Өткен шақ
Сабақтың тақырыбы
Етістіктің шақтарын қайталау
Сабақтың түрі
Қайталау сабағы
Сабақтың көрнекілігі
Интерактивті тақта, сызбалар, слайдтар
Сабақтың әдістері
- Сұрақ-жауап
- Салыстыру
- Тест
- Топпен жұмыс
- Сыни тұрғыдан ойлау
Мақсаты
Етістік бойынша алған білімдерін нығайту, тиянақтау, жүйелеу және қорыту. Оқушылардың білім-дағдыларын қалыптастыру, білім деңгейін саралау. Сөйлем ішінен етістікті тауып, оған сұрақ қоюға үйрету.
Міндеттері: білімділік
Етістіктің шақтары бойынша алған білімдерін жинақтау және тиянақтау.
Міндеттері: дамытушылық
Өз бетінше салыстыру, ой қорыту, мысал арқылы дәлелдеу дағдыларын арттыру; шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Міндеттері: тәрбиелік
Етістіктің шақтарының табиғатын терең түсініп, оны орынды қолдана білуге тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже
- 1 Оқушылардың қайталау материалын толық меңгеруі.
- 2 Оқушы санасында білімнің қорытылып, жаңа теориялық тұжырымдардың қалыптасуы.
- 3 Берілген білімді бекітіп, оны практикада қолдана алуы.
Сабақтың жүру барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Оқушыларды үш топқа бөліп отырғызу.
- Үш шақта берілген мақалдар бойынша топтасу: әр топ мақалды оқып, не себепті сол топқа түскенін түсіндіреді.
Өткен шақ
Ата-ананың ақылы — сайрап жатқан жолмен тең. Ақылдының ақылы — сарқылмайтын көлмен тең.
Осы шақ
Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады.
Келер шақ
Атадан жақсы туған ұл атаның есіктегі басын төрге апарар. Атадан туған жаман ұл атаның төрдегі басын есікке апарар.
Үй тапсырмасын тексеру
166-жаттығу: «Келер шаққа мен де арман, сенім артамын» тақырыбында ой-толғау жазу.
Қызығушылықты ояту
Бүгінгі сабағымыз ерекше: біз өткенді қайталап, тақырып бойынша алған білімімізді көрсетеміз. «Біліміңді байқап көр» тапсырмасы интерактивті тақта арқылы орындалады.
1) Етістіктің шақтары дегеніміз не?
2) Шақтың қандай түрлері бар?
3) Осы шақ дегеніміз не?
4) Нақ осы шақ қалай жасалады?
5) Ауыспалы осы шақ пен ауыспалы келер шақтың ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?
6) Келер шақ деген не? Түрлерін ата.
7) Келер шақ қалай жасалады?
8) Өткен шақтың қандай түрлері бар? Жасалу жолын түсіндір.
Мағынаны тану: «Ойлан, бірік, бөліс»
Топпен жұмыс: әр топ «Осы шақ», «Өткен шақ», «Келер шақ» тақырыптары бойынша постер дайындап, қорғайды.
Тапсырма: Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» жолдауынан үзінділерді оқып, етістіктің шақтарын табыңыз және постерде дәлелдеңіз.
Осы шақ тобы: үзінді
Бүгін бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
Дағдарыс жағдайларында экономикалық саясатты қайта бағдарлау жүріп жатыр.
Бүгін алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы жол — Жаңа экономикалық саясаты» туралы жариялаймын.
Бейбітшілік пен тұрақтылық — күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпы халықтық жетістік.
Мен «жастар — біздің болашағымыздың тірегі» дегенді әркез айтып келемін.
Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр.
«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр.
Өткен шақ тобы: үзінді
Үкімет 2007–2009 жылдары дағдарысқа қарсы табысты шараларды қолға алған болатын.
Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады.
Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіруден түскен табысты біз Ұлттық қорға салып келдік.
Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.
Тәуелсіздігіміздің даму даңғылын «Нұрлы жолға» айналдырдық.
Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз Түркі жұртының мұраты — «Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған.
Келер шақ тобы: үзінді
Алысты жақын ету — Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.
Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 жұмыс орны құрылады.
«Нұрлы жол» — креативті, ырғақты жастарымыз күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұс болар.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.