Пайдаланушылар қуанышына орай ондай - ондай ғаламторлық әлеуметтік желілер күн санап көбею үстінде
Әлеуметтің әлегі: ғаламторланудың ғажаптары
Жуырда достар мессенджер арқылы Instagram желісінде @balgynbek_imash аккаунтында жарияланған мына ойды бөлісті:
«Қазіргі интернетте “Көк китпен” ойнап жүрген балаларды естіп, ауылда интернетсіз, сабалақ көк итпен ойнап өскен балалық шағыма шүкіршілік етемін. Үйде ойыншыққа таласып шулап кетсек, әке-шешеміздің қабағымен бір қарағанына бәріміз “тихий дом” болатынбыз. Жаздыгүні “разбуди меня 04:20” демесең де, таңғы төрт жарымда борбайыңнан суырып алып, көк итке қосақтап, қойдың кезегіне қоя беретін. Содан өліп қалған бала көрген жоқпын. Қазіргілердікі — еріккендік. Баладан бұрын ата-анасын тәрбиелеу керек. Басқа алып-қосар жоқ».
Расында, бүгінде ғаламторсыз, әрі оның ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желілерсіз күн көру қиындап бара жатқандай. Жұмыста отырып та, үйде жастық жастанып жатып та керекті ақпаратты жаһандық желіден тауып, көшіріп, өңдеп, пайдаға жаратып жүрміз. Ыбырай Алтынсаринше айтсақ, «ақ тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» дәуіріне келдік.
Браузерлер мен сан алуан веб-сайттар көз ілеспес жылдамдықпен ақпарат таратады. Бірақ сол ақпараттың ішінде пайдалысы да, пайдасызы да, дұрысы да, бұрысы да, сыпайысы да, анайысы да қатар жүреді. Ең керегі — соны екшейтін ояу көкірек пен сау сана.
Оқушы және “дайын мәтін” әдеті
Мектепте білім алып жүрген оқушылардың да ғаламторға байланып қалғаны байқалады. Тапсырылған жазбаша жұмыстарды кейде дәлме-дәл, кейде нобайлап интернеттен ала салады. Бұрынғыдай кітапханада отырып, қажетті мәліметті іріктеу, салыстыру, ой қорыту дағдысы бәсеңдегендей.
Тақырыптық реферат, баяндама, шығарма мәтіндерін көшіріп алып, өңдемей-өзгертпей сол күйінде өткізу жиілеп барады. Бір сөзбен айтқанда, “дайын асқа тік қасық” мінез қалыптасып келеді. Мұны тоқтататын талап пен бақылау кейде бар, кейде жоқ.
Әлеуметтік желі: қызық та, қауіп те
Ата-ана мен мұғалімді көбірек алаңдататыны — әлеуметтік желілер. Тіркелу рәсімін толтырған соң, кейбірі соған байланып, тіпті “сонда тұратындай” күйге жетеді. Байланыссын, хабарлассын — ол дұрыс. Бірақ шамадан тыс әуестік күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады.
Әлеуметтік желіде аңғалдық опық жегізетін жағдайлар да кездеседі. Кейде сөздің шектен тыс айтылуы кикілжіңге ұласып, арты ұрыс-керіске айналып кетеді. Оқушы сабақ оқып отырғандай кейіп танытып, жасырын түрде желіге кіріп отырады: ойы шашырайды, жүйелі білім орнықпайды, қажет кезде абдырап қалады.
Түннің бір уағына дейін желіде отырып, ұйқыны бөліп, таңғы сабаққа кешігу, тіпті бармай қалу да — сирек емес көрініс. Одан бөлек, кейбіреулер желіні арам пиғылына пайдалануы мүмкін: педофилдер, алаяқтар, экстремистік ағым өкілдері және өзге де қауіпті элементтер үшін әлеуметтік желі оңтайлы құралға айналып отырғаны да жасырын емес.
Пайдасы бар тұстар
Дегенмен әлеуметтік желінің күнделікті тірлікке берер пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Сол арқылы табысқан жандар кездесіп, тіпті шаңырақ көтеретін сәттер де болады. Алыстағы туған-туыс, жора-жолдас хабарласып, араласады. Пайдалы файлдармен алмасады. Айта берсек, игілігі де аз емес.
Камера, “контент” және жауапкершілік
Қазір ұялы телефон камерасына түсіруге әуес оқушылар түсіргенін ғаламторға жүктеп, әлемге тарата салады. “Атың шықпаса, жер өрте” дейтін әдеттің жаңаша түрі сияқты.
Өкініштісі, кейде ұнамды көріністер емес, жаға ұстатарлық жағдайлар жарияланады: аяусыз ұрып-соғу, жабылып мазақтау, мұғалімді қасақана ашындыру. Мұндайға келгенде бір-ақ ауыз сөз айтылады: абай болайық.
Бегімхан Керімханұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі