Конституция сөзінің аудармасы қалай

Сабақтың тақырыбы: «Менің Отаным — Қазақстан»

Мақсаты

  • Әрбір оқушыны еліміздің Ата Заңын құрметтеуге, өз құқықтары мен міндеттерін білуге, әділ шешім қабылдауға және ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дәріптеуге баулу; Қазақстан туралы білімін кеңейту.
  • Құқықтық сауаттылықты арттыру, ойлау және сөйлеу мәдениетін дамыту, қабілеттерін шыңдау.
  • Патриоттық тәрбие беру.

Көрнекілігі

Бүктемелер, мемлекеттік рәміздер, Конституция (Ата Заң), тарихи мәліметтер, суреттер, мультимедиа материалдары.

Сабақтың түрі

Тренинг-сабақ, пікірлесу, сұрақ-жауап, шығармашылық тапсырмалар.

Ұйымдастыру және сабақтың эпиграфы

Ұйымдастыру бөлімі

  • Сыныпты дайындау, оқушыларды түгелдеу, сабаққа назар аударту.
  • Қазақстан Республикасының Әнұранын орындау (бейнеролик).
«…Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа қызмет етуден артық ештеңе керек емес. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…»
Н. Ә. Назарбаев

Негізгі бөлім: Тарих сабақтары және тәуелсіздік құндылығы

Мұғалім сөзі

Биылғы жыл — еліміз үшін мерейлі белестерге толы ерекше кезең. Тәуелсіздіктің мәнін түсіну үшін өткен тарихқа көз жүгіртіп, елдің жетістігін бағалау маңызды.

Көрініс: «Тарих өткелдері»

Немере: Әже, атам үнемі «болашағыңды ойлаймын, өткен өмірді ойлаймын» дейді. Оның өткен өмірі қандай болған?

Әже: Е, балам, атаң да, ата-бабаң да талай қиындық көрген. 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы, 1930–1932 жылдардағы алапат аштық, 1937–1938 жылдардағы жазықсыз жазалау… 1986 жылы тәуелсіздік жолында жастарымыз алаңға шықты. Міне, өткен өмірдің бір белесі осы.

Бірақ біз тәуелсіздікке жеттік, егемен ел болдық. Егемендіктің белгісі — өзге жұртпен тең тұру, жұлдызы мен күші тең болу. Сондықтан, айналайын ұрпағым, елді сүйетін азамат болыңдар, бірлікті сақтаңдар.

Тәуелсіз Қазақстанның нышандары

  • Тәуелсіздіктің нұрлы таңы атты, бодандық бұғауы үзілді.
  • Мемлекеттік рәміздер бекітілді: көк Ту, Елтаңба, Әнұран.
  • Татулық — тұрақтылықтың, тұрақтылық — дамудың тұғырына айналды.

Мультимедиа

«Көк тудың желбірегені» бейнеролигін көру.

Бірлік — тарихтың өзегі

Қазақ хандығының 550 жылдығы — ұлы дала шежіресінің жарқын беттері. Тарихымыздың қай кезеңіне көз салсақ та, бірлік идеясы алдыңғы қатарда. Қазақ әлсіресе — алауыздықтан, күшейсе — бірліктен күшейген. Бірлігі бар елді ешкім жеңе алмаған.

Ата Заң: ата-баба аманаты

Конституцияның тарихи сабақтастығы

Кешегі Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» — бүгінгі Конституциямыздың тарихи негізі, құқықтық мұрагері. Тәуелсіз елдің алтын діңгегі — халқымыздың құқығы мен еркіндігін айқындайтын Ата Заң.

Ұғымы

«Конституция» сөзі латын тілінен аударғанда «құрылым» деген мағынаны білдіреді. Қазақша мәні — ел мен мемлекеттің тірегі, басқару тетігі.

Конституция нені қамтиды?

1) Құрылыс

Мемлекеттік және қоғамдық құрылыс негіздері.

2) Құқықтық мәртебе

Адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары, міндеттері.

3) Институттар

Мемлекеттік органдар жүйесі және олардың қызметі.

Адам дүниеге келген сәттен бастап, оның өмірі мен денсаулығын, тыныштығы мен қауіпсіздігін мемлекетіміздің Ата Заңы қорғайды.

Қазақстан — ортақ үйіміз: «Мәңгілік Ел» идеясы

Ұлттық идеяның өзегі

Еліміздің темірқазығы болатын идея терең тарихтан бастау алып, бүгінгі күннің мұраттарына сай болуы тиіс. Түркі жұртының мұраты — «Мәңгілік Ел». Бұл ұғымға бабалардың арманы, бүгінгі елдің бағыты және болашақ ұрпақтың биік мақсаттары тоғысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы

1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың бірегей үлгісі — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп келеді, Ассамблея құрамына жүздеген этномәдени бірлестік біріктірілген.

Іс-әрекет

«Би терапиясы» бойынша бейнеролик көру.

Интерактив: «Кездейсоқ микрофон» сұрақ-жауап

I топқа сұрақтар

  1. «Конституция» сөзінің аудармасы қандай? (құрылым)
  2. Қазақстан Республикасында мемлекет билігінің бірден-бір бастауы кім? (халық)
  3. «Жеті жарғыны» қабылдаған қазақ ханы кім? (Тәуке хан)
  4. Мемлекеттің бас құжаты қалай аталады? (Конституция)
  5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары кімдер? (Ш. Уәлиханов, Ж. Мәлібеков)
  6. Дүниежүзіндегі тұңғыш Конституция қай жылы қабылданды? (АҚШ, 1787)
  7. «Бала құқықтары туралы конвенция» қашан қабылданды? (1989 ж. 20 қараша, БҰҰ Бас Ассамблеясы)

II топқа сұрақтар

  1. Егемендік алғаннан кейін Қазақстанда Конституция қанша рет қабылданды? (2 рет: 1993 ж. 28 қаңтар; 1995 ж. 30 тамыз)
  2. Республикадағы жоғары заң шығарушы органды атаңыз. (Парламент)
  3. Қазақстан өзін қандай мемлекет ретінде орнықтырды? (демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік)
  4. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге қашан айналымға енді? (1993 ж. 15 қараша)
  5. Қазақстанның жаңа Әнұраны қашан қабылданды? (2006 ж. 6 қаңтар)
  6. ҚР Конституциясы неше бөлімнен, неше баптан тұрады? (9 бөлім, 98 бап)
  7. Еліміздің мемлекеттік тілі қандай? (қазақ тілі)

Ойын: «Адасқан әріптерді орнына келтір»

1) ЕКОНЮС

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы. (ЮНЕСКО)

2) АТКРЕДИЯМО

Халық еркі немесе билігі. (демократия)

3) ЕНТЕЗПРИДЕ

Мемлекет басшысы. (президент)

4) УАТРА

Айырбас үшін арнайы өндірілетін өнім. (тауар)

5) АТТӨЛЖҰҚ

Азаматтықты куәландыратын құжат. (төлқұжат)

6) РПАЕЛМАНТ

Заң шығарушы орган. (парламент)

Болашаққа сапар: Ұлт жоспары — 100 нақты қадам

Елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу рәсімінде алдағы уақытта мемлекеттік құрылысты жүйелі жаңғыртуға бағытталған Ұлт жоспарын ұсынатынын атап өтті. Кейін бұл бастама «Ұлт жоспары — 5 реформа, 100 нақты қадам» атауымен көпшілікке ұсынылды.

Бұл жоспар — жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап қана емес, сондай-ақ Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына бағытталған нақты бағдар. Негізгі ұстаным — мәселенің сыртқы белгісін ғана «сылап-сипап қою» емес, оны жүйелі түрде емдеу, яғни қоғам мен мемлекетті түбегейлі жаңартуға негіз қалау.

I

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру

II

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету

III

Индустрияландыру және экономикалық өсім

IV

Біртектілік пен бірлік

V

Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру

Музыкалық үзіліс

«Қазақ елі» әні.

Қорытынды: Бірлік бар жерде — береке бар

Негізгі ой

Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын белес жоқ. Тегі басқа болғанымен — теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен — жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналу — тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігі.

Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел байлаған азаматтарды бір тағдыр күтеді.

Елдік формула

Бір халық
Барлығымыз үшін ортақ мүдделер.
Бір ел
Барлығымыз үшін ортақ Отан.
Бір тағдыр
Біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер.

Хормен айтылатын ұран

I топ: «Қазақстан — …»

II топ: «… біздің болашағымыз!»

III топ: «… соғып тұрған жүрегіміз!»

Қорытынды сөз

Қазіргі заман — білімділер заманы. Сондықтан оқы, білім ал, еліңе адал қызмет ет. Зор болашақ бүгіннен басталады. Осымен білім күніне арналған сабағымыз аяқталды.