіру және есте сақтау қабілеттерін жетілдіру; жүйелі, шешен сөйлеуге дағдыландыру.

Сабақтың түрі: сайыс сабақ
Көрнекілігі: Абай суреті, шығармалары, альбомдар, буклеттер, қабырға газеттері

Эпиграф

«Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, құрбы, жақсы ұстаздан болады».

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Баяу күй ойнап тұрады. Оқушылар орындарынан тұрып, сәлемдескеннен кейін сабақ басталады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті қонақтар, ұстаздар, шәкірттер! «Ұлы Абай – нар тұлға» атты бүгінгі сабағымызға қош келдіңіздер.

Көп адамдар өмірге бой алдырған,

Бой алдырған аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған.

Абай жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасасып келеді.

1-жүргізуші

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?

Жырымен жан сусынын қандырған кім?

Қастерлеп сөз асылын өлеңменен,

Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?

2-жүргізуші

Ерте оянып, ойланып, ер жеткен кім?

Талабын тас қияға өрлеткен кім?

Құба жон, құбақан құм, құла қырды,

Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

Абайдың үні

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым — кінә қойма.

Қазақ жерінде ақын да, данышпан да көп болғанымен, Абай — біреу-ақ. Абайы бар елдің мерейі үстем.

Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бермек. Сол шыңнан көз жазбау — біздің парызымыз да, қарызымыз да.

Сайыс сабағының құрылымы

Сөзіміз дәлелді болу үшін кезекті оқушыларға берейік. Сынып екі топқа бөлінеді, әділқазылар алқасы сайланады.

I топ: «Желсіз түнде жарық ай»

Ұраны:
«Аспаса ақыл қайраттан, тереңге бармас үстірттер.»
Әні:
«Желсіз түнде жарық ай»
Төсбелгісі:
ай, тау, су бейнесі

II топ: «Сегіз аяқ»

Ұраны:
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық — аздырар адам баласын.»
Әні:
«Сегіз аяқ»
Төсбелгісі:
кітап, орақ, кетпен

Тапсырмалар

1-тапсырма: Таныстыру, сәлем беру

I топ

Сәлем бердік қарсылас топ «Сегіз аяқ»,

Данышпандар сендермісің неке-саяқ.

Парасат жарысына келіп тұрмыз,

Бар өнерді қалмаңдар көптен аяп.

Айт деген соң іркіліп қаламыз ба?

Ұлы ақынның шәкірті көп арамызда.

Абай айтқан асыл сөздер тізіліп тұр,

Мына біздің пәк, таза санамызда.

II топ

«Желсіз түнде жарық ай», қабыл алдық сәлеміңді,

Ортаға сал, жасырма бойдағы бар өнеріңді.

Абай айтқан асылдар, жыр-маржандар төгілсін,

Отырғандар таңданып, бас шайқасын, қол ұрсын.

Ұлы Абайдың жырынан құр қаласың ба,

Сөз маржанын тер дария жағасында.

Парасат, ақыл-ойдан сыр шертелік,

Құрма мектебі — Сарыарқа даласында.

2-тапсырма: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!»

I топ — өлең жолдары

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме,

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін шын күлерлік

Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.

Жастықта бір күлгенің бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе біріңдікін, бірің жеткіз!

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойыңа жұқпас, сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

II топ — қара сөздерге саяхат

6-қарасөз

Көкірегі, көңілі тірі болса — тірлік деп соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас, әзір тамақ, әзір ас, сыртың — пысық, ішің — нас, артын ойлап ұялмас болып жүріп «тірімін» деме; онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.

8-қарасөз

Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу — болыс, біреу — би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді.

Байлар өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда: адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, білім — ешнәрсе малдан қымбат демейді.

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшақ басқанға.

Екі көзің аларып,

Құр қарайсың аспанға.

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі де кесел асқанға.

10-қарасөз

Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе — кім бай болмайды? Мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын.

Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.

13-қарасөз

Иман деген — ұлы тәңірі Алланың барлығына, бірлігіне илану; иман — шын көңілмен Аллаға сену. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, айнып көңілі қозғалмастай берік болуға керек.

Бұл иманды шын иман (тақлиди) дейміз. Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз.

15-қарасөз

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің айырмасы: адам дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді; күнінде айтса — құлақ, ойланса — көңіл сүйсінгендей болады. Оған өткен өмірдің өкініші де жоқ болады.

Есер кісі орнын таппай, баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, өмірінің қымбатты шағын босқа өткізеді; күнінде өкінгеннен пайда болмайды.

19-қарасөз

Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе — дүниедегі жақсы-жаманды таниды; сондайдан білгені мен көргені көп болған адам білімді болады.

Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.

Ақыл бітпес дәулетке,

Дәулет бітпес келбетке.

31-қарасөз

Естіген нәрсені ұмытпауға төрт себеп бар: біріншісі — көкірегі байлаулы, берік болмақ; екіншісі — естігенде не көргенде үлгі алып, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу; үшіншісі — ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту; төртіншісі — ой кеселді нәрселерден қашық болу.

Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, бір қайғыға салыну, бір нәрсеге құмар болу. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер.

37-қарасөз (үзінді)

  1. Әкесінің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың.
  2. Өзің үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың.
  3. Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық; сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық.

3-тапсырма: Сұрақ-жауап

Ұлы философ Аристотельдің қандай сөзінен кейін Ескендір қаланы шаппай, әскерін алып кетеді? Бұл Абайдың қай шығармасынан үзінді?

Жауап

Әлемді түгел көрсе де,

Қызығын қолмен бөлсе де,

Қайғылы күні қабірі,

Қазалы күйге түссе де,

Өмірге тоймас азамат!

Аристотель адам баласы тіршілікте «алуға тоймайтынын», ажал жетіп, топырақ жапқанда ғана ешнәрсенің қажеті болмайтынын айтады. Осыдан кейін Ескендір ойланып, әскерін алып кетеді. Бұл — Абайдың «Ескендір» поэмасынан.

Қосымша ойын: «Жалғасын тап» — екінші топ бір шумақ оқиды, қалғандары өлеңнің атын табады.

4-тапсырма: «Әсемпаз болма әрнеге…»

I топ

«Ескендір» поэмасынан үзінді

II топ

«Болыс болдым, мінеки» шығармасынан үзінді

5-тапсырма: «Әнді сүйсең менше сүй…»

Абай әндерін орындау арқылы ақын мұрасының әуездік әлемін сезіну.

6-тапсырма: Ойшыл туралы ойлар

«Абай қазақ тарихының биік шыңына жалғыз дара шыққан тау ағашы сияқты.»
М. Әуезов
«Әрбір ұлы ақын тәрізді Абайдың ұлылығы сол — ол қай әдебиеттен үйренсе де, жалаң шәкірт болып қалмай, данышпан ұлттық ақын болды.»
З. Ахметов
«Абайдың қасиеті — ол өткен заманның ақыны емес, бүгінгі заманның ақыны. Абайдың әдебиеттегі өсиеті — шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, Отанды сүю…»
Ғ. Мүсірепов
«Абай — әлемдік әдебиеттен белгілі орын алған кемеңгер ойшыл; адам баласын шындыққа, игілік іске, еркіндікке шақырған ұлы ақын.»
Ә. Марғұлан

7-тапсырма: «Болмасаң да ұқсап бақ…»

Оқушылар Абай туралы жазылған өлеңдерді оқиды.

8-тапсырма: «Абайды іздеу»

Абайға арналған ақын-жазушылардың өлеңдерінен үзінділер оқу.

Қорытынды ой

1-жүргізуші

Қазақтың ұлы ақыны, терең ойшылы, үлкен ғалымы, қоғам қайраткері Абайды оқып білу, әсіресе оның ғылым, өнер, еңбек туралы айтқан асыл сөздерін қадірлеп, ардақтау — біздің міндетіміз.

2-жүргізуші

Абай өмірін оқытуда өнегелі тәрбие беретін қырлар өте көп. Халқымыздың маңдайындағы жарық жұлдызы — Абай бабаны біз осылайша құрметпен еске аламыз.

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Абайдың асыл сөздерін терең меңгеріп, бойға нәр, ойға қуат алып, оны қазіргі педагогикамен байланыстыра отырып қажетімізге жарату — тәлім-тәрбие жұмысында ұстаздардың басты міндеттерінің бірі.

Қорытынды бөлім: сөз әділқазылар алқасына беріледі.