Жұп дауысты дыбыстар ата

Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтиже

Сабақтың негізгі мақсаты — оқушылардың білімін тереңдету, қайталау және пысықтау. Топтық және жұптық жұмыс арқылы өз пікірін еркін айтуға, өздігінен ізденіп, сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік беру. Сонымен қатар сөздік қорын молайтып, тіл байлығын арттыру, ой-өрісін кеңейту, жан-жақты ойлау қабілетін дамыту көзделеді.

Тәрбиелік мақсаты: ұйымшылдыққа, ізденімпаздыққа баулу және шығармашылықпен жұмыс істеуге үйрету.

Көрнекіліктер

  • Тірек сызбалар
  • Жұмбақтар, сөзжұмбақ
  • Қима қағаздар, перфокарта

Сабақ форматы

Түрі
Жарыс сабақ
Типі
Қайталау
Әдісі
Қызығушылықты ояту

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

А) Сәлемдесу

Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз,
Сәлем бердік сіздерге
Құрметпенен біз.

Ә) Психологиялық дайындық

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені —
Болашағым, бақытым, қазақ тілім.

Оқушылардың назарын сабаққа аударып, тақтадағы мақал оқылады.

II. Ой қозғау

«Бірлік болмай, тірлік болмас»

Мақалдың мағынасы талқыланып, сабақтағы барлық тапсырмалар бірлесе орындау қағидасымен жүргізілетіні айтылады.

Топқа бөлу

Сабақ екі топ арасында жарыс түрінде өтеді.

Ортақ тілек

«Тілейміз сәттілік, жеңіп шықсын бірлік.»

I топтың ұраны

Қазақ тілін мақтаймыз,
Ереженің барлығын
Есімізге сақтаймыз.

II топтың ұраны

Бұл сайыста болма бос,
Біліміңе білім қос.

III. Қызығушылықты ояту: сөзжұмбақ

Оқушылар төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы сөзжұмбақты шешеді:

  1. 1Дүниедегі ең асыл да қымбатты адам кім?
  2. 2Ананың аяулысы кім?
  3. 3Елордамыз қай қала?
  4. 4Түнді жарық ететін не?

Нәтиже

Жауаптардан «Абай» сөзі шығады. Абайдың кім екені, қандай өлеңдері бар екені туралы қысқаша әңгіме жүргізіледі.

Абай Құнанбайұлы — «Қыс» (үзінді)

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Қыс мезгілінің бірінші айымен байланыстыра отырып, өлең мазмұны талданады.

IV. «Аққала соғу» ойыны: өткенді еске түсіру

Оқушылар сұрақтарға жауап беру арқылы білімдерін «қар кесегі» сияқты толықтырып, аққала құрастырады.

  • Қазақ әліпбиінде неше дыбыс, неше әріп бар?
  • Дыбыстардың екі тобын ата.
  • Дауысты дыбыс қалай айтылады?
  • Дауыссыз дыбыстарды неше топқа бөлеміз?
  • Қай дыбыс екі топқа да ортақ?
  • Я, Ю қандай дыбыстар?
  • Заттың атын білдіретін сөздер қандай сұрақтарға жауап береді?
  • Қандай сөздер бас әріппен жазылады?
  • Ауызекі тіл және жазбаша тіл дегеніміз не?
  • Жұп дауысты дыбыстарды ата.
  • Сөйлем дегеніміз не?
  • Мәтін дегеніміз не?
  • Заттың санын, ретін білдіретін сөздер қандай сұраққа жауап береді?
  • Мәтін түрлерін ата.
  • Дыбыс дегеніміз не? Әріп дегеніміз не?

V. Оқулықпен жұмыс

2-жаттығу

«Аймақ құрастыру» тәсілімен орындалады: әр топ мүшесі үстел үстіндегі қима қағаздардың бірін таңдап, сол сөзге қатысты білетінін топтастырып жазады және қорғайды.

VI. Дәптермен жұмыс

Дәптерімізді ашайық,
Қолға қалам алайық,
Түп-түзу боп отырып,
Көркем етіп жазайық.

Көркем жазу

Ққ, Кк

Құрақ, жапырақ, көлік, терек, күз

3-жаттығу

Төмендегі сөздердің соңына ы немесе і әрпінің тиістісін қосып жазу.

I топ

добы, мектеп

II топ

қолғап, есеп

Әрі қарай берілген сөздермен сөйлем құрастырып жазу.

VII. Сергіту сәті

Аспанға қарап ай көрдік,
Төменге қарап жер көрдік.
Оңға, солға бұрылып,
Егеменді ел көрдік.

Алдағы мереке

16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні. Оқушылар мерекеге арналған өлеңдерін оқиды.

1-оқушы

Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Жұртым менің не қиындық көрмеді?!
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.

2-оқушы

Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О, тәңірім, бізді баққа жолықтыр.
Бүгін, міне, Тәуелсіздік, ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр.

VIII. Шығармашылық тапсырмалар

1) «Жұлдызды сағат» ойыны

Сөзден сөз құрау.

I топ

Қазақстан

II топ

Астана

2) Дыбыстық талдау

Берілген сөздерге дыбыстық талдау жасау.

I топ

қоян, дәптер

II топ

кітап, шаңғы

3) «Бес жолды өлең»

Тақырып бойынша бес жолды өлең құрастыру.

I топ

торғай

II топ

гүл

4) «Шырша безендіру» ойыны

Нөмірленген шарларды алып, сұрағына жауап беріп, шыршаға іледі. Шарлардың артында әріптер берілген. Ойын соңында «Жарайсыңдар» сөзі шығады.

IX. Бағалау

Әр топтың дұрыс жауаптары үшін берілген жұлдызшалары саналып, жеңімпаз топ анықталады. Оқушылардың белсенділігі мен жауаптарының толықтығына қарай бағаланады.

X. Үй тапсырмасы

Тапсырма

  • Ережелерді қайталау
  • 6-жаттығуды орындау

Қорытынды ой

«Бірлік болмай, тірлік болмас» мақалын басшылыққа ала отырып, оқушылар қазақ тілі пәнінен алғырлығы мен жүйріктігін көрсетті.

Қазақ тілден өтті білім сынағы,
Қазақ тілің ережеден тұрады.
Әр белгіні танып, бәрін айырып,
Сауатты да озат болдық қырағы.